Таулы Қарабақ Әзербайжанның дәргейіне өткеннен кейін Әзербайжан билігінің қауіпсіздік пен құқықтарын сақтаймыз деген уәдесіне сенбейтін мыңдаған армян аумақтан бас сауғалап кетті. «ВВС» ақпарат корпорациясы осы жағдайға байланысты Грузияның бұрынғы министрі Паата Закареишвилиден сұхбат алып, жариялады.
Грузияның бейбітшілік (Абхазия және Оңтүстік Осетиямен) және азаматтық теңдік жөніндегі министрі болған Паата Закареишвилидің сөзіне қарағанда,
Түркия Ресейді Әзербайжаннан көргісі келмейді екен.
«Қазіргі таңда Қарабақ жағдайында төрт ойыншы бар. Бір тарапта екі ойыншы – Әзербайжан мен Түркия. Әзербайжан өз мүддесін жүзеге асырып жатыр, ал Түркия қауіпсіздік кепілі ретінде ешкімнің Әзербайжанға қоқаң-лоқы көрсетуіне жол бермейді. Үшінші ойыншы – Ресей, Оңтүстік Кавказда қалу үшін кез келген лас әрекетке, тіпті, одақтасы Арменияны «сатып кетуге» де дайын. Алайда Ресейдің 2025 жылға дейін шешілуі тиіс мәселесі бар, Ресей бітімгерлері Қарабақта қала ма – бұл туралы 2020 жылғы үшжақты мәлімдемеде нақты айтылған.
Екі ай бұрын Түркия тұтқынға алынған бұрынғы «Азовсталь» жауынгерлерін Украинаға бергеннен кейін-ақ Ердоған 2025 жылы Әзербайжанда ресей әскері қалмайтынын айтты. Бұған ешкім назар аудармады. Керек десеңіз, Әлиевтің өзі бұл туралы нақты ештеңе айтпаған. Түркия Ресейді, ең болмағанда, Әзербайжанда көргісі келмейді.
Бірақ Арменияда да бұл мәселеге қатысты толқулар байқалады. Ресей Арменияда, ал Армения ҰҚШҰ мен ЕурАзЭҚ экономикалық одағында қалса да, армян қоғамы Ресейге сенбейді», – деді ол.
Жыл басында Пашинян Арменияда ҰҚШҰ оқу-жаттығулары өтпейтінін мәлімдеген. Ал маусым айында Армения қауіпсіздік кеңесінің хатшысы Армен Григорян республиканың ҰҚШҰ-ға мүшелігі белгілі бір қиындықтар тудыратынын айтқан еді. Ол Армения қоғамдық телеарнасынан: «Арменияның ҰҚШҰ-ға мүшелігі, әрине, белгілі бір қиындықтар тудырады, бірақ біздің басқа елдермен ынтымақтастығымызды шектемейді. Біз Батыс серіктестерімізбен қауіпсіздік саласындағы ынтымақтастықты нығайту бағытында қарқынды жұмыс істейміз және осы жұмысты жалғастырамыз», – деген еді. Сондай-ақ, Григорян сол кезде: «2020 жылдан бастап Әзербайжан Арменияға үш рет ауқымды шабуыл жасады, осы кезде ҰҚШҰ Арменияға ешбір көмек көрсеткен жоқ», – деп те айтқан болатын.
Осы жағдайларға қарап-ақ Армения өзінің «қорғаушы періштесі» санап келген Ресейден күдер үзгенін байқау қиын емес. Тіпті, жақында РФ мемлекеттік Думасының ТМД істері, еуразиялық интеграция және отандастармен байланыстар жөніндегі комитеті төрағасының бірінші орынбасары Константин Затулин Армения премьер-министрі Никол Пашинянның үндеуінен мемлекеттің ҰҚШҰ-дан шығуы туралы емеурінін түсінгенін айтқан еді.
Қазақстан қоғамы да ҰҚШҰ мен ЕЭО-дан шығу туралы талабын біраздан бері айтып келеді. Қазақстан Армениямен бірге ҰҚШҰ-дан шығады деген лепес те тараған еді.
Бірақ ҚР сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров бұл дақпыртты жоққа шығарды. «Бұл шындыққа жанаспайды. Осыдан бірнеше күн бұрын ҰҚШҰ-ға мүше елдердің сыртқы істер министрлері өз кеңестерін өткізді. Онда ұйымның одан әрі даму жолдары, осы ұйым аясындағы өзара іс-қимыл талқыланды», – деді ол.
Mezgil.kz