«Яндекс - тыңшы». Ресей Қазақстандықтардың дерегіне қол жеткізеді

Биыл 1 қыркүйектен бастап Ресей Федералдық қауіпсіздік қызметі «Яндекс такси» қызметін пайдаланатын шетел азаматтарының, соның ішінде Қазақстан азаматтарының да дерегіне қол жеткізеді.

1691657003355927.jpg

«Яндекс такси» қосымшасында Қазақстаннан өзге 20 елдің азаматтары тіркелген. Мамандар бұл жайт қолданушылардың қауіпсіздігіне қауіп төндіре ме деп алаңдайды.

Кеше, 9 тамызда Ресейдің «Яндекс» IT компаниясының жергілікті өкілдігіне тиесілі «Yandex.kz» интернет домені істемей қалды. Қазақстандық IT мамандар оны «Интернет-ресурстың Қазақстан аймағынан тысқары ақпараттық-бағдарламалық кешендерге жайғастыруға байланысты тоқтатылғанын», - жазды. Мәлімдемені Қазақстанның цифрлық даму министрлігі растады.

Сондай-ақ министрлік «Яндекстен» дата орталығының жайғасқан жерін, «қазақстандықтардың жеке мәліметтерін қорғау үшін қойылып жатқан шаралар, құқық қорғау және арнайы органдармен өзара әрекеттесу жолдарын» сұраған. Бірақ компания сұраққа жауап бермеген.

«Meduza» басылымы «Яндекс Go» (такси және жеткізу қызметі) қолданған мәліметтер енді Ресейдің дата орталығында ғана сақталатынын жазған.

«Яндекс» – бұл бірнеше елдерде интернеттегі іздеу жүйесі, интернет-порталы және веб-қызметтері бар ресейлік IT-компания.

«Яндекс такси» қызметі Қазақстанға 2016 жылы келген. Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин 150 мың қазақстандықтың «Яндекс таксиде» істейтінін атап өткен болатын.

Жалпы ресейлік такси қызметін жүргізгеннен, миллиардтаған ақша Ресейге кетіп жатыр. Қазақстанда ресейлік таксидің баламасын жасауға бола ма? Бұл сұраққа Мусин «мұндай қосымшаны жасау тек Қазақстан үшін тиімсіз» деп жауап берген.

««Didi такси» қызметі біздің нарыққа кіргісі келгенін көрдіңіздер. Бірақ ол жұмыс істей алмады. Қытайдың қанша ақшасы болса да, ол «Яндекспен» бәсекелесе алмады. Бұл миллиардтаған инвестицияны қажет етеді. Мемлекет көп қаражат бөле алмайды, бұл қаражатты венчурлық инвесторлардан алу керек», - деді Бағдат Мусин.

Mezgil.kz


Ұқсас тақырыптар