Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу мен Ресей Федерациясының Сыртқы істер министрі Сергей Лавров Қазақстан-Ресей ынтымақтастығы жайын талқылады.
Телефон арқылы сөйлескен олар ЕАЭО аясындағы екіжақты қатынастар мен өзара іс-қимыл аспектілері, оның ішінде көпжақты форумдар туралы айтты, деп жазды Ресейдің СІМ сайты.
Еуразиялық экономикалық одақ (ЕАЭО) мүше елдердің ұлттық экономикаларының бәсекеге қабілеттілігін арттыру мақсатында құрылған. ЕАЭО құрамына Қазақстан, Қырғызстан, Беларусь, Армения, РФ кіреді.
Желтоқсан айында Санкт-Петербургте өтетін ұйымның отырысында ЕАЭО-ны кеңейту мәселесі талқыға салынбақ. Өзбекстан мен Тәжікстан ұйымға кіруге ниет танытып отыр екен. Жалпы нарығы 200 миллион адамды құрайтын ЕАЭО әрі қарай постсоветтік елдерге кеңейе түспек.
Еуразиялық одақ Қазақстан үшін тиімсіз екені бұрыннан айтылып келеді. Ұйым тек Ресейдің сойылын соғып отыр. ЕАЭО бар жерде қазақ нарығы орысқа тәуелді болып қала бермек. Өйткені сыртқы нарыққа өздігінен шикізат шығара алмайды.
Бұған дейін жазғанымыздай, Ресей Украинаға басқыншылық соғысын бастағаннан кейін Одақтың Қазақстанды халықарарлық қауымдастықтан аластатушылық ықпалы артты. Әлемнің саналы елдерінің бәрі Ресейге қарсы санкция салып, ендігі Қазақстанның басына да санкция қатері төніп тұрғаны жасырын емес.
Сәуір айында Астанаға келген АҚШ Қаржы министрлігінің өкілдері мұны ескертіп кетті.
АҚШ Қаржы министрінің көмекшілері Элизабет Розенберг «Санкция қаупі Қазақстан Республикасына да, қазақстандық компаниялар мен қазақстандық банктерге қатысты да өсіп келеді», - десе, Мэттью Аксельрод «Біз соғыс басталған уақыттан бері Қазақстан Республикасы аумағына кейбір тауарларды жеткізудің күрт артқанын байқадық. Таратып айтар болсақ, соғыс басталған кезең мен қазіргі сәтті салыстырсақ, дәл осындай тауарлардың жеткізілуі анағұрлым артқаны тіркелді. Осы уақыт аралығында Қазақстаннан Ресей аумағына жеткізілген осы арнайы тауарлардың көлемі де күрт өсті», – деді.
Айта кетсек, Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, 2022 жылы Қазақстан Республикасының ЕАЭО елдерімен тауар айналымы 28 311,2 млн АҚШ долларын құраған. 2022 жылғы қаңтар-желтоқсанда тауар экспорты 9 709,8 млн АҚШ долларын, импорт-18 601,4 млн АҚШ долларын құрады.
Қазақстан Республикасының ЕАЭО елдерімен сыртқы сауда айналымында Ресей Федерациясы 92,3%-ын, Қырғызстан Республикасы – 4%, Беларусь Республикасы – 3,6% және Армения Республикасы – 0,1% -ын алады.
2022 жылы Қазақстанның Ресейге экспорты 8 780,7 млн АҚШ доллары болып, Ресейден импорты 17 342,7 млн АҚШ доллары болған.
Бұрынғы кеңес елдерінің Ресейді асырағанындай, бүгінде Еуразиялық одақ сол міндетті атқарып отыр.
Mezgil.kz