Киевтегі «Отан – Ана» монументінің қалқанындағы кеңестік герб алынып, орнына Украинаның елтаңбасы қойылды.
Днепрдің жағасындағы «Отан-Ана» ескерткіші әлемдегі ең биік монументтердің ішінде бесінші орында тұр. Оның биіктігі - 102 метр.
«Енді Украина елтаңбасы өз орнына оралды. Бұл қиын, жауапкершілігі жоғары, тарихи жоба болды. Осы жобаға атсалысқан донорларға, жобалаушыларға, құрылысшыларға, мүсіншілерге, Соғыс мұражайының қызметкерлеріне, осы өзгерісті қолдаған барша адамға алғысым шексіз», - деп жазды Украинаның бұрынғы Мәдениет министрі Александр Ткаченко.
КСРО елтаңбасы мұражайда сақталады. Сонымен қатар, ескерткіштің атауын да өзгерту жоспарланған. Таяуда «Отан-Ана» - «Украина - Анасына» айналады.
Бұл идея 2015 жылы Ресей Донбасқа жорығын бастағаннан кейін айтыла бастаған. Украинада декоммунизация процесі жүре бастады. Бірақ «құны қымбат, әрі елтаңбаны бөлшектеп алып тастау ескерткішке зиян тигізеді» деген болжамдардан кейін, жұмыс кейінге қалдырылған.
2022 жылдың жазында Украина үкіметі Кеңес үкіметінен қалған гербті ауыстыру бойынша сауалнама жариялаған. Сауалнамаға қатысқан 780 мыңға жуық адамның 85%-ы монументке Украинаға елтаңбасының қойылуын қолдаған.
Биыл сәуірде Жоғарғы Рада Украинада Ресейдің империялық саясатымен байланысты рәміздер мен топонимдерге, соның ішінде Ресейдің ресми символизмдеріне (Сонау Ресей атшалығынан қазіргі Ресей Федерациясына дейінгі кезеңді қамтыған) тыйым салатын заң қабылдады.
Сондай-ақ, Ресейде басшылық лауазымдарды атқарған немесе империялық насихатқа қатысқан тарихи тұлғаларды Украинада насихаттауға тыйым салды.
Бірнеше жыл бұрын Украинада декоммунизация туралы заң қабылданды. Нәтижесінде кеңестік мемлекет қайраткерлерінің көптеген ескерткіштері тұғырынан түсірілді. Көшелер атауы Украина қайраткерлерінің есімімен қайта аталып, елді мекендердің кеңестік атаулары келмеске кетті. Ал Ресей Украинаға басып кіргелі, Кеңес Одағымен байланысты атаулардан өзге Ресейге байланысты атаулардың бәрі алмастырыла бастады.
Осылайша Украина Кеңестің сарқыншақтарын біржола жойып жатыр. Елде декоммунизация, десоветизация, деруссификация қарқынды жүруде.
Ал біз ше? Әлі күнге дейін Кеңестің де, Ресейдің де символизмдерінен, көше атауларынан, тіпті облыс, қала атауларынан арыла алмай келеміз. Бір ғана мысал, Петропавлдың тарихи-қазақи атауы Қызылжарды қайтара алмадық. Бұл тақырып талайдан бері БАҚ-та жазылып, депутаттар көтеріп, қоғамның талқысында жүр.
Тіпті, Қазақстан ОА-да орыс мектептері саны жағынан көш бастап тұрғаны тағы бар. Россотрудничества дерегінше (2023 жылдың есебі) еліміздегі орыс мектептерінің саны: 3.606. Өзбекстанда 1000-нан асады. Қырғызстанда - 751, Тәжікстанда - 200, Түркіменстанда - 71 орыс мектебі бар екен.
Қазақ үкіметі Киевтен үлгі ала ма? Қазақ қоғамының талабы осы: Қазаққа декоммунизация, десоветизация, деруссификация керек әбден керек!
Mezgil.kz