Қазақ мұнайына кімдер қожа? Қытай, АҚШ, Ресей...

Экономикалық жаулап алудың бір түрі – инвестиция салу. Біз бабаларымыз қалдырған жер асты байлықтарын игере алмаймыз. Неге бірінші артта қалған елдің, артта қалған отары болдық. КСРО құлаған соң, кеңестік экономикалық кеңістікті, өзіміздегі қызыл директорлардың алпауыттығы алмастырды. Капитализмнің исі мұрнына бармайтын қазақ мүлде өзгеше нарықтық экономикадан өз орнын табуға тырысты. Орын табу шетелдіктерге қазба байлығымызды игеруге беруден тұрды. Бір ғана мұнай төңірегінде сөз ететін болсақ, біз одан сыртқа шығаратын 150-ге таяу өнім түрін шығарудың орнына өзгелердің иелігіне беріп, содан түскен ақшаға бюджеттің жыртығын жамаудамыз.

1691053228654144.jpg

«Өзенмұнайгаз» мен «Ембімұнайгаз» ғана  100% өзімізге тиселі. Қалғандары бойынша үніміз шықпайды. Сонымен... Қазір жат қолындағы қазақ мұнайындағы үлесімізге көз салатын болсақ:

«Тенгизшевройл» ЖШС: Chevron (АҚШ) – 50%, ExxonMobil (АҚШ) – 25%, ҚМГ (ҚР) – 20%, СП «ЛукАрко» (РФ/АҚШ) – 5%.

НКОК: ҚМГ (ҚР) – 16,88%, Eni (Италия) – 16,81%, ExxonMobil (АҚШ) – 16,81%, Shell (Ұлыбритания) – 16,81%, Total (Франция) – 16,81%, CNPC (Қытай) – 8,33%, Inpex (Жапония) – 7,56%.

КПО: Eni (Италия) – 29,25%, Shell (Ұлыбритания) – 29,25%, Chevron (АҚШ) – 18%, ЛУКОЙЛ (РФ) – 13,5%, ҚМГ (ҚР) – 10%.

Бұның бәрі Батыс пен АҚШ еншісіндегі дүние. Енді Қытайдың қанжығасындағы қазақ мұнайының арасалмағына көз салатын болсақ:

«Маңғыстаумұнайгаз»: ҚМГ (ҚР) – 50%, CNPC (Қытай) – 50%.

«СНПС-Ақтөбемұнайгаз» АҚ: CNPC (Қытай) – 100%.

 «Қазгермұнай» СП ЖШС: ҚМГ (ҚР) – 50%, CNPC (Қытай) – 50%.

«Қаражанбасмұнай»: ҚМГ (ҚР) – 50%, CITIC Group (Қытай) – 50%.

«Бузачи Оперейтинг»: CNPC (Қытай) – 50%, Sinopec (Қытай) – 50%.

Батыс пен АҚШ ашкөздігін білеміз, бірақ «қазақ мұнайын игерген Қытай инвесторлары: Қауіп пе, әлде қажеттілік пе?» деген сауал қойылса, әркім әртүрлі жауап береді.

Қазақстан билігі экономиканы әртараптандыру және шикізатқа деген тәуелділікті азайту жөнінде қанша ауыз толтырып айтса да, бюджетке негізгі түсім бұрынғыдай табиғи байлықтан келіп жатыр. Қазақстан тәуелсіз ел болғалы 30 жылдан бері мұнайға сүйеніп алды да, одан алшақтай алмады. Бірақ осы қара алтынның өзі бізде өндіріліп жатқан байлықтың жетіден бір бөлігін ғана құрайтынын да атап өту керек.

Қытай бизнесінің мұнайға ауыз салуын сөз етер болсақ, осы елдің компаниялары Қазақстан нарығына 1997 жылдан бастап келіп, CNPC ең алдымен «Ақтөбемұнайгазды» (Жаңажол, Кеңқияқ) сатып алса, 2001 жылы ол Buzachi Operating Ltd 50% иемдене білді. Араға 5 жыл салып, 2006 жылы осы алпауыт PetroKazakhstan-ды өз құшағына алды. Араға уақыт салып, CITIC қытай тобы «Қарабамбасмұнайдың» 50% иеленіп алған соң, 2009 жылы «Маңғыстаумұнайгаздың» 50%-ына қол жеткізсе, 2013 жылы Қашағанда «Қазмұнайгаздан» ConoccoPhillips (16.8 %) үлесін сатып ала алды.

Осыдан он шақты жыл бұрын Қытайда елші болған Мұрат Әуезов: «Қытай экспансиясы шынында да қауіпті», - деп сұхбат бергенін бәріміз білеміз. Оның айтуынша, Қазақстанда өндірілетін мұнайдың 40 пайызы Қытайға тиесілі. Алайда Halyk Finance сарапшысы Мирамгүл Маралованың пікірі мүлде басқа. Ол мұндай қауіп-қатердің жоқтығына сенімді әрі қазақстандық мұнай өндірудегі қытайлық компаниялардың үлесі шамамен 20% құрайды деп мәлімдейді.

Біз келісімшарттар біткен кезде өз мұнайымызды шикі күйінде емес, дайын өнім күйінде сыртқа шығарудың жолын осы бастан іздемесек, кейін кеш қаламыз. Компаниялар беретін есеп те, Билік басындағылар беретін есеп те дәл емес, мұнай өндіру тізгінін қолына алғандар «коммерциялық құпия» деп көп нәрсені бүгіп қалатыны жасырын емес. Өзімізде мұнайдан алатын 150-ге тарта өнімінің ең құрығанда жартысын шығаратын болсақ, айдарымыздан жел еседі. Әрі қазақ жұмысшыларының қазіргі аяққа тапталып жатқан құқығы қорғалады.

Mezgil.kz



Ұқсас тақырыптар