Дүйсенбіде Израиль делегациясы Эр-Риядта өткен ЮНЕСКО отырысына қатысты. Жиын әлемдік мәдени ошақтардың жаңартылған тізіміне байланысты өткен болатын. Бұл Сауд Арабиясындағы мәдени шараға барған алғашқы израильдік делегация болып отыр.
ЮНЕСКО жиынында «Израиль» деген жазуы бар кувертка тұрды. Бұл көптеген саудиялықтардың түсініспеушілігін тудырды, алайда ресми биліктің шешіміне қарсы шыға алмады.
«Осыдан бірнеше жыл бұрын Сауд Арабиясында осындай жиын өтіп, оған Израиль қатысады десеңіз, онда сізді көпшілік жынды дер еді. Алайда бүгін ол ақиқатқа айналды», - дейді AFP агенттігіне пікір білдірген саудиялық сарапшы.
Израильдік делегацияның қатысуына қатысты Израиль де, ЮНЕСКО да, Сауд Арабиясы да ресми түсініктеме бермеді. Сауд Арабиясы мен Израиль арасында тікелей қатынас рейсы болмағандықтан, израильдіктер Дубай арқылы келген. Израильдің жиынға қатысуы саяси бағытта болмаса да, сөзсіз бұл екі ел арасындағы қатынастың жақсару бағытында екенін аңғартады.
Эр-Рияд Израильді мемлекет деп мойындамай келген елдің бірі. 2020 жылы АҚШ мұрындық болып, Парсы шығанағындағы бірқатар елдер Израильмен байланыс орната бастады. Бахрейн мен БАӘ сол сәтте Израильмен жауластықты тоқтатып, қатынасты бейбіт бағытта дамытуға келісті. Ол келісімге 2020 жылы Сауд Арабиясы қосылған жоқ.
Алайда Сауд Арабиясының тақ мұрғагері Мұхаммед бин Салман ханзада сыртқы саясатты өзгерту бойынша реформа жасауда. Ол Сауд Арабиясы барлық елмен қатынас орнатуы тиіс дейді, тіпті жау саналатын Иран мен Израильді де ел ретінде енді жоққа шығармайды. Бірде Ханзада Салман Батыстық медиаға пікір білдіруде: «Мен қандай ұлт болса да өз елінде бейбіт өмір сүруге құқылы деп санаймын. Палестиндіктер де, израильдіктер де жерге ие болу құқыға бар», - деген еді. Сауд Арабиясының бірде-бір саясаткері Израильдің өз жері болу құқығын бұрын мойындаған емес. Сарапшылар енді Сауд Арабиясы Израильді жау санамайтынын айтуда, екі ел арасындағы бейбіт қатынасты дамыту формуласы қалыптасып жатқанына мән беру керек дейді.
Ханзада Салман ішкі саясатта да үлкен өзгеріс жасауда. Ол әйелдерге қатысты тыйымдарды азайтып, әйел азаматтардың көлік жүргізу, спортпен айналысу, қоғамдық шараларға қатысу, тәртіп сақшысы болу, ұшқыш болу құқықтарын бекітті. 2024 жылы алғашқы саудиялық әйелді ғарышқа жіберу жоспары қарастырылуда.
Mezgil.kz