Үндістан мен Қытай арасындағы саяси салқындық жыл өткен сайын өршіп келеді. Екі елдің шекара дауы, бөлісе алмаған аймақтары бар. Бұл мәселе тіпті бірнеше мәрте қарулы қақтығысқа да ұласқан-ды.
Дели шекара маңындағы дауда басымдыққа ие болу үшін АҚШ-пен әріптестікті арттыруда. Ұшқыштарды дайындау, таулы аймақты күзету және арнайы жасақты кәсіби деңгейге көтеру үшін АҚШ жауынгерлерімен тәжірибе алмасуда.
Күні кеше ғана Бейжің Қытай елінің стандартты картасын жариялады. Бұл карта қазірдің өзінде дауға ұласты. Стандартты картада Ресейдің де аймағын Қытай өзінікі етіп көрсеткені осыған дейін айтылған еді. Енді міне, сол бір картада Үндістан өз аумағы санайтын аймақтарды да Қытай өзінікі етіп көрсетіпті.
Дели Қытайға өз наразылығын білдірді. Картада Кашмир аймағындағы Ақсайшын мен Үндістанның Аруначал-Прадеш штаты Қытайдың аймағы ретінде көрсетілген. Қазіргі уақытта Ақсайшын аймағының көп бөлігі Қытай бақылауында.
Карта дүйсенбі күні Қытайдың Табиғи ресурстар министрлігіндегі картография сервисінде жарияланған болатын. Картада Тайуань мен оның маңындағы су айлақтары да Қытайдың аймағы деп белгіленіпті.
Үндістанның СІМ Қытайға хабарласып, наразылық танытқанын, қажет болса нота жіберетінін айтты. «Біз стандартты картаны жариялап, арандатуға барған қытайлық тарапқа дипломатиялық жолдар арқылы өз наразылығымызды білдірдік. Бұл Үндістан аумағына қол сұғушылық ретінде қабылданады», - дейді Дели.
60-жылдары Үндістан мен Қытай арасында Ақсайшын үшін қарулы қақтығыстар болды. Ақыры аймақтың басым бөлігін Қытай басып алған болатын. Қақтығыс 2020 жылы қайта өршіп, даулы өлкеде бірнеше ұрыс болды.
Mezgil.kz