Франция президенті Эммануэль Макрон Нигердегі әскери базасын әкететінін жариялады. Шілде айында Нигерде әскери төңкеріс болып, билікті күшпен ауыстырған еді. Франция және Батыс Африка елдері төңкеріс нәтижесін мойындамады. Нигердегі әскери хунта Франциядан әскери базасын және елшілігін шығаруды талап етті. Екі айға жуық Париж бұл талаппен келіспеді, алайда күні кеше Макрон әскери базаны шығаратынын мәлімдеді.
Макрон билікке келген сәтте, Franсafrique ұстанымын жариялады. Ол Франция империя болған сәтте отарлаған Африка елдерімен экономика, саясат және қауіпсіздік саласында әріптестікті үзбей, жоғары деңгейге көтеру болатын. Алайда Макронның Африка бағытындағы саясаты сәтсіз болып, күйреп жатыр деуге толық негіз бар.
Франция соңғы жылдары Мали, Буркина-Фасодағы ықпалын жоғалтты. 2023 жылы Нигер мен Габондағы ықпалынан айырыла бастады. Париж бен ЭКОВАС блогының Нигерге қарсы әскери операция өткізу мәлімдемелері әлі іске аспады, сәйкесінше Нигердегі әскери хунта болуы ықтимал шабуылға тойтарыс тәсілін пысықтау уақытына ие болды.
Франция Нигерге 1960 жылы азаттық берсе де, онда өзінің ықпалын сақтап қалған еді. Бұл әскери салада, саясатта анық байқалатын. Нигер ураны мен алтыны Франция экономикасында маңызды рөл ойнайды.
24-қыркүйек күні Нигердегі әскери хунта "ел тәуелсіздігінің жаңа белесі" деген ұранмен мерекелік басқосу ұйымдастырды. Бұл антифранцуздық мәлімдемелер айтылған жиын болды. Сарапшылар Макронның тұсында Францияның Африкадағы ықпалы азаюын ел басшысының сыртқы саясаттағы қате ұстанымынан дейді. Африкадағы Францияның орнын АҚШ, Германия, Ұлыбритания не Қытай басады дейді сарапшылар. Себебі Африка елдері сыртқы инвестициясыз тау-кен, мұнай өндірістерін қарқынды дамытуға әлі техникалық тұрғыдан қауқарсыз деген тұжырым айтуда.
Mezgil.kz