Ресей осы аптада астық келісімінен шықты. Таңғаларлық жағдай емес. Бірақ дәл Санкт-Петербургте өтетін Ресей-Африка отырысының алдында мұндай шешім қабылдауы көптеген халықаралық бақылаушыларды таңғалдырды. Себебі, астық келісімі іске аспаса, ең алдымен Африка елдері зардап шегеді, ал Африка елдері Ресейдің Украинаға басып кіргеніне қарамастан үнемі Кремльге жастас.
Астық келісімі тоқтағанымен Украина БҰҰ-ның делдалдығы арқасында Ресей флоты бұғаттаған Қара теңіз порттары арқылы астық пен күнбағыс майын экспорттауды жалғастыра береді. Тек үшінші елдерге жеткізетін астық өнімі айтарлықтай қысқарады, әлемдік нарықтарда астық, азық-түлік қымбаттайды.
Соғыс басталған алғашқы кезеңде БҰҰ мен Түркияның күшімен Украина мен Ресейдің алғашқы астық келісімі жасалғанша, көптеген елдер, әсіресе, Африка құрлығы, астықтан тарықты.
«Ресейдің астық мәмілесінен шығу туралы шешімі – арқадан пышақ сұғумен тең. Бұл әсіресе, онсыз да құрғақшылықтан зиян көрген Африка мүйізі елдеріне ауыр тиеді», - деді Кенияның Сыртқы істер министрі Корир Синг’Оей.
Африка мүйізі елдері: Сомали, Эфиопия, Эритрея және Джибути. Шығыс Африканың ауылшаруашылығы жақында болған құрғақшылықтан қатты зардап шекті, ал континенттің солтүстік бөлігі азық-түлігін толықтай сырттан сатып алып отыр.
Сомали, Кения, Эфиопия, Оңтүстік Судан және Нигерия астық импортына жүз пайыз тәуелді, Египет украин өнімдерінің ең ірі импорттаушыларының бірі.
Замбия Сыртқы істер министрлігінің басшысы Стэнли Какубо: «Астық мәмілесі мұқтаж елдердің құтқарушысындай болып еді, оны тоқтату ауыр зардаптарға әкеледі» деді.
БҰҰ есебі бойынша, континентте шамамен 50 миллион адам аштықтан зардап шегіп отыр.
Ресейдің астық мәмілесінен шығуы әзірден әсер етіп жатыр. Дүйсенбі күні бидайдың бағасы шамамен 3%-ға өсті.
Дегенмен Путиннің басқа жоспары бар сияқты. Француздық Le Monde басылымының жазуынша, биыл маусым-шілде айларында Мали билігі Ресейден тоннасына 220 доллар жеңілдікпен 50 мың тонна бидай алған.
Наурызда Кремль астық мәмілесінен шығатын болса, Ресей астықты мұқтаж Африка елдеріне ақысыз астық жеткізуге дайын екені хабараланған.
Бұл туралы әлі ресми мәлімдемелер жоқ, бірақ Путин келесі аптада Ресей-Африка саммитінде қонақтарына осы ұсынысты айтады делінеді.
Mezgil.kz