БРИКС басқосуы: Тікелей қатысатын төртеу және өгей Путин

Тамыз айының 22-24 аралығында ОАР-дың Йоханнесбургінде БРИКС-тың кезекті саммиті өтеді. Бразилия, Ресей, Үндістан, Қытай, ОАР мүше бұл ұйым осы саммитте жаңа елдермен толығуы бек мүмкін.


Ордер на арест путина – российский президент не поедет на саммит в ЮАР, где  ему грозит арест по ордеру МУС » Слово и Дело

 

БРИКС-ке қосылғысы келетін елдердің ішінде Сауд Арабиясы, Индонезия, Иран, Аргентина, Эфиопия бар. Жалпы жиынтығы 23 ел соңғы жылы БРИКС-ке қосылу бойынша өтініш білдіріп, ниет танытқан. Ұйымға кіру үшін барлық ұйым мүшелері келісуі міндетті. Сарапшылар «ұйымға мүше елдердің қатары артса, ұйымның да салмағы артуы мүмкін» дейді. Сонымен бірге «ұйым Үлкен жетіліктің қасындағы Үлкен жиырмалық сияқты мәнсіз бірлестікке айналуы да мүмкін» деген пікірлер бар.

 

Ұйымға мүше елдердің бесеуінің төртеуі тікелей саммитке қатысады. Яғни ел басшылары барады. Ал Ресей басшысы Путин онлайн қатысады. ОАР Ресей басшысы Путин тікелей қатысса, онда оны тұтқындауға міндетті. Себебі Халықаралық қылмыстық сот Путинді тұтқындауға қатысты ордер шығарды, ал ОАР халықаралық соттың талаптарын орындауға тиіс елдің бірі саналады. Сондықтан да Путин ОАР-ға ұшып барса, онда оны тұтқындап, Гаагаға табыстауға міндетті.

 

Бұған қатысты Ресей мен ОАР арасында біраз дау болды. Ресейлік тарап тіпті «Путинді қандай ел тұтқындаса да, ол автоматты түрде Ресейге соғыс ашты деген сөз» деп те мәлімдеген болатын. Ресей мен ОАР арасындағы даудың бір ұшқыны Ресей-Африка саммитінде де байқалды. ОАР басшылығы «Біз Ресейдің тегін астығына емес, астық келісімінің қайта жалғасуына мұқтажбыз» деген еді.

 

Саммиттің күн тәртібі экономикалық және саяси сұрақтардан тұрады. Алғашқы күні саммитке қатысушы елдер экономикалық мәселелерге ой білдіріп, саммит аясында бизнес форум ұйымдастырылады. Артынша БРИКС басшылары жабық форматта кездесу өткізеді. 23 тамыз күні жабық және ашық форматтағы тағы екі өзара кездесу болмақ. Саммит аясында долларды әлемдік валюта деп тануды сынау және ортақ валюта енгізуді талқылау да болуы ықтимал дейді сарапшылар.


Сарапшылар «Путин БРИКС-ке өз одақтастарын кіргізіп, Ресейді әлемдік оқшаулаудан құтқаруға тырысуда дейді. Аталмыш саммитте ол Беларусь және Венесуэланы ұйымға мүше ету мәселесін көтеруі мүмкін. Бұл екі ел онсыз да БРИКС-ке қосылуды қалап жүр.

 

Алайда Үндістан, Бразилия мен ОАР ұйымға жаңа елдерді қосуға ниетті емес екендерін аңғартты. Олар ұйым ішінде өз ықпалының төмендеуін қаламайды. «Әр ел өз жақтастарын кіргізе берсе, онда ұйымның мәні мен салмағы қалмайды» дейді олар.

 

БРИКС әлемдік экономикада маңызды рөл ойнайтын елдерден құралған. Мысалы БРИКС-ке мүше елдер 2010 жылы әлемдік ЖІӨ-нің 18 пайызын берсе, енді олардың үлесі 26 пайызға жеткен. Әрине бұл Үндістан  мен Қытай экономикасының өсуімен тікелей байланысты. Қытай ұйымдағы басты ойыншыға айналуда және ұйымға мүше өзге төрт елден әлдеқайда қуатты геосаяси акторға айналып кетті. Ал Қытай мен Үндістан арасындағы қарама-қайшылық ұйымның маңызды қадам жасауына соңғы жылдары кедергі болуда.

 

Ресей басшысының ұйым саммитіне тікелей қатыспауы Ресейдің де саяси салмағына әсер етуде. Мамандар «Ресей тіпті өзі мүше ұйым саммитіне бара алмауы, оның қаншалықты оқшауланып қалғанын анық көрсетеді» дейді.


Mezgil.kz



Ұқсас тақырыптар