ЕАЭО - КСРО: Одақтастар Ресейді асырап отыр!

«ЕАЭО органдарында әрі қарай даму үрдісі талқыға түсуде. Еуразиялық жоба экономикалық негізде дамуға тиіс деп есептейміз», - деді Премьер-Министр Әлихан Смайылов Ресейдің Сочи қаласында өткен Еуразиялық үкіметаралық кеңестің кеңейтілген құрамдағы отырысында.

1686305380689685.jpg

Бұл жиында Үкімет басшысы Қазақстанның ЕАЭО елдерімен тауар айналымы 12%-ға өскенін айтып, әрі еліміздің Өзбекстанмен Халықаралық өнеркәсіптік ынтымақтастық орталығын, Қырғызстанмен сауда-логистикалық кешенін құру жоспарымен бөлісіпті.


«Біз өңіріміздің транзиттік әлеуетін дамыту үшін күш-жігер жұмылдыруға дайынбыз. Мұның бәрі ЕАЭО елдерінің экспорттық географиясын кеңейтіп, біздің экономикалық мүмкіндіктерімізді нығайтады», - деді Үкімет басшысы.


Дегенмен, Еуразиялық экономикалық одақтың Қазақстанға келіп-кетер пайдасы жоғын, тіпті шығынға батырып жатқанын сарапшылар талайдан бері айтып жүр.


ЕАЭО бар жерде Қазақстанның нарығы Ресейге тәуелді. Сыртқы нарыққа шикізатын өздігінен шығара алмай, ішкі және сыртқы нарықта бәсекелестікке қауқарсыз болып отыр.


Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, 2022 жылы Қазақстан Республикасының ЕАЭО елдерімен тауар айналымы 28 311,2 млн АҚШ долларын құраған. 2022 жылғы қаңтар-желтоқсанда тауар экспорты 9 709,8 млн АҚШ долларын, импорт-18 601,4 млн АҚШ долларын құрады.


Қазақстан Республикасының ЕАЭО елдерімен сыртқы сауда айналымында Ресей Федерациясы 92,3%-ын,  Қырғызстан Республикасы – 4%, Беларусь Республикасы – 3,6% және Армения Республикасы – 0,1% -ын алады.


2022 жылы Қазақстанның  Ресейге экспорты  8 780,7 млн АҚШ доллары болып, Ресейден импорты 17 342,7 млн АҚШ доллары болған.


Әсіресе, Ресей Украинаға басқыншылық соғысын бастағаннан кейін Одақтың Қазақстанды халықарарлық қауымдастықтан аластатушылық ықпалы артты. Әлемнің саналы елдерінің бәрі Ресейге қарсы санкция салып, ендігі Қазақстанның басына да санкция қатері төніп тұрғаны жасырын емес.


Сәуір айында Астанаға келген АҚШ Қаржы министрлігінің өкілдері мұны ескертіп кетті.


АҚШ Қаржы министрінің көмекшілері Элизабет Розенберг «Санкция қаупі Қазақстан Республикасына да, қазақстандық компаниялар мен қазақстандық банктерге қатысты да өсіп келеді»,-десе, Мэттью Аксельрод  «Біз соғыс басталған уақыттан бері Қазақстан Республикасы аумағына кейбір тауарларды жеткізудің күрт артқанын байқадық. Таратып айтар болсақ, соғыс басталған кезең мен қазіргі сәтті салыстырсақ, дәл осындай тауарлардың жеткізілуі анағұрлым артқаны тіркелді. Осы уақыт аралығында Қазақстаннан Ресей аумағына жеткізілген осы арнайы тауарлардың көлемі де күрт өсті», – деді.


2022 жылы alash.online порталына Қазақстанда ҰҚШҰ мен ЕАЭО-ден шығуды талап еткен петиция жарияланды.


Мәтінде Ресеймен біріккен ұйымдардан бас тартпаса Қазақстанға да Ресей секілді әлемнен оқшаулану қаупі төніп тұрғаны айтылады. Сондай-ақ «бізде ЕАЭО мүддесіне қарай көлік құралын кедендік ресімдеу құны тым жоғары, атап айтқанда, «бастапқы тіркеу» мен утильалым бағасы!», деп жазылды.


Бүгінде петицияны қолдап 57 536 адам дауыс берсе, 4527 адам қарсы дауыс берген.


Қорытындылай келе, Еуразиялық экономикалық одақтың тек Ресейдің мүддесі үшін ғана жұмыс істеп тұрғанын мойындауымыз керек. Бұл одақ құрамындағы елдер кешегі өткен КСРО-ғыдай Ресейді асырап отыр.


Mezgil.kz



Ұқсас тақырыптар