Қазақстан «Орыс тілі» ұйымын құрмақ: Тілдік федерализм кімге керек?

Естеріңізде болса, президент Қасым-Жомарт Тоқаев былтыр қазанда Петерборда өткен ТМД елдері басшыларының бейресми саммитінде ТМД жанынан орыс тілін қолдау және дамыту бойынша халықаралық ұйым құруды ұсынғаны баршаға мәлім. Қоғам мұны сол кездегі геосаяси жағдайға байланысты айтылған ұсыныс ретінде қабылдады.

1695631173192921.jpg

ҮКІМЕТ ҰСЫНЫСЫ: ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ОРЫС ТІЛІ ҰЙЫМЫН ҚҰРУ

ТМД бойынша биыл – «орыс тілі» жылы. Ал бүгін, Ашық нормативтiк құқықтық актiлердiң интернет-порталында «Орыс тілі жөніндегі халықаралық ұйымды құру туралы шартқа қол қою» туралы ҚР Президенті Жарлығының жобасын жария талқылауға салыпты. Қол қойған – Премьер-министр Әлихан Смайылов.

1695630257646042.jpg

Қазіргі таңда Смайылов қол қойған аталмыш жобаның қаншалықты қажеті бар – біз осыны талқылап көрелік.

1695630408451927.jpg

(Сурет әлеуметтік желіден алынды)

ҚАЗАҚСТАН ОРЫС ТІЛІН ҚОРҒАЙТЫН ҰЙЫМҒА МҰҚТАЖ БА?

«Бір тойда екі жар жоқ» деген ұлағат бар. Иә, қазіргі тілдік белгіге қарай қаққа жарылған қазақ қоғамын көз алдымызға осылай елестете бастадық. Осы ретте әуелі «Қазақстанда орыс тіліне немесе орыс тілділерге қысым жасалып жатыр ма?» деген заңды сұрақ туады. Әрине, бұған бір сәт кідірместен «жоқ» деп жауап беруге болады. Неге?

Біріншіден, Үкімет басында отырғандардың арасынан бір ауыз орысша білмейтін жан баласын итпен іздеп таба алмайсыз. Бірақ Мемлекеттік тілді білмейтін шенділер баршылық. Олар, тіпті, қазақ тілінде жазылған антты әр сөзінен сүріне-мүріне ежіктеп оқып, күлкіге де қалған.

Екіншіден, біздің заң немесе құжаттар алдымен орыс тілінде жазылып, кейін барып қазақ тіліне аударылады. Бұл дәлелдеуді қажет етпейтін құбылысқа айналып кетті деуге әбден болады.

Үшіншіден, Қазақстанда орыс мектептері мен аралас мектептердің саны жеткілікті. Керісінше, қоғам жыл сайын қазақ мектептері жетіспейтінін айтып дабыл қағады.

Осындай «-ыншы, -іншілерді» онға, тіпті, жүзге дейін жеткізуге бармыз. Алайда жұртқа онсыз да белгілі жағдайды қайталап, алтын уақыттарыңызды бекерге ысырап еткіміз келмейді.

Десе де, қазақ қоғамын тілдік белгіге қарай қаққа жару қашан тоқталады, тілдік федерализм идеясы кімге керек, тілдік федерализмді жақтаушылар неге Ата Заңымызға бір көз жүгіртіп алмайды, деген сауалдарды тағы да күн тәртібіне қоюға мәжбүрміз! Қазақстан Республикасының Конституциясының 2-бапының 1 тармағында: «Қазақстан Республикасы - президенттік басқару нысанындағы біртұтас мемлекет», - деп жазылған. Енді осы біртұтас мемлекетті қаққа жаратын осындай жоба неге керек деген басы ашық сауал атойлап алға шығады? Бұл – бір!

1695630627916636.png

ОРЫС ТІЛІН ҚОРҒАУШЫ ҰЙЫМДЫ ҚАЗАҚСТАН ҮКІМЕТІ ҚАРЖЫЛАНДЫРА МА?

Сонан соң, электронды Үкімет порталында жарияланған ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі әзірлеген түсіндірме жазбада: «Жобаны іске асыру ратификациялау рәсімі өткізілгеннен кейін МЕМЛЕКЕТТІК БЮДЖЕТТЕН ҚАРАЖАТТЫ ТАЛАП ЕТЕДІ», - деп жазылған. Ендеше аталмыш жобаны іске асыру – мемлекет бюджетін қажетсіз дүниеге рәсуа ету деген сөз. Ал жоба жүзеге аса қалса, әлемдегі экономикалық жағдай халықтың қос бүйірінен қысқан тұста, қоғамның қалай бағалауы мүмкін екені бесенеден белгілі дүние. Бұл – екі!

Біз осы ретте есім-сойлары елге белгілі азаматтардан пікір сұрадық. Мархабат:

1695630670781034.jpg

(Сурет әлеуметтік желіден алынды)

ЖОБА ЖҮЗЕГЕ АСА МА, ЖОҚ ПА – БҰЛ ТӨРТІНШІ, МҮМКІН, БЕСІНШІ МӘСЕЛЕ!

Ермұрат Бапи, Мәжіліс депутаты:

- Президент мұны қайда, қашан айтып еді, әуелі осыған назар аударайық. Бұл – Қасым-Жомарт Тоқаевтың аузынан бір жыл бұрын шыққан сөз. Ол кезде геосаяси жағдай ушығып тұрған және Қазақстанның жеті жарым мың шақырым шекарасы Ресеймен шектеседі, бұған қоса экономикалық алыс-берісіміз де әжептәуір. Осыларды ескерсек, мұны айту қажеттіліктен туғанын аңғару қиын емес. Тіпті, саяси қулық десек те болады.

Айтылды да, айтылған жерінде қалды. Бұл жобаны енді ғана, яғни, бір жыл өткен соң барып ашық талқыға салуы – Үкіметтің бұған салғырт қарайтынын білдірмей ме?! Егер Президент сонша маңызды іске балап, бірден тапсырма бергенде, бір айдың ішінде-ақ талқыланар еді.

Ал талқылаудан кейін жоба жүзеге аса ма, жоқ па – бұл төртінші, мүмкін, бесінші мәселе. Сондықтан жоғарыдағы жайтқа аса мән беріп, Президенттің саясатын кекете-мұқата талдайтын түк те жоқ.

1695630727985590.jpg

«РУССКИЙ МИРДІҢ ЖАЛҒАСЫ»: ОРЫС ТІЛІ «ЭКСПАНСИЯСЫ ШОҒЫН» ӨЗІМІЗ ҮРЛЕЙМІЗ!

Әбдірашит Бәкірұлы, Алматы қаласы, Жетісу ауданы Халықаралық Қазақ тілі қоғамы филиалының төрағасы:

- Біріншіден, әрбір тәуелсіз мемлекеттің өздері қабылдаған «мемлекеттік тілі» болады. Мемлекет өз ішінде қарым-қатынас жүйесін реттеп, тілді үнемі жетілдіріп отыруы тиіс. Олай болмаған жағдайда, қоғамдық қатынас жүйесінде үлкен олқылықтар орын алып, «тілдік коммуникация» нашарлайды. Сөйтіп, қоғам өзінің біртектілігінен ажырап, қоғамды ортақ мақсатқа жұмылдыру мүмкін болмайды. Ендеше, «Халықаралық тіл» статусына ие Ресей Федерациясының мемлекеттік тілі өзінің дамуы мен қорғалуын Қазақстан сияқты тәуелсіз мемлекеттен «сұрағаны» абсурд. Себебі, Қазақстанның өз «мемлекеттік тілі» бар. Оған бекітілген тіл -  қазақ тілі. Бірақ оның тұғыры әлі берік болмай тұрғанда, және, қазақ тілінің мемлекеттік статусына, шынын айтсақ, «ресми орыс тілі» үлкен қолбайлау болып тұрғанда - мұндай қадам біздің мемлекеттік мүддемізге сай келмейді.

Ондай қадам қоғамда ұлттық татулықты орнату мақсатында көтерілуі мүмкін. Алайда, ол күнделікті практикада «көмулі мина» болып табылады.Бізде онсыз да қазақ тілінің заңды статусын мойындамайтын азаматтар жеткілікті. Тіптен, олар шамадан тыс көп. Ал, оған қарсы бағытта қазақ тілінің мемлекеттік статусы үшін күресуші топ тұр. Олардың саны бұдан да көп. Міне, ендеше, алғашқы түсінбеушілік осы екі ортада пайда болады деп ойлаймын. Бір жағында - Халықаралық Орыс тілі ұйымы тұрады. Екінші жағында - Халықаралық Қазақ тілі қоғамдық бірлестігі тұрады.

Екеуінің мақсаты бір-біріне сәйкес болмаған соң, оның арты мемлекет тұтастығына теріс әсер етумен жалғасады. Сөйтіп, мүмкін, ізгі мақсаттан туған бұл қадам ізгіліке емес, кері әрекетке ұштасуы әбден мүмкін. Сондықтан, ондай ұйымды мен дүниежүзіне тарап жатқан «русский мир» атты саясаттың жалғасы деп санаймын.

Егер, оған қоса, ол ұйым мемлекет тарапынан қаржыландыратын болса, онда бізде «Халықаралық Қазақ тілі қоғамы неге мемлекеттен қаржыландырылмайды?» деген сұрақ көп күттірмейді. Сөйтіп, «қамтамасыз етілген» тарап пен «қамтамасыз етілмеген» тарап арасында ашық түрде өзара төзімсіздік  пайда болуы ғажап емес.

Әділеттілікті талап етуші қоғам мұндай әділетсіздікке, басқаша айтқанда, «тілдік дискриминацияға» төзе алмайтыны анық. Нәтижесінде неге қол жеткіземіз?

1. Біз қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретінде дамуын ұзақ жылдарға шегереміз.

2. Қолдауға аса бір мұқтаж боп отырмаған орыс тілі «экспансиясы шоғын» өзіміз үрлейміз. Сол арқылы, осыған дейін жалғасып келе жатқан тіл қайшылығын одан әрі шиеленістіреміз.

Бұл елімізге ресейліктердің үдере көшіп келіп жатқан жағдайында - көшіп келушілердің Қазақстан мемлекетін «тәуелсіз мемлекет» деп мойындауына кері әсер ететін болады.

Басқаша болуы мүмкін емес! Сондықтан, алып көрші мемлекеттің «тілін қорғау» бізге тиімсіз дер едім. Ертең тілдерін қорғап арабтар шықса, одан әрі қытайлар шықса -  оларға төтеп беруге қазақ халқы мен оның тілі - қазақ тілінің шамасы жете ме? Күмәнді...

Ендеше, ондай жағдайда ұлт ретінде қалуымыз да күмәнді бола түседі... Тілден абай болайық, ағайын.

1695630785173211.jpg

КЕРІСІНШЕ, ҚАЗАҚ ТІЛІ ТІЛДІК ДИСКРИМИНАЦИЯҒА ҰШЫРАУДА!

Аятжан Ахметжанұлы, педогог, QAZBILIM Ұлттық лицейінің директоры:

- Қазақстанда Мемлекеттік тілді қорғау туралы ұйым бар ма екен? Ал Тіл туралы заңнама қабылданғанына неше жыл болды, мұны жаңарта алдық па деген сұрақ әлі өзекті. Дәл осы жағдайда орыс тілі туралы, оны қорғау туралы әңгіме айтудың өзі артық.

Қазіргі таңда орыс тіліне немесе орыс тілділерге ешқандай қысым жасалып жатқан жоқ. Қазақ тілін білмейтін адам мемлекеттік қызметте жүр ме? Жүр! Ал орыс тілін білмейтін адам қызметте жүр ме? Жоқ! Олай болса, қысым қай тілге жасалып жатыр? Қазақ тіліне!

Оны былай түсіндіруге болады: Қазақ тілін білмесең кез келген жұмысты істей бересің, ешқандай қысым жоқ. Ал орыс тілін білмегенің үшін мемлекеттік қызметте отыра алмайсың. Заңда дәл солай жазылмауы мүмкін, бірақ, іс жүзінде осы үдеріс жүріп жатыр. Мемлекеттің іс-қағаз құжаттары орыс тілінде. Біз осы арқылы қазақ тіліне белгілі бір деңгейде көр қазып жатырмыз. Өз қолымызбен буындырып өлтіріп жатырмыз.

Өкініштісі, аталған жобаны қабылдатпаудың қандай да бір тетігі жоқ.  Өйткені ол – қатардағы адамның ұсынысы емес!

Mezgil.kz


Ұқсас тақырыптар