Үкіметтегі аударыспақ маусымы: Кімдер өсті, кімдер өшті?..

Күз айы Үкіметтегі ауыс-түйістің барысында мемлекеттік жоғары лауазымдылар үшін өсу мен өшу айына айналды. Облыс әкімдері мен министрлер креслосына жайғасушылардың маңдайының бағы бес елі болатын аударыспақ маусымы басталып та кетті.

1693902101717960.jpg

Осы ауыс-түйістің барысында екі облыстың әкімі министрлер кабинетіне кірді. Атап айтсақ, Ербол Қарашөкеев ауыл шаруашылығы министрі лауазымынан босатылса, одан босаған орынтаққа он ай Солтүстік Қазақстан облысының әкімі болған Айдарбек Сапаров қонжиды.

Биылғы жылғы Мемлекет басшысы Жолдауында айтылған Су ресурстары және ирригация министрлігі құрылып, оның басшылығына Жамбыл облысының әкімі Нұржан Нұржігітов тағайындалса, сондай-ақ, жаңа құрылған тағы бір ведомство – Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі, оған басшылыққа бұған дейін «Бәйтерек» ұлттық холдингін басқарған Қанат Шарлапаев тағайындалды.

Үкіметтің жаңа құрамы жайындағы ойымызды тамызық етер болсақ, әзірге Әлихан Смайылов премьер-министр қызметінде дін аман қалды. Бұдан бөлек онымен бірге істегендер арасында Роман Скляр премьер-министрдің бірінші орынбасары, Ғалымжан Қойшыбаев премьер-министрдің орынбасары - Үкімет Аппаратының басшысы қызметтерінде қалды.

Ішкі істер министрлігіне де жаңа басшы келді ол – Ержан Сәденов.

Су жаңа Көлік министрлігінің басшысы болып 36 жастағы Марат Қарабаев тағайындалды.

Мәдениет және ақпарат министрлігіне басшы болып Аида Балаева тағайындалды.

Туризм және спорт министрі болып экс-әкім Ермек Маржықпаев тағайындалды.

Экология министрлігінде де ауыс-түйіс болып, Ерлан Нысанбаев экология және табиғи ресурстар министрі лауазымына тағайындалды.

Өз орында босату дауылынан аман қалғандарды жіпке тізер болсақ:

Ерұлан Жамаубаев Премьер-министрдің орынбасары - Қаржы министрі қызметінде қалды.

Мұрат Нұртілеу Премьер-министрдің орынбасары - Сыртқы істер министрі қызметінде қалды.

Руслан Жақсылықов Қорғаныс министрі лауазымында қалды.

Азамат Есқараев Әділет министрі болып қалды.

Саясат Нұрбек те Ғылым және жоғары білім министрі қызметінде қалды.

Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният та өз қызметінде қалды.

Ғани Бейсембаев Оқу-ағарту министрі қызметінде қалды.

Сырым Шәріпханов Төтенше жағдайлар министрі қызметінде қалды.

Ең жас министрлер, 40-тың қырқасындағы Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров пен Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусиндер де өз лауазымдарында қалды.

Кезінде облысты басқарған тағы бір шенеунік – Қанат Бозымбаев бүгін жаңа қызметке келді. Ол енді президенттің кеңесшісі. Бозымбаев әр жылдары энергетика министрі, Павлодар, Жамбыл және Алматы облыстарының әкімі қызметін атқарған.

Онан соң, ауыс-түйіс аймақтарға қарай ойысты. Әуелі, Қазақстанның кешегі Ішкі істер министрі Марат Ахметжанов Ақмола облысына басшы болып барды.

Марат Ахметжанов 2022 жылдың ақпанында Ішкі істер министрлігін тізгіндеген. Сөзге жүйрік Ахметжанов Қазақстанның ұрда-жық полициясына айтарлықтай өзгеріс жасай алған жоқ.

Сонан кейінгі тағайындау Жамбыл облысында болды. Аймақты Қазақстанның бұрынғы Ауылшаруашылық министрі Ербол Қарашөкеев тізгіндеді. Дәл осы Жамбыл облысының шаруалары биыл егін суының тапшылығын бастан өткеріп, өңірде Төтенше жағдай жарияланған. Қырғызстан Таластан ағатын суды тоқтатып, Жамбылдық шаруалардың еккен егісі қурап қалған еді.

Қызметтерінен алынған тағы 2 аймақтың әкімі бар. Олар: Ералы Тоғжанов пен Мұрат Әйтеновтер. Тоғжанов Ақтөбе облысы әкімі қызметінен алынса, Әйтенов Шымкент әкімі креслосын босатты.

Қазақ қоғамы осы бір апай-топай ауыс-түйістердің арасында Алматы әкімін іздеуде. Халық отставкасын талап етіп, петиция жариялаған Ерболат Досаевқа қатысты әзірге қыбыр еткен қимыл байқалмайды.

Mezgil.kz


Ұқсас тақырыптар