Жылдар бойы Ресей саяси элитасының ой-санасында бұғып жатқан жаңа орыс империализмі Украина соғысында ашыққа шығып, әлемнің өркениетті елдерінің шетқақпайына түскен уақытта Ресейдің Қытаймен дауласар хәлі бар ма? Дауласпасқа және лажы жоқ.
Жуырда Қытай билігі өздерінің ресми картасына Ресей территорияларын қосып бейнелеп, жарыққа шығарды.
КСРО тараған соң, Қытай айдаһары оның құрамындағы болған бұрынғы республикаларға қатысты даулы аймақтарын қайтарып ала бастады. Тәжікстан, Қырғызстан және Қазақстан алып көршісінің көңілін тапты. Ресей тарапынан да бір қатар шегіністер жасалынды. Бірақ Қытай Ресейдің бүкіл Қиыр шығысын өз жерім деп есептейді. Бұған Ресейдің еш көнгісі жоқ. Және осы алапат зор аймақта бар жоғы 17 млн. ғана тұрғын тұрады. Демография – Ресейдің бас ауруы, Сібірді жаулап алғанымен 300 жылдан бері оны халыққа толтыра алған жоқ. Енді ақырындап тақырыбымызға оралайық...
Жалпы Амурдағы Үлкен Уссурий аралы (қытайша атауы 黑瞎子島 – Hēixiāzi Dǎo) бос жер саналды. Сол себепті Қытай мен Ресей (КСРО) 1964 жылдан бері осы аймаққа таласып келді. 2008 жылы Путин билігі өзінің Қытаймен тұрақты қарым-қатынасты нығайтқысы келетіндіктен Мәскеу мен Бейжің келісімшарт жасасып, бүтін арал екіге бөлінген болатын.
2023 жылы шығарған ресми география картасында Қытай билігі Амурдағы Үлкен Уссурий аралын өз аумағы деп көрсеткендігін ресейлік БАҚ жазып, дабыл қағуда. Ондағы түсіндірме жазба «карта Қытай мен әлемнің өзге елдерінің шекарасын белгілеу бойынша ұлттық стандартқа сәйкес әзірленген» деп жазылған. Картада өзге мемлекеттердің де жерлері белгіленген.
Уссури өзенінің төменгі сағасындағы Амур өзеніндегі көлемі 327 мен 350 шаршы шақырым шамасындағы бұл арал Ресей мен Қытай арасында 1860 жылдан бері өңештегі сүйек болып табылады. Кезінде Қытайдың әлсіздігін пайдаланған КСРО 1920-1930 жылдары Үлкен Уссурийдің және оған таяу Тарабардың маңындағы барша аралдарды именденіп алып, Қызыл Ресей күйреген соң бұл жер Ресей қарауында қалды.
2004 жылы президент Владимир Путин шекара межесін белгілеуге қатысты келісім кезінде ортақ мәміле жасалып, соның негізінде Ресей жағы 2008 жылы Тарабарды кейбір шағын Виноградов, Корейский, Ромашкин аралдарымен толықтай және Үлкен Уссурийдің Батыс бөлігін (170 шаршы шақырымын) Қытайға берді.
Ресей қанша жерден ойбайға басса да, Қытайдың осы күш алғаны күш алған. Қытай өз азуы мен тырнағын тек Ресейге ғана емес, тап осы жолы шекара мәселесіне байланысты Үндістанға да көрсетті.
Бұл жолғы ресми картада Үндістанның Аруначал-Прадеш штаты және шекаралық Аксайчин ауданы ҚХР аумағы деп көрсетілгеніне қатысты Үндістанның СІМ өкілі өз қарсылығын білдіріп үлгерді.
Бұған дейін 1962 жылғы қытай-үнді қақтығысы нәтижесінде коммунистер Ладакх мен Аксайчин аудандарына тиселі 38 мың шаршы шақырымды бауырына басқан болатын.
Осы жылы Үндістан үнін шығарып қарсылық білдірсе, Ресей бұғып қалды.
Mezgil.kz