Соғыс триггер ретінде: Қазақстан қалай өзгеруде?

    2022 жылдың 24-ақпаны Ресей мен Украина қоғамын ғана емес, посткеңестік кеңістікті толық өзгеріске итермеледі. Бұл соғыс Орталық Азияға өз әсерін тигізуде, ал Қазақстанда экономикалық және саяси өзгерістің триггеріне айналды. Қазақ билігі Украина мен Ресей соғысы жайлы көп айтпайды. Ол жағы түсінікті де. Себебі бұл саяси-экономикалық тұрғыдан тәуекелдерге толы болмақ. Сол себепті де Қазақстан БҰҰ қарарларында дауыс беру және СІМ арқылы белгілі бір жайтқа байланысты реакция білдірумен шектеліп келеді. Қазақстаннан Ресей қолдауды талап етсе, Батыс Ресей агрессиясын ашық айыптауды күтіп отыр. Алайда Ақорда үшінші нұсқаны таңдады, ол бейтараптық. Бір жағында Ресеймен әлемдегі ұзын шекара, экономикалық одақ, әскери ұйымға мүше болу, қару саласындағы Мәскеу басымдығы, Қазақстандағы орыс тілді орта мен 3 млнға жуық орыс ұлты, ондаған ірі және жүздеген салалық келісімдер тұр. Ал екінші жағында Батыс әлемімен қатынас, жанама экономикалық санкцияға ұшырау қаупі мен өркениетті әлем ұсынатын игіліктер бар. Міне, осындай сәтте өгізді де өлтірмейтін, арбаны да сындырмайтын нұсқаны таңдауға тура келді. Бұны Кремль «сатқындық» деп те бағалауы ықтимал, ал Батыс Ресейге болысуы деуі мүмкін, алайда бұл қиын сәттегі ең дұрыс шешім. Дәл осындай шешімді тек Қазақстан емес, жалпы Орталық Азия елдерінің барлығы дерлік ұстануда және олардың да Ресеймен байланысы өте тығыз.


В Казахстане разрешили провести манифестацию против войны в Украине

 

Қазақстан билігі БҰҰ қараларында көбіне қалыс қалып, бір мәрте Ресейді айыптай, бір мәрте қолдап дауыс берді. Ақорда Ресейге салынған санкцияға қосылмайтынын айтты, алайда Ресейге салынған санкцияның Қазақстан аумағы арқылы бұзылуына жол бермейтінін де бірнеше мәрте мәлімдеді. Соғыс басталған сәтте Алматы қаласында Украинаны жақтаған ірі митинг өтті (биліктің рұқсатынсыз оның өтуі екіталай болатын), ал қазақ кәсіпкерлері Украинаның ірі қалаларына қолдау мақсатында киіз үйлер тікті. Қазақстан қоғамы гуманитарлық көмек жіберуді қолға алды. Бұл әрекеттердің барлығына қарап, Қазақстан баланс ұстауға тырысып жатқанын көруге болады. Ал саяси истеблишменттің негізгі мақсаты Ресей-Украина соғысы біткенше бейтараптықты ұстауға тырысу және қақтығыстың бір мүшесіне айнылып кетпеу. Сонымен Киев пен Мәскеу арасындағы соғыста экономика, саясат, қоғам қалай өзгеруде?

 

Экономика: комфорт аймақтан шығу және жаңа мүмкіндіктер

 

Украина соғысы Қазақстан экономикасының архитектурасын өзгертуде. Ұзақ жылдар бойы қалыптасқан формула өзгеріп жатыр. Қазақстан экономикасының негізі болып табылатын мұнайдың 80%-ға жуығы Ресей арқылы тасымалданады, оның ішінде әйгілі Каспий құбыр желісі консорциумы бар. Бұл Ресейдің Новороссийск аймағынан Еуропаға мұнай жеткізетін ірі құбыр желісі. Міне, дәл осы құбырда 2022 жылы бір емес төрт мәрте мұнай тасымалдау жұмысы тоқтатылды. Ресей тарапы құбыр маңында екінші дүниежүзілік соғыс кезеңіндегі теңіз минасы табылды деп құбыр жұмысын тоқтатты, біресе құбырдан теңізге мұнай төгіліп, экология бұзылғанын айтты, енді бірде дауыл әсерінен құбыр жұмысы тоқтағанын айтты. Арасында сот болып, құбыр жұмысын 30 күнге шектеу шешімі де айтылды. Құбыр жұмысының тоқтауы Қазақстан экономикасы күн сайын млндаған доллар жоғалтты. Сарапшылар жалпы 500 млн долларға дейін шығын келгенін есептеп жатты. Бұл ұзақ жылдар бойы «комфорт аймаққа» кіріп, экономиканы диферсификациялауды тек қана қағаз жүзінде іске асырып келген Қазақстан үшін «сергітер соққы» сәті болды. Ресей мұнай құбырының жұмысын тоқтату арқылы Қазақстанды Украинаға қарсы соғыста ашық қолдауға мәжбүрлемек болса да, ол бопсасы іске аспады. Сәйкесінше Астана мұнай тасымалдау бағыттарын дереу әртараптандыруды бастады.


Приостановка работы Каспийского трубопровода Россией рассматривается как  месть Казахстану

 

КСРО ыдыраған сәтте біз мұнайымызды Еуропаға Ресей аумағы арқылы тасымалдауға келістік. Біріншіден құбыр дайын еді, екіншіден Мәскеу құбырын өте арзанға жалға берді. Бірақ Украина-Ресей соғысы ұзақ жылдар қалыптасқан маршруттарды өзгертуге итермеледі.

 

Қазақстан билігі Транскаспий бағытына басымдық беріп, жұмыстарды бастады. Каспийдегі порттарды кеңейту, оларға мұнай тасымалдаушы ірі танкерлердің кіруіне жағдай жасау және мұнай жеткізу көліктерінің санын арттыру жұмыстары іске асуда. Қазақстан Бакумен келісіп, Әзербайжан арқылы мұнайды Грузияға жеткізіп, оның Супса және Поти порттары арқылы Еуропаға қара алтынды жөнелтеді. Тбилисимен келісім бар, ал Әлиев қарсы емес. Баку-Тбилиси-Жейхан мұнай құбырының да әлеуетін пайдалану жұмыстары басталды.

 

Екінші бағыт Қытайға мұнай сатуды арттыру болатын. Бұл бірінші бағыттан қымбатқа түсуде, алайда Қытай мұнайды қанша көлемде сатсаң, сонша көлемде сатып алуға дайын аймақтағы жалғыз ойыншы. Бұл ретте Қазақстан мұнай тасымалдауды теміржол желілері арқылы іске асыру мәселесін көтерді, алайда біздегі жүк тасу вагондары аз және келісілген көлемдегі шикізатты жеткізу әлеуетіне ие емес. Сәйкесінше теміржолға арналған мұнай тасу цистерналарын сатып алу қарқыны артты.

 

Үшінші бағыт Түркіменстан-Иран-Түркия бағыты. Бұл бағыт бойынша да теміржол қолданылмақ. Алайда Тегеран-Анкара арасындағы қарама-қайшылық бұл бағыттағы мұнай тасу жобасын тек қағаз жүзінде қалдырып отыр. Дей-тұра Қазақстан өзге тауар түрлерін Түркіменстан-Иран бағытында тасуға мүмкіндік алды. Иранның Бендер-Аббас портына тауар жеткізуге келісті, бүгінде портта терминал салу жұмыстары іске асуда.


brokers

 

Ресей мен Украина соғысы Қазақстанның мұнай тасымалдау бағытын ғана емес, жалпы тауар тасу бағытын да әртараптандыру триггері бола білді. Қазақстан алғаш рет Өзбекстан-Ауғанстан-Пәкістан бағытында тауар тасу жобасын көтерді. Бұл бағыт арқылы 230 млн халқы бар Пәкістан нарығына шығуға болады. Алайда ол үшін тасымал жолы қауіпсіз болуы шарт. Ауғанстандағы тұрақтылықты нығайту мақсатында астық ұсынудың негізгі түп мақсаты Пәкістанға апаратын бағыттың тұрақтылығына құйылған инвестиция.

 

Астана Бейжіңмен келісе отырып, Қытайдын Ляньюньган портына тауар тасымалын арттырды. Бұл порт бойынша келісім соғысқа дейін жасалса да, соғыс аталмыш бағыттың екінші тынысын ашты.

 

Ресейдің Украина соғысында айқын басымдыққа ие болмауы және Батыс санкциялары Мәскеудің Орталық Азиядағы ықпалын біртіндеп азайтуда. Бұл экономикада да, әскери салада да, саясатта да көрініс табуда. Орталық Азия елдері ғасырлар бойы Ресей бодандығында болды. Ал тәуелсіздік алғаннан кейін бұл аймақ әлі де Мәскеу ықпалында деп саналды. Бұл жағдаймен Қытай да, Батыс та келіскендей еді. Алайда 2022 жылдың сауда қатынасына назар аударсақ, Қытай Орталық Азия елдерінде экономикалық ықпалын арттырған. Алғаш рет Қазақстан мен Қытай арасындағы тауар айналымы 24 млрд долларға жетті, ал Ресеймен 26 млрд доллар болған. 2023 жылдың көрсеткіші бойынша Қытай Қазақстан экономикасында бірінші елге айналып, Ресейді артта қалдыруы ықтимал. Дэн Сяопиннің «бір жотада екі жолбарыс көшбасшы бола алмайды» деген тәмсілін Қытай билігі ОА-да шынайы іске асырып, Ресейді ығыстыра бастады.

 

Қазақстан Ресей нарығынан кетіп жатқан компанияларды өз нарығына тарту жұмысын бастады. Бір жылдың ішінде 400-ден астам компаниямен келіссөз жүргізген, олардың ішінде 60-тан астамы релокация жасауға келісім берді. Бұл ресейлік сарапшылар тарапынан көршінің үйі өртенген сәтте бас үйтіп алу көрінісі деп бағаланса да, біздің көзқараспен бұл мүмкіндікті жібермеу сәті ғана. Жаңа компаниялар дегенміз жаңа жұмыс орындары, бюджетке салық, халыққа айлық деген сөз. Әзірге компаниялар офистерін ашуда, кішігірім өндірістерін іске қосып жатыр.

 

Ресейге салынған санкциялар Ресейдің ірі банк секторын құлдыратты. Қазақстан нарығында жарғылық капиталы көп үштікке енген «Сбер» кетуге мәжбүр болды. Артынша «Альфа банк» те өз активтерін сатты. Бұл біздің банк секторындағы ірі банктердің капитализациясын арттыра білді, себебі нарықтан ірі ойыншылар кетті. Алайда айтарлықтай пайыздық көрсеткіште өзгеріс болған жоқ, керісінше банктер монополизация жасауға қадам басу көріністері байқалды.

 

Ресейге салынған санкциялар рубльді тарихи құлдырауға жібергенін көріп отырмыз. Ол Мәскеу тарапынан жасырын интервенция арқылы әлі бағамын ұстап тұрғанына қарамастан, құнсыздану айқын дүние. Рубльдің құнсыздануы төл теңгемізге де прессингті күшейтіп жатыр. Бұл екі ел арасындағы экономикалық байланыстың тығыздығына байланысты.

 

Ресей мен Украина арасындағы соғыстың экономикалық әсері қоғамда айқын көрінуде. Ең басты өзгеріс, ол Қазақстан экономикасындағы диверсификацияның басталуы. Бұл алдағы уақытта өзінің тиімді тұстарын көрсетеді және Ресейдің қысым рычагын азайтады.

 

Саясаттағы өзгеріс: Баяу, бірақ айқын

 

Орталық Азия Ресейдің саяси салмағын азайтудың бір мүмкіндігін Киев-Мәскеу соғысынан іздеуде. Батыс тарапы Ресей мұнай-газынан бас тартып, балама ретінде Араб елдері, Парсы шығанағы және Орталық Азия елдерін қарастыруда. Бұл Қазақстан үшін мүмкіндік.

 

2022 жылдың ақпанынан бастап Орталық Азияға Батыс өкілдері келуді жиілетті. Бұл көбіне мұнай жеткізуге қатысты келіссөздерден тұрды. Алайда саяси сапарлар да аз емес. Араға ұзақ жылдар салып, АҚШ Мемлекеттік Хатшысы Энтони Блинкен Қазақстанға келді. Ол екі ел арасындағы қатынасты дамытуға Вашингтон дайын екенін жеткізді. Артынша Мемлекеттік Хатшының көмешісі Дональд Лудың сапары болды. 2022 жылдың қазанында Еуропалық Кеңес президенті Шарль Мишель Қазақстанға келіп, Еуропа мен Қазақстан арасындағы байланысты арттырып, Қазақстанның реформаларын қолдауға дайын екенін жеткізді. Белгілі тұлғалармен қатар Қазақстанға АҚШ-тың және Еуропаның әскери шенді тұлғалары, экономика саласының мамандары да келуде.

 

2022 жылдың маусымында Қазақстан әскери доктринаны өзгертуге қатысты жоба үлгісін Ашық НҚА-ға жариялады. Жоба қоғам және сарапшылар талқысынан кейін, қазан айында қабылданды. Әскери доктринада «гибридті соғыс» және «аймақтық қорғаныс күштері» деген түсінік енгізілді. «Гибридті соғыс» мысалын Ресейдің 2014 жылдан бері Украина шығысында жасаған әрекетімен, ал «аймақтық қорғаныс күштері» мысалын Украинадағы «Сили територіальної оборонимен» келтіруге болады. Демек, Қазақстан билігі мен қорғаныс саласы Ресейдің агрессиялық саясатынан сабақ алуда және жаһандық ұрыс қимылдарын жіті бақылауда.

 

Қазақстан қорғаныс саласында негізінен ресейлік қаруға басымдық берілген. Алайда Украина соғысында Ресей қаруы ұрыс даласында саны басым болса да, сапалық тұрғыдан Батыстық қарудан кемшін екені байқалды. Бұл өз ретінде Қазақстанның қорғаныс саласында қару сатып алуда диверсификацияны күшейтті. Енді Қазақстан қару алуда тек Ресейге емес, Қытай, Израиль, Түркия және Еуропа елдеріне де назар аударда. Әскери бюджетті арттырып, отандық қару өндіріс саласын да дамытуға ден қоюда. Сөзсіз бұл өзгерістердің басында Украина-Ресей соғысы да тұр.


Авторы: Асхат Қасенғали


Mezgil.kz



 

 

 

 

 

 

 

 



Ұқсас тақырыптар