Ресейдің «Луна-25» Айды зерттеу станциясы Айға соғылып, қирап қалды. Бұл Ресей Федерациясының Айға бағытталған алғашқы миссиясы болатын. Бұған дейін КСРО кезеңінде Айға «Луна-24» аппараты ұшырылып, ол Ай жабындысынан сынақ алып, Жерге жіберген-ді.
19-тамыз күні «Луна-25» станциясымен байланыс үзілді. Станция Айға бет алған сәтте бірнеше мәрте өз маршрутынан ауытқыған еді. Ресейлік мамандар бұл қалыпты жайт деп пікір білдірген. Алайда 19-тамыз күні, сағат 14:57-де станциямен байланыс толық үзілді. 19-20 тамыз аралығында Ресей мамандары станциямен байланыс орнатуға тырысты, бірақ нәтиже болмады.
Ресей Айға миссияны 11-тамыз күні ұшырды. Елдегі экономикалық жағдайдың қиындығы мен халықаралық санкцияның қысымына қарамастан Мәскеу Айға станцияны жіберуді құп көрді. Станцияны алып ұшқан зымыранның көтерілген сәтін 2.5 мыңға жуық ресейлік тікелей эфир арқылы тамашалады. Ресей сайттары ғарышты игерудің жаңа кезеңі басталды деп жар салды. Ал жоспар бойынша станция 21-тамыз күні Ай бетіне қонуға тиіс еді.
«Луна-25» станциясы Айды зерттеу бойынша Ресей бағдарламасының бір бөлігі саналады. Станцияның салмағы 1.8 тонна еді. Ал станциядағы басты зерттеу аппараты 31 келі болды және оны Ресей ғылыми академиясының ғарышты зерттеу институты жасап шығарды. Станцияны жерден басқаратын етіп жасады және байланыс үзілген жағдайда кері байланыс орнату үшін екінші байланыс ошағы орнатылды. Станцияның негізгі миссиясы Айға қонып, топырақ сынамасын алып, Айдың эволюциялық дамуын зерттеуге тиіс болатын. Тағы бір маңызды миссиясы Айға қонудың тиімді тәсілін көрсету және сол арқылы болашақ Айға баратын миссияларға жол ашу еді.
Ресей билігі станцияны «Луна-25» деп атау арқылы кеңестік ғарышты зерттеу кезеңімен байланысын көрсеткісі келді. Себебі 1976 жылы КСРО Айға «Луна-24» зерттеу станциясын аттандырған болатын. Ол сәтте миссия сәтті аяқталды. Станция Айға қонып, сынама ала білді және жерге топырақ сынамасын жеткізді.
«Луна-25» станциясы о бастан бастап қаржылық және техникалық қамтамасыз етуде қиындық көрді. Станцияны жасау жоспары 90-жылдардың ортасында айтыла бастады да, 2006 жылы станцияны жасау жұмысы басталды. Бірақ қаржы жетіспеуіне байланысты бірнеше мәрте тоқтап қалды. Тоғыз жыл бұрын станцияны Айға жіберу жоспарланып, ол тағы да кейінге қалдырылды.
Ресей Федерациясы тарихындағы алғашқы Айға станция жіберу миссиясы осылайша сәтсіз аяқталды. Батыстың «АҚШ пен Қытай ғарыш үшін бәсекелес, Ресей ол бәсекелестікте артта қалды» деген сөзі шынайылыққа айналғандай. Ресей билігі осы сөзді жоққа шығару үшін миссияны жіберген еді, алайда станцияның күйреуі Ресей ғылымына деген сенімсіздікті тіпті күшейтті.
Mezgil.kz