Қазір әлем картасында орын алып жатқан алағай да бұлағай ахуал Орталық Азия елдерін де айналып өтпегені анық. Әсіресе, «Жаңа Ресей империализмі» Украинаға қарсы басқыншылық соғыс бастаған тұстан бастап, ОА-ға талас қыза түсті.
Ресей билігінің 2022 жылдың ақпанында соғыс бастауына әлемнің өркениетті елдері қатал жауап қатып, Ресейді экономикалық және саяси санкциялардың астына алып бағуда. Қарапайымшалап айтсақ, Ресей әсте-әсте оқшаудағы елге айналып, қапшығындағы санкциялардың саны жөнінен Солтүстік Корей мен Ираннан, «президенттіктен жалықтым, енді патша боламын», - деп желпініп отырған Башар Асад басқаруындағы Сүриядан да оқ бойы озық шықты. Бұл ОА-дағы негізгі ойыншы саналып келген Ресейдің позициясын сол ОА аумағында айтарлықтай әлсіретпесе де, Ресейдің «байтал түгілі бас қайғы» деген жағдайда екенін аңғартты.
Ресейдің осы хәлінде Орталық Азияда ықпалын күшейту үшін түрлі экономикалық һәм саяси қадамдар жасап, Ресеймен жеке дара таласқан Қытайдың сөзі күшейер, жүрісі екпінденер тұс еді. Сол үшін де биыл Бейжің ОА басшыларын Қытай жеріне, Шиан төріне арнайы алдырдып, қонақ асын берді. ОА-ға көңіл бұрып, бес елдің әрқайсымен жекелеген келісімшарттар түзісті. Мұнай, газ, энергетика, сауда-саттық, логистика, медицина, гуманитарлық секторларда т.б. келісімдер жасасты. «Бір жол, бір белдеу», «Жаңарған Жібек жолы» т.б. проектілер ауқымдана түсті.
Десе де, ОА-ға көңіл бұрып, ықпалдасқысы келетін жалғыз Қытай емес. Түркі мемлекеттерінің одағы һәм оның ықпалды ойыншысы Түркия да шекараның шетінен қарап тұр. Кейінгі жылдарға дейін Түркі мемлекеттері ұйымы шеңберінен аттап шыға алмай, гуманитарлық-мәдени байланыстардан аспаған Түркия енді саяси одақ статусын алған Түркі мемлекеттері одағын барынша пайдасына жаратуға жарамданып отырғаны жасырын емес. Әсіресе, 2020 жылғы Әзербайжанның Қарабақтағы жеңісінен кейін Түркі мемлекеттері арасындағы байланыстар да жандана, жаһандана түсті. Бұл да факт.
Сонан соң, ОА-ға назар салып отырған тағы бір алып – АҚШ. АҚШ-қа Еуразия құрлығына стратегиялық көзқарас қажет. Тарихи тұрғыдан Ресей мен Қытайға қарағанда, АҚШ-тың әсері бұл аймаққа әлдеқайда аз болды. Мәскеу де, Бейжің де қиындықтарға тап болған кезде, Вашингтон Орталық Азиямен берік байланыс орнатуға екіленіп кірісті. Сол себепті, жуырда АҚШ-қа ОА-ның бес бірдей басшысы барып, президент Жо Байденмен жолықты.
Жә, ОА үшін таластың қыз-қыз қайнай бастағанын ықшамдап жазуға тырыстық. Ал енді қазір сол стратегиялық маңызды нысанға айналып отырған ОА-ны кімдер басқарып отыр? Олар білімді қайдан алған деген сауалға аз-кем тоқталып, «Mezgil.kz» оқырмандарына ұсынғанды жөн санадық. Қараңыз:
Қазақстан: Қасым-Жомарт Тоқаев (2019 жылдың 9 маусымынан бастап)
Жасы: 70-те.
Президенттікке кірісуі мерзімі: 2022 жылдың 20 қарашасы.
Жоғарғы білімі: МГИМО (Ресей), одан кейін Дипломатиялық академияда білім алған Саяси ғылымдар докторы.
Президенттікке дейін не істеді: Қазақстан Республикасының парламент Сенатаның Төрағасы (2013-2019) болды.
Неше тіл біледі: Ана тілі қазақ тілінен бөлек, ағылшын, француз, қытай және орыс тілдерінде еркін сөйлейді.
Өзбекстан: Шавкат Мирзиеев (2016 жылдың 14 желтоқсанынан)
Жасы: 65-те.
Президенттікке кірісуі мерзімі: 2021 жылдың 24 қазаны.
Жоғарғы білімі: 1981 жылы Ташкент ирригация және мелиорация институтын бітіріп, «инженер-механик» мамандығы бойынша білім алған, техника ғылымдарының кандидаты.
Президенттікке дейін не істеді: 2003 жылғы 12 желтоқсаннан 2016 жылғы 14 желтоқсанға дейін Өзбекстан Республикасының премьер-министрі болды.
Неше тіл біледі: Ана тілі өзбек тілінен бөлек, ағылшын, неміс және орыс тілдерін біледі.
Қырғызстан: Садыр Жапаров (2021 жылдың 28 қаңтары)
Жасы: 55-те.
Президенттікке кірісуі мерзімі: 2021 жылдың 28 қаңтары.
Жоғарғы білімі: Қырғыздың ұлттық дене тәрбиесі институтын, Борис Ельцин атындағы Қырғыз-Ресей Славян университеттерін бітірген.
Президенттікке дейін не істеді: 2020 жылғы 10 қазаннан 2021 жылдың 21 қаңтарына дейін ҚР премьер-министрі.
Неше тіл біледі: Ана тілі қырғыз тілінен бөлек, ағылшын және орыс тілдерін біледі.
Түркіменстан: Сердар Бердімұхамедов (2022 жылдың 19 наурызынан)
Жасы: 42-де.
Президенттікке кірісуі мерзімі: 2022 жылдың 19 наурызы.
Жоғарғы білімі: Ресей Сыртқы істер министрлігінің Дипломатиялық академиясы техника ғылымдарының докторы.
Президенттікке дейін не істеді: Түрікменстанның өнеркәсіп және құрылыс материалдары министрі болды.
Неше тіл біледі: Ана тілі түркімен тілінен бөлек, ағылшын және орыс тілдерін біледі.
Тәжікстан: Эмомали Рахмон (1994 жылғы 16 қарашадан бері)
Жасы: 71-де.
Президенттікке кірісуі мерзімі: 2020 жылдың 11 қазанынан.
Жоғарғы білімі: Душанбедегі Тәжік ұлттық университеті.
Президенттікке дейін не істеді: 1992 жылдың 27 қыркүйегінен 1994 жылдың 16 қарашасына дейін Тәжік Республикасы Жрғары Кеңесінің төрағасы болды.
Неше тіл біледі: Ана тілі тәжік тілінен бөлек, неміс және орыс тілдерін біледі.
Mezgil.kz