Сарапшылар: "Иран зейнетақы төлеуі үшін аралдарын сатуы мүмкін"

Иранда халық тағы наразылыққа шығуда. Бір жыл бұрын Иран халқы хиджап дауынан кейін наразылыққа шығып, елде бірнеше айға созылған қақтығыстар болды. Мыңға жуық адам қаза тауып, ондаған мың адам сотталды.


 

Бұл жолы Иранда зейнеткерлер наразылыққа шығуда. Иранда зейнетақы мәселесі үнемі дау-дамайдың арасында болған-ды. Алайда бұл жолы ол критикалыққа шекке жетіп отыр. Зейнеткерлер зейнетақы жүйесін реформалауды сұрауда. Зейнеткерлер үнемі Иран қоғамында наразылық танытып келген болатын, алайда ешқашан қозғаушы күштің бірі болмады. Тіпті олардың наразылықтарын тәртіп сақшылары да күшпен басқан емес. 

 

Иранда соңғы үш жылда азық-түлік бағасы аспандап кеткен. Тіпті әдетте шындықты бүркемелеп қалатын Иранның статистикалық басқармасы бір жылда азық-түліктің кей түрі 80 пайызға қымбаттағанын айтты. Осылайша Иран азық-түлік инфляциясына қатысты әлемдегі бес елдің қатарына кірді. Сарапшылар Иран зейнеткерлерінің төрттен үші медициналық қызмет түрлерін төлеуге қабілетсіз екенін айтады. Ал Ирандағы 18 зейнет қорының 17-сі қаржылық қиындық көруде, кейбірі банкрот алдында тұр.

 

Иран билігі зейнет қорларын қазіргі уақытта реформалау мүмкін еместігін айтуда. Оған ел қазынасында қаржы тапшы. Ал Иранның кей сарапшылары алдағы уақытта зейнетақы төлеуді шешу мақсатында Иран билігі Парсы шығанағындағы Киш пен Кешм аралдарын сатуы мүмкін екендігін айтқан. Сарапшылар тіпті Ираннан экономикалық санкцияларды алып, күніне 3 млн баррель мұнай тасымалына рұқсат еткен күннің өзінде зейнет қорларының дағдарысын шешу қиынға соқпақ деседі.  

 

Зейнет қорларының дағдарысы жыл сайын күрделі күйге түсуде. Иранда жыл өткен сайын зейнеткерлер саны артуда, ал сақтандыру және зейнет қорына қаржы аударушылар саны керісінше азайған. 2020 жылы Иран денсаулық сақтау министрінің орынбасары Мохаммед-Таки алдағы жиырма жылда елдегі халықтың 20 пайызының жасы 65 жастан жоғары болатынын болжаған еді. 1976 жылы бұл көрсеткіш бар болғаны 6.5 пайызды құраған, ал бүгінгі таңда ол 10.1 пайызды көрсетуде.  

 

Иранның әлеуметтік жағдайының нашарлауы мен халықтың жыл сайынғы төлем қабілетінің төмендеуі елдегі наразы көңіл-күйді арттыруда. Иран Тәуелсіз кәсіподақтар бірлестігінің басшысы Жафар Әзімзаде: «Ел билігі Сирияға, Латын Америкасы елдеріне көңіл аударып, әскери мақсаттағы жобаларды іске асыруға тырысып жатыр. Зымырандар жасауда. Алайда сол сәтте зейнеткерлердің дастархандары бос тұр, жейтін ас, ішер сусындары жоқ. Тегеранды осы мәселе алаңдатуы тиіс», - дейді ол. Сарапшылар Ирандағы ауқымды наразылықтарды енді зейнеткерлер жасайтынына сенімді.


Mezgil.kz



Ұқсас тақырыптар