Қазақстан Украинаны еске түсіреді. Қазақстан Батыс жағына түпкілікті өтті, Ресейге қарсы саясат жүргізіп отыр, деп хабарлады Еуразиялық проблемаларды мониторингілеу орталығының директоры Аслан Рубаев «Царьград» деген кремльшіл сайтқа берген сұхбатында.
Оның айтуынша, Қазақстан Президенті Тоқаев екіжүзді саясат жүргізеді: Батысқа тұрмыстық русофобияны «сатып», кеңестік тарихтан бас тартқанын көрсетіп, Украинаны қолдайды. Екінші жағынан Ресей Федерациясымен байланысын үзбейді, параллель импортқа көмектеседі және ҰҚШҰ-ның «тірі» екенін көрсетуге барын салады.
Рубаев Қазақстанда халықтың әл-ауқатын жақсартқысы келетін элита бар екенін атап өтті. Сол элита бірінші кезекте Батысқа, Қытайға, Түркияға, содан кейін ғана Ресей Федерациясына назар аударатынын айтыпты.
«Қазақстанда болып жатқан жағдайлардың бәрі тура Украинаны еске түсіреді. Олар да оқулықтардан, тұрмыстық руссофобиядан, сыртқы күштердің әсерінен басталған. Оған Ресей кедергі келтірмеген еді», - депті сарапшы.
Рубаевтың айтуынша, сайлаудан кейін америкалықтар Қазақстанда «майдан» ұйымдастырады. Сол сәтті өтсі, Қазақстанда Украина сценарийі дәлме-дәл қайталанады. Содан кейін Ресей Қазақстанның солтүстігінде «еш кінәсіз қырылып жатқан орыстарды құтқаруға» келеді.
Айта кетсек, бұған дейін ресейлік олигарх Константин Малофеевке тиесілі пропаганда арнасы «Царьград» сайты мен арнасын Қазақстан бұғаттап тастаған болатын.
Mezgil.kz