ОСК: «Референдумға дайынбыз», - дейді: Бұ не асығыстық?

Қазақстанда АЭС салу керек пе? Бұл сұрақ бүгінде ел аузында, қоғам талқысында. Атом электр станциясының салынуына қатысты мәселені президент Қасым-Жомарт Тоқаев 1-қыркүйектегі халыққа жолдауында айтты. Шешім біржақты билік тарапынан қабылданбай, референдум арқылы анықталатынын жеткізді.


Омск | Омский поставщик для мировых АЭС обзавелся новыми станками -  БезФормата

 

Бүгінде әлемнің 31 елінде АЭС бар және соңғы дерек бойынша әлем бойынша жұмыс істеп тұрған ядролық реакторлар саны 440-тан асады. АЭС-і бар елдердің қатарында АҚШ көш бастап тұр. Франция, Қытай, Ресей, Оңтүстік Корея, Жапония мен Ұлыбритания елдері де АЭС бойынша көшбасшылар қатарында. Жалпы атом электр станциялары дамыған елдерде бой көтерген. Себебі АЭС салу көп қаржыны, қыруар уақытты қажет етеді. Оны тек қалтасы қалың елдер ғана еңсере алады.

 

Посткеңестік елдердің ішінде АЭС қазіргі уақытта Ресейде, Беларусьте және Арменияда бар. Ресей билігі Беларуське екінші АЭС салу бойынша ұсыныс жасады. Оны Мәскеу өзі несие арқылы қаржыландыруға дайын, ал Лукашенко билігі бұл ұсынысқа әлі жауап қатпады.

 

Қазақстанға АЭС салуды мамандар электр энергиясының тапшы болуымен түсіндіреді. Бұл тапшылық артпаса, кемімейді дейді олар. «Жаппай блэкаут болмай тұрып, АЭС салып алайық» деп жүргендер де жетерлік. Алайда қоғамның бұл ұсынысқа қатысты көзқарасы екіге жарылды. Бірі АЭС салуды қолдаса, енді бірі үзілді-кесілді қарсы болып отыр.

 

Жалпы қоғамымызда АЭС-ке қатысты үш топ бар. Бірі АЭС салуды қолдайды. Кім салса да АЭС салынсын деген ойда. Бұл бізді көршілерімізге электр энергиясына тәуелді етуден сақтайды және ұзақ жылдық электр энергиясының тұрақты көзі болады дейді. Бұл пікірдегі азаматтар үшін АЭС-ті қай тараптың салғаны маңызды емес, маңыздысы салынғаны.

 

Екінші топ АЭС салуды жақтайды, бірақ АЭС-ті Ресей немесе Қытай салмасын деген ойда. Бұл Мәскеуге немесе Бейжіңге деген сенімсіздіктен туындаған пікір болса керек. АЭС-ты аталмыш елдер қысым рычагы ретінде қолданады дейді және осы екі елден басқа мемлекеттер АЭС салуға келіссе, онда атом электр станциясының салынуына қарсы емес.

 

Үшінші топ АЭС салуға үзілді-кесілді қарсы. «Мүлде салмау керек» деген ойда. Мысал ретінде 1986 жылғы Чернобыль мен 2011 жылғы Фукусиманы келтіреді. Соңғы уақыттағы Ресейдің Запорож АЭС-ін басып алып, бопса құралына айналдырғанын да айтады. Бұл пікірдегі азаматтар КСРО кезеңіндегі радиацияның зардабын да дәйекпен келтіруде. «Әскери қоймалары жиі жарылатын елде, АЭС салу аса қауіпті» деуде.

 

Қоғам сан түрлі ойдан тұрады. АЭС салу/салмау мәселесінде плюрализмнің болуы заңдылық. Референдум сол пікір қайшылығын анықтау үшін де қажет. Алайда АЭС салуға қатысты сұрақты референдумға шығармас бұрын, қоғам алдында түсіндіру жұмыстары жүруі тиіс.

 

АЭС дегеннің не екенін білмейтін де жандар бар. Жалпы: АЭС не үшін керек? АЭС салғаннан экономикаға қандай пайда бар, экология зиян шеге ме? Қай елдің АЭС салуда технологиясы озық? АЭС салу бізді қанша жылға электр энергиясы тапшылығынан арылтады? АЭС салуда қанша қаржы кетеді, оны қайдан аламыз? АЭС салынған аймақтың экономикасы, халқының әлуеметтік жағдайы, жұмыс тапшылығы өзгере ме? АЭС салынатын су айлағының су деңгейі, су сапасы қандай болмақ?

 

Міне, бұл халыққа түсіндірілуі тиіс сұрақтардың бір парасы ғана. Түсіндіру жұмыстарын жалпы халыққа қолжетімді етіп, әлеуметтік желілер, видеоконтенттер, офлайн кездесулер арқылы жасауға болады. Он эксперттің басын қосып, жиналыс өткізу түсіндіру емес, мамандар пікірін жинақтау. Оны халыққа түсіндірдік деп көрсету қате. Қоғам референдумда АЭС-ке қатысты жалпы нақты түсінікпен барып, өз таңдауын жасай алуы тиіс.

 

Бірақ, бүгін Орталық сайлау комиссиясы атом электр станциясының құрылысы бойынша референдум өткізуге дайын екенін айтты. Бұл туралы комиссия мүшесі Шавкат Өтемісов мәлімдепті. «Қазіргі кезде барлық дайындық шаралары, соның ішінде сайлаушылардың тізімін әзірлеу, сондай-ақ аймақтық сайлау комиссиялары өткізетін жұмыс жоспарлы түрде жүріп жатыр. Біз дайынбыз», - деді ОСК мүшесі парламент отырысының кулуарында.

 

Оның айтуынша, референдумды биыл өткізуге шешім қабылданса, Орталық сайлау комиссия оны ұйымдастыруға үлгереді. «Біз дайынбыз, әрине, үлгереміз», - дейді Өтемісов. Бұ не асығыстық, ОСК? Алдымен түсіндіру, содан кейін референдум болуы тиіс емес пе?!


Mezgil.kz

 

 

 

 

 

 

 



Ұқсас тақырыптар