Ресей-Беларусь одағы: Тоқаев нені меңзеді?

Бүгін Мәскеуде «Көпполярлы әлемдегі еуразиялық интеграция» атты Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің отырысы өтіп жатыр. Оған Президент Қасым-Жомарт Тоқаев, Ресей Президенті Владимир Путин, Беларусь Президенті Александр Лукашенко, Қырғызстан Президенті Садыр Жапаров қатысуда, ал Қытай Халық Республикасының Төрағасы Си Цзиньпин бейнебайланыс режимінде сөз сөйлейді.  


WhatsApp Image 2023-05-25 at 12.09.25.jpeg

Ресей президенті «Батыс елдері біздің серіктестерімізді бізден аластағысы келеді. Арамызға от салып, жанжалдастырғысы келеді. Бұның кері әсері өздеріне тиетінін де білмейді», -деп сөз сөйледі. 


«Батыстағы қарсыластарымыз Еуропадағы энергия ресурсының дағдарысы туралы көп айтады. Бірақ сол дағдарысқа кім кінәлі? Иә, дағдарыс болды. Қазір ол жақтағы энергия тасымалдаушылар бағасы тұрақталып келеді. Бірақ болып жатқан осы қиындықтарға кім кінәлі? «Бірінші Солтүстік ағынды» жарып жіберді, «Екінші Солтүстік ағынды» ашпай қойды. 


Польша арқылы тасымалданатын Ямал-Еуропа газ бағытын Польша жауып тастады. Біз тоқттаттық па соның бәрін? Жоқ. Олар тоқттатты. Украина арқылы өтетін екі газ құбырының бірін Украина жапты. Біз ештеңені жаппадық»,-деді Путин өзінің Украинаға басқыншылық соғыс жасап отырғанын еш мойындамастан. 


Сүттен ақ, судан тазамыз деген Ресей президентінің сөзін қостай сөйлеген Белорусь басшысы Лукошенко «Мұңаймаңыз, Владимир Владимирұлы. Қалыптасқан жағдайға бола Ресей еңсесін түсірмеуі керек. Ресей ШЫҰ мен БРИКС ұйымдарының дамуына үлкен үлес қосып, тіпті адамзат баласы армандаған бірлікке қол жеткізетін локоматив болуы мүмкін»,-деді Лукошенко. Ол үнемі Ресейдің жанынан табылатынын айтты. 


Қазақстан  президенті Тоқаев «бірігіп, кірігіп кеткен» Ресей мен Белорустің идеясынан ада екенімізді өз сөзінде жеткізді. Біздің ойымыз «бір Ресейдің төңірегіне жиналу емес, тек экономикалық мақсатта тең құқылы одақтас болу» дегенді айтты өз сөзінде. 


«Экономикалық интеграция түпкі мақсат емес. Бұл тек ұйымға мүше мемлекеттердің экономикасын дамытудың және халықтарының әл-ауқатын жақсартудың бір құралы екенін түсіну маңызды.


Сондықтан экономикалық интеграцияның жетістігі стратегиялар, келісімдер және шешімдердің санымен емес, керісінше, жаңа өндірістер, технологиялар және жұмыс орындарымен бағаланады.


Біз үшін, 2015 жылғы шартта көрсетілгендей, ЕАЭО аясындағы интеграция, ең алдымен, экономикалық сипатқа ие»,-деді мемлекет басшысы. 

Тоқаев Одақтың тұжырымдамалық және идеологиялық негізі туралы былай деді: 


«Өте бір нәзік тақырып бар. Оны тұжырымдама шындығы немесе біз ескеруіміз керек ерекшелік десек болады. Бұл Еуразиялық экономикалық одақ шеңберінде Беларусь пен Ресейдің одақтастасуы. 


Одақтың тұжырымдамалық және идеологиялық негізі өте маңызды. Беларусь пен орыс халқының тарихи қалыптасуы, мәдени, тілдік, діні ортақ. 


Біздің ЕАЭО-да одақтас мемлекеттер бар, яғни әлемдік саяси тарихта бірегей прецедент немесе феномен аталады. Ол ортақ саяси, заңдық, әскери, экономикалық, валюталық, мәдени, гуманитарлық кеңістігі бар, одақтас үкіметі бар, одақтас парламенті бар "екі ел – бір мемлекет" формуласы бойынша мемлекеттер. Кешіріңіз, тіпті ядролық қарудың өзі екі елге ортақ.  


Бірақ Қазақстан, Қырғызстан және Армения ұсынған интеграцияның жөні бөлек. Бізбен санасу керек. Бұл жағдайда қалай бірге жұмыс істейміз? Менің ойымша, осы мәселені талқылауымыз керек»,-деді Тоқаев. 


Мемлекет басшысы о баста келісілген одақты дамытудың төрт негізін еске  салды:  ешкімді алаламай инфрақұрылымға қол жеткізу, әділ бәсекелестік, теңдік және ұлттық мүдделерді есепке алу. 


«Қазақстан осы қағидамен ғана одақта жұмыс істейтін болады»,-деді президент.


Осыған байланысты біз «Usbanov arnasy» телеграм арнасында жедел сауалнама жүргізген едік. Респонденттерге: «ЕАЭО керек пе?», - деген жалқы сауал қойдық. 

Сауалнамаға 504 адам қатысты. Олардың 89 пайызы (448 адам): «ЕАЭО-ның бізге мүлде керегі жоқ», деп жауап берген. Ал респонденттердің 9 пайызы (44 адам): «ЕАЭО-ның алғышарттарын қайта қарастыру керек», - деп есептейді. Сауалнамаға қатысушылардың тағы 2 пайызы (12 адам): «ЕАЭО дәл қазір бізге керек», - деп жауаптаған. 


Жедел сауалнама қорытындысын басшылыққа ала отырып айтпағымыз: Бізге ЕАЭО керек пе? Дәл қазіргідей формадағы одақтың керегі жоқ. Неге? Ресей президенті Владимир Путин мен Белаусрь басшысы Александр Лукашенконың ойы ЕАЭО-ны КСРО-ға айналдыру екені бесенеден белгілі. Оның басы - Ресей мен Беларусьтің, Путин мен Лукашенконың «Одақтас республикасы». Яғни, қазірдің өзінде Ресей Беларусьті 28 пунктен тұратын келісім арқылы соғыссыз жұтты. Одаққа мүше өзге елдерді де осы формаға көндіру - Кремльдің түп мақсаты.


Оны кеше президент Тоқаев та айтыпты. Иә, Ресеймен алыс-беріс, барыс-келісті мүлде тоқтата алмайсыз. Географиялық орналасуымыз солай. Бірақ, оны қандай да бір астыртын саяси мақсаты бар, монополиялық немесе доминат басымдыққа ие, тырнақшаның ішіндегі экономикалық одақ шеңберінде емес, тең құқылы һәм тең дәрежелі дербес экономикалық саясат негізінде жүргізуге болады. Тіпті, одақ шеңберінде экономикалық қарым-қатынас жүргізу қажеттілігі бар десек, ЕАЭО-ның шарттарын қайта қарастыру керек. Өйткені, қазіргі одақ - тең пайлады емес! 80 пайыздан көбі Ресей қалтасына жұмыс жасауда. Оны анау жолы Армения да, оның алдында Беларусь те, қайсыбір жолы Қырғызстан да айтты. ЕАЭО қазір біз үшін қызыл шығын. Және саяси сипаты күн сайын ашыққа шығып келе жатыр.


Mezgil.kz



Ұқсас тақырыптар