Орталық Азия елдері Ресейдегі саяси жағдайдың құбылмалы күйге түскенін біледі. Ресей билігі ішкі тұрақтылықты ұстап тұруға қабілетті, алайда сыртқы саясатта өзінің ықпалын азайта бастады дейді Батыстық сарапшылар. КСРО ыдырағаннан кейін Ресей Кавказ аймағы мен Орталық Азиядағы ықпалын ұстап қалу үшін барын салды. Түрлі экономикалық және әскери ұйымдар құрды, мемлекетаралық келісімдер жасады, мәдени және тарихи даталармен байланысты күшейтуді ойлады. Алайда әлемдегі геосаяси жағдай өзгеруде. Ресейдің агрессиялывқ саясаты Мәскеуге кері эффект беруде.
Орталық Азияда жаңа ойыншылар пайда болды. О баста аймақтың бай ресурстық базасына қызығып, инвестиция құяған мемлекеттер ендігі таңда аймақта өз ықпалын күшейтуге ниетті. Қазіргі таңда аймақта Түркияның, Қытайдың және АҚШ пен Еуропаның ықпалы артуда. Аймақ елдеріне ең жақыны Қытай және шекаралас орналасқан.
Қытай Орталық Азия елдерін логистика мақсатында қолдануда. Қазақстан аймағы арқылы Каспийге шығып, Еуропаға тағы бір жолды салуда. Қытай-Қырғызстан-Өзбекстан темір жолының құрылысын бастады. Бұның барлығы дерлік Ресейді аймақтан ысырып, экономикалық үстемдігін күшейту амалдары.
Күні кеше ғана Мәскеуде өткен әскери шеруге Орталық Азия басшылары тұтас қатысты. Алайда ол жиын айтарлықтай нәтиже бермеді және «Путин сыртқы саясатта жалғыз қалмады» деген медиалық месседж үшін ғана жасалған шара болатын. Орталық Азия басшылары Мәскеу сапарынан келе сала, араға бір апта салып Қытайға аттанады. 16-20 мамыр күндері Қытайда «Орталық Азия және Қытай» форумы өтеді. Онда аймақ елдерінің Қытаймен байланысын күшейту мәселесі талқы болып, бірқатар құжаттарға қол қойылмақ.
«Қытай Халық Республикасы төрағасы Си Цзиньпиннің шақыртуы бойынша Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев, Қырғызстан президенті Садыр Жапаров, Тәжікстан президенті Эмомали Рахмон, Түркіменстан президенті Сердар Бердымұхамедов және Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиёев 16-20 мамыр аралығында Қытайға мемлекеттік сапармен келеді», — дейді Қытайдың СІМ арнайы өкілі.
«Орталық Азия және Қытай» саммиті 18-19 мамырда, Сиань қаласында өтпек. Батыс сарапшылары Қытай ұрымтал сәтті пайдаланып, ОА-дағы өз ықпалын арттыра түседі, ал Ресей оған қарымта жауап қайтаруға қауқарсыз деген ойда.
Mezgil.kz