Кеше Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының басшысы Тедрос Гебрейесус COVID-19 пандемиясының ресми түрде аяқталғанын мәлімдеді. Бүкіләлемдік пандемия 3 жыл, 1,5 айға созылды. Осы уақыт ішінде әлемде 20 миллионнан астам адам қаза тапты.
Індет Қазақстанды да айналып өткен жоқ. ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, Қазақстанда коронавирустан 13 848 адам қаза тауып, 1 411 883 адам індеттен емделіп шыққан.
Індет 2020 жылдың наурызында басталды. ДДСҰ 2020 жылдың наурызында бүкіләлемдік пандемия жариялады. Қазақстанның құзырлы билігі де едел-жедел шаралар қабылдап, арнайы ведомствоаралық комиссия құрды. Коронавирустық пандемияның қалай өткенін күллі Қазақстан халқы жақсы біледі. Әуелде, індеттілерді жекелеген карантиндерге қамады. Кейін еліміздің ірілі-ұсақты қалаларында арнайы емдеу орталықтары мен инфекциялық ауруханалар салына бастады. БАҚ-тағы ашық дереккөздер мен ҚР ДСМ келтірген ақпаратқа сенсек, елімізде 16 модульді инфекциялық аурухана салынып, 63 амбулаторлық емханалар жөндеуден өткізілген.
Дәл осы індеттен есім-сойлары елге белгілі бірқатар азамат қаза тапты. Індет әлем елдерінде түрленіп тарап жатты. Сан түрлі штамдары пайда болды. Осы кезде шетелдік және отандық ғалымдар екпе әзірлей бастады. Қазақстан ғалымдары әзірлеген «QazVac» вакцинасы елімізде және алыс-жақын көрші елдерге жеткізілді. Отандық вакцинамен қатар Ресейдің, Қытайдың және АҚШ-тың вакциналары кеңінен қолданылды.
ҚР ДСМ ұсынған 2023 жылдың наурызындағы мәлімет бойынша елімізде 10 миллионнан астам адам екпе салдырған.
Ал осы 3 жылда Қазақстан билігі індетпен күреске қанша қаражат жұмсады? ҚР ДСМ ұсынған мәліметтерге сүйенсек:
2021 жылы – 253 млрд теңге жұмсалған.
Оның: 28 млрд теңгесі дәрі-дәрмек, қорғаныс заттары мен медтехникаларды сатып алуға жұмсалған. Тағы 197 млрд теңгесі медқызметкерлерге үстемеақы төлеуге, іс-сапарлық шығындар мен СЭС қызметкерлеріне төленген. Қосымша 20 млрд теңге халыққа медициналық көмек көрсетуге, оның 5 млрд теңгесі өкпенің жасанды тыныс алу аппараттарын сатып алуға жұмсалған.
2021 жылы – 556 млрд теңге жұмсалған.
97 млрд теңге – вакцина, өкілдер сатып алу мен КВИ диагностикасына жұмсалған. 413 млрд теңге – дәрігерлерге үстемеақы төлеуге, іс-сапар шығындарына жұмсалған. 40 млрд теңге – Медсақтандыру қорынан науқастарды ауруханаларда емдеуге жұмсалған.
2022 жылы – 86 млрд теңге жұмсау жоспарланған.
Оның: 9 млрд теңгесі – «Vero Cell» және «QazVac» вакциналарын сатып алуға жұмсалған. Тағы 20 млрд теңгесі 2021 жылы «Pfizer» вакцинасын сатып алғаны үшін «СК-Фармациияға» берілген төлем.
2023 жылғы бюджет шығыны жайлы қандайда бір ақпарат жарияланбаған.
Mezgil.kz