Германия шақырды, Қазақстан барды: Екі ел нені талқы етті?

2022 жылдың 24-ақпаны Еуразия кеңістігіндегі үлкен өзгерістің бастамасы болды. Украинаға Ресейдің басып кіруі сауда жолдары, ресурс сатып алу және сату, транспорт-логистикалық тораптар, ауыл шаруашылығы, банктық сектор және басқа салаларға үлкен өзгеріс әкелді. Украина азаттығын қолдаған Еуропа мен оған қарсы агрессор Ресейдің саясаты әлемдік саясаттағы трансформацияны бастады. Ресей ресурсына жылдар бойы байланып, тәуелді болып келген Еуропа ендігі таңда одан бас тартып, мұнай мен газды өзге елдерден сатып алуға көшті. Әрине, ресейлік мұнай мен газдан толық бас тарту екі жылдың ішінде мүмкін болмаса да, бүгінде Еуропа нарығындағы Ресей газы 70 пайызға азайған.


Ресей-Украина соғысы Орталық Азияға деген әлемдік ойыншылардың қызығушылығын арттырды. Себебі де айқын. Орталық Азия Еуропа елдері үшін посткеңестік аймақ ретінде Ресейді айқын қолдайтын регионға айналмауы тиіс. Ал экономикалық тұрғыдан Ресей ресурстарын алмастырудың бір жолы да осы ОА елдері болмақ. Аймақтың транспорт-логистикалық мүмкіндіктері де көпшілікті қызықтырып отырғаны рас.

 

2022 жылдың күзінде «Ресей және Орталық Азия» атты атаумен алғаш рет саммит өтті. Бұл Ресейдің соғыс бастағаннан кейін өзін осы аймақтағы ел басшыларын жинап, саяси-экономикалық ықпалын сақтап қалуға талпыныс ретінде қабылданды. Артынша Қытай төрағасы Си 2023 жылдың мамырында Сиан қаласында Орталық Азия басшыларын жинап, үлкен саммит өткізді. Қытай аймақ елдеріне үлкен қаржылық жобаларын ұсынды. 2023 жылдың қыркүйегінде АҚШ-та Орталық Азия мен АҚШ арасындағы С5+1 форматындағы кездесу алғаш рет ел басшылары деңгейінде өтті. Яғни, аймаққа Вашингтонның да қызығушылығы артты деген сөз.

 

Енді міне Германия Орталық Азия басшыларын шақырып, «Германия және Орталық Азия» форматында басқосу ұйымдастыруда. Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев жиын алдында Шольцпен жүздесіп, екі ел арасындағы экономика, мәдени сала, медицина және білімге қатысты жобалар мен жоспарларды талқы етті. Журналистер алдындағы арнайы брифингте тілшілер тарапынан Украина мен Ресей арасындағы соғысқа қатысты да сұрақ қойылды.

 

Қазақстан басшысы «Ресейге салынған санкцияларды біздің еліміздің аумағы арқылы бұзылуына жол бермейміз, бұл тұрғыдан тиісті ұйымдармен жұмыс істеудеміз» деді. Бұл соғыс басталғалы айтылып келе жатқан мәлімдеме: «Санкцияға қосылмаймыз, бірақ санкцияның біздің аумақ арқылы бұзылуына жол бермейміз». Осыған дейін Батыстық медиада «Қазақстан аумағы арқылы санкцияда тыйым салынған тауар түрлері Ресейге кіруде» деген бірнеше мақала шыққан еді. Артынша Қазақстанда тіркелген бірнеше компания да қара тізім қатарына қосылды. Осы ретте, Батыстық медиаға санкцияның бұзылуына жол берілмейтінін айту маңызды болатын.


 

Тағы бір айтылған мәлімдеме «Ресейдің Қазақстанға қатысты аумақтық мәселесі жоқ, екі ел шекарасы анықталған» деген сөз болды. Екі ел арасындағы шекара құжатпен шегенделіп, келісімдермен бекітілгені айтылды.

 

Германия әлем экономикасындағы үздік бестіктің ішінде, Еуропадағы көшбасшы елдің бірі. Ресей мен Украина соғысы Германия экономикасына үлкен өзгеріс әкелді. Ол Ресей газы мен мұнайынан бас тарта бастады, «Солтүстік ағын-2» жобасын тоқтатты, кейін «Солтүстік ағын-1» құбырында жарылыс болды. Германия жаппай энергетика саласында Ресейді алмастыру жолын іздей бастады. Міне, осының аясында Қазақстан мен Германия арасында байланыс артты. Қазақстан Ресей аумағы арқылы және Транскаспий бағытында (Қазақстан-Әзербайжан-Грузия) Германияға мұнай сатуда. Соғысқа дейін Германия бізден жылына 200 мың тонна мұнай алса, енді ол көрсеткішті 1.2 млн тоннаға жеткізу келісімі ұсынылуда. Шольц пен Тоқаевтың кездесуінде Берлин мұнай көлемін арттыруды сұрады, Қазақстан ондай мүмкіндіктің барын айтты.

 

Германия мен Қазақстанның тауар айналымы өткен жылы 2.7 млрд долларды құраған. Оның ішінде Қазақстан мұнай, ферроқорытпа өнімдері, балық өнімдері, тұз, бағалы металдар, темір және т.б экспорттаған. Германия Қазақстанға ұшу аппараттары, дәрі-дәрмек, көліктер, ауыл шаруашылық техникалары, медициналық жабдықтар, адам және жануар қаны, мотор майы және басқа саудалады. Бұл сауда қатынастарын арттыру және екі ел арасындағы тауар айналымын көбейту маңызды.

 

Қазақстан Германия кәсіпкерлері мен қаржылық секторын елімізге әкелудің тиімді жолдарын іздестіруде. Сол мақсатта ел басшысы бірнеше көшбасшы неміс компанияларының басшыларымен жолықты.


 

STADA жоғары сапалы дәрі-дәрмек өндіретін жетекші компаниясының басшысымен кездесіп, Қазақстан нарығында қызметін арттыру тақырыбы талқы болды. Бүгінде компания өз өнімдерін әлемнің 120 елінде сатуда, оның ішінде Қазақстан да бар. Компания Қазақстандағы медицина саласындағы зерттеулерге инвестиция құюға әзір екенін жеткізді.

 

HHLA жетекші еуропалық логистикалық компания басшылығымен де кездесу өтті. Догиятикалық бағыттарды әртараптандырып жатқан Қазақстан үшін, бүгінде жүк тасу жолдарын сан бағытта дамыту маңызға ие. Қазақстан құрғақ және сұйық жүктерді  тасымалдауға арналған жаңа танкерлер сатып алу, сондай-ақ Каспий теңізіндегі Ақтау және Құрық порттарын жаңғырту үшін қаржы тартуға мүдделі екенін айтты. Компания Қазақстанда өз филиал ашпақ және логистика саласына инвестиция құймақ.


 

HMS Bergbau AG компаниясының басшылығымен кездесу өтті. Германиядағы қатты пайдалы қазбаларды барлаумен және өндірумен айналысатын жетекші тәуелсіз компаниялардың бірі саналатын HMS Bergbau AG бүгінде АҚШ, Сингапур, ОАР, Индонезия, Польша, БАӘ мемлекеттерінде шикізат өндіру жұмыстарын белсенді жүргізіп жатыр. Компания Шығыс Қазақстан облысында литий өндіретін және оны қайта өңдейтін кен байыту комбинатын салу жобасын таныстырды. Жобаның инвестициялық құны 500 миллион доллардан аспақ. Қазақстан ол жобаны қолдайтынын және инвесторларға заң аясында қолдау болатынын айтты.

 

Қазақстан Германиямен сан салада байланысын арттыруды көздеп отыр. Ол энергетика саласынан бастап өзге де маңызды бағыттарды қамтиды.


Mezgil.kz



Ұқсас тақырыптар