Украинаның әскери құпиясы: Мәскеуге жететін зымыран...

«Украина әскері Мәскеуге, Рязаньға және Курскке жететіндей зымыран ойлап тапты, анығы модернизациялады» дейді Батыстық сарапшылар. Бұл ақпаратқа қатысты Украинаның Би-би-Си бөлімшесі өзіндік зерттеу жүргізіп, әңгіменің қандай зымыран жайлы болып жатқанын анықтауға тырысты.


Москву» поразил украинский «Нептун», и это не первое его применение — УСІ  Online

 

31-тамызда, Украина президенті Владимир Зеленский: «Біз өзіміздің алыс қашықтықтағы нысанды жоюға қабілетті қаруымызды сәтті қолдана білдік. 700 шақырымдағы нысан жойылды», - деді. Алайда ол нақты қандай қару екенін айтпады. Зеленскийдің мәлімдемесіне дейін Ресейдің Псков әуежайына шабуыл жасалып, бірнеше ұшақ өртеніп кетті. Псков пен Украина арасы 700 шақырымға жуық, ал әуежайға шабуыл дрондар арқылы жасалды. БАҚ «Украина президенті дәл осы қару жайлы айтып отыр» деген қорытынды жасады. Дей-тұра Ресей тарапы Украина дрондары 700 шақырым қашықтықты еңсермегенін, дрондар әуежайға жақын маңнан ұшырылғанын айтқан болатын. 

 

31-тамыз күні Ұлттық қауіпсіздік және қорғаныс кеңесінің хатшысы Алексей Данилов белгісіз зымыранның сынағы көрсетілген видеоны жариялады. Дәл сол видеоны сол күні Украинадағы зымыран жасау көшбасшысы саналатын «Луч» компаниясы да жариялаған болатын.

 

Данилов видеоның астына былай сипаттама берді: «Украина президентінің зымыран жасау бағдарламасы сәтті іске асуда. Сынақтар сәтті өтті, ұрыс даласында тиімді қолданылды». Бұл жазба «Украинада алыс қашықтықтағы нысанды жоюға қабілетті зымыран пайда болды» деген деген болжамды арттыра түсті.

 

«Укроборонпром» қызметкері Данилов көрсеткен видеода қуатты жаңа зымыран екенін растады. Олар бұл зымыранды Украина ұрыста қолданып үлгергенін айтады. Аталмыш зымыран «Нептун» зымыранының модернизацияланған түрі болуы ықтимал.

 

«Нептун» зымыраны осыдан үш жыл бұрын Украина қорғаныс саласына беріле бастады. Зымыранды Украинадағы «Луч» компаниясы жасап шықты. Қару негізінен теңіз нысандарын жоюға арналған. Соғыс басталған сәтте «Украина қоймаларында бірнеше зымыран ғана бар» деген ақпарат шықты. 2022 жылдың 13-сәуірінде Қара теңізде Ресейдің "Мәскеу" крейсеріне екі зымыран тиіп, суға кетті. Зеленский Ресей кемесін суға батырған сәтте: «Украина қорғаныс саласының үздік зымыраны Нептун алғаш рет әскери жағдайда қолданылып, өте тиімді екенін көрсетті», - деп жазды.

 

Батыс тарапы Украинаға қуатты «Гарпун» зымырандарын бере бастаған сәтте, «Нептун» зымыраны жайлы ақпарат та БАҚ бетінде айтылмайтын болды. АҚШ басылымдары 2022 жылдың желтоқсанында Украина тарапы Р-360 «Нептун» зымыранын модернизациялап, оны құрлық нысандарын жоюға қабілетті етіп өзгерту жұмыстарын жасап жатқанын жазды. Теңіз нысандарын жоюға арналған зымырандарды құрлық нысандарын жоюға қабілетті етіп модернизациялауға болады. Мысалы Ресей соғыстың алғашқы күндерінен-ақ Х-22 және «Оникс» зымырандарын құрлық нысандарын атқылауға қолданып келеді.

 

Теңіз нысандарын жоюға арналған зымырандарды құрлық нысанын атқылауға қабілетті етіп өзгерту өте қиын. Себебі теңіз нысандарын жоюға арналған зымырандарда көбіне құрлықтағы кедергілерді айналып өту (тау, жота, орман, кедір-бұдыр жер бедері) функциясы жоқ.

 

Ендеше, Украинада тағы қандай зымырандар бар? Киев соғыс басталмай тұрып «Коршун-2» қанатты зымыранын жасау бағдарламасын қабылдағанын айтқан еді. Ал 2022-2023 жылдары Ресей бірнеше украиндық «Гром-2» зымыранын қағып түсіргенін жазды. Ресми бұл зымыранды Украина қолданғанын мойындаған емес, оның тіпті жасалып шыққаны жайлы да ақпарат өте аз. Сарапшылар С-200-дің зымыранын модернизациялап, 600 шақырымдағы нысанды жоюға болатындай өзгерту мүмкін дейді. Алайда бұл өте ескі зымыран болғандықтан, нысанаға дәл тиюі және зымыран қорғаныс жүйесінен сытылып кетуі қиын.

 

Осы факторлардың барлығын ескере отырып, Би-Би-Си Киев «Нептун» теңіз нысандарын жоюға арналған зымыранды құрлық нысандарын жоюға қабілетті етіп өзгерткенін айтуда. Әскери сарапшылар «ол үшін зымыранға турбоқозғалтқыш пен жер бедеріне байланысты ұшу траекториясын өзгерту датчиктері салынуы мүмкін» дейді. Зымыран ресми 300 шақырымға жетеді, алайда модернизациялау арқылы оның ұшу қашықтығын екі есеге ұлғайтуға болады дейді мамандар. 


"Украина әскері соғыс аяқталғанға дейін нақты қандай зымыранды қолданғанын және қолданатынын ашық айтпайды. Бұл үлкен әскери құпия және Ресей зымыран шығару орталығын жоюға барын салады" дейді әскери сарапшы Олег Онич. 


Mezgil.kz



Ұқсас тақырыптар