Ресей ақпарат құралдарының құлындаған дауысы құраққа шығып, тағы да заржақтана өкіріп жатыр. Тақырыбы – баспаға әзірленіп жатқан 7 томнан тұратын «Ежелгі дәуірден бүгінге дейінгі Қазақстан тарихы» атты академиялық басылым.
Етегін жасқа толтыра жылауының себебі – кітапта Қазақстанның Патшалық Ресейден, Кеңестік жүйеден, жалпы орыстан тартқан тауқыметі де қоса баяндалмақ.
Қасым-Жомарт Тоқаев 2021 жылы жарияланған «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты академиялық мақаласында Қазақстанның тарихын жаңа жүйелі түрде зерттеу қажеттігін айтқан еді. Сол жылдың қазан айында Атырау қаласында «Ұлық ұлыс — Алтын Орда» атты халықаралық конференция өтіп, сол кездегі ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов «Ежелгі дәуірден бүгінгі күнге дейінгі Қазақстан тарихы» атты академиялық басылым әзірленіп жатқанын мәлімдеген болатын.
«Ежелгі дәуірден бүгінгі күнге дейінгі Қазақстан тарихы» атты академиялық басылымды әзірлеу орталығының басшысы Алтын Уәлиева кеше, баспасөз мәслихатында аталған көптомдықтың даяр болып қалғанын жеткізді.
Уәлиеваның айтуынша, жаңа академиялық басылымды әзірлеуге бес ғылыми-зерттеу институты мен 300-ден астам ғалым жұмылдырылыпты.
Көптомдық тарихты ықылым заманнан бері тартып, қазіргі Қазақстанның қалай қалыптасқанын әлемдік мұрағаттардағы құжаттармен айғақтап көрсетпек.
«Бұған дейін тарихи деректерде Қазақстан аумағын алып жатқан алты-жеті мемлекет туралы айтылған болатын. Алайда қазіргі ғылым еліміздің аумағында бұрын 14 мемлекет болғанын айтып отыр. Бұл мемлекеттердің әрқайсысы олардың жеке құрылымын, пайда болу және ыдырау жағдайларын түсіну мақсатында мұқият зерттелді. Біз өзімізді түркі халықтарынан шықтық деп есептейміз, ендеше бұл түркі қағанаттарынан Қазақ хандығының құрылуына дейінгі үздіксіз және өмірлік маңызды байланысты білдіреді», – деді Алтын Уәлиева.
Сондай-ақ, Орталық басшысы басқыншы елдің бас ауруы болған тақырыптың бесінші томнан басталатынын айтты.
(Сурет әлеуметтік желіден алынды)
ПАТШАЛЫҚ РЕСЕЙДІҢ ҚАЗАҚСТАНДЫ ОТАРЛАУ САЯСАТЫ
«...Мысалы, Зиябек Қабулдинов басқарған V томда патша өкіметінің Қазақстан территориясын отарлау кезеңі. Біз отарлауды – Қазақстанның патшалық Ресейге қосылуын – ерікті әрекет ретінде айтып үйренгенбіз. Қазіргі таңда осынау жағдайды қазақ қоғамының призмасы арқылы қайта қарауға мәжбүрміз», – деді ол.
Тарихшылардың сөзінше, Патшалық Ресей кезінде қазақ ата-бабадан қалған жерінің едәуір бөлігінен айырылған және ақ патша дәстүрлі мемлекеттік құрылымды, аумақтық бөліністі, сондай-ақ хандар мен сұлтандар институттарын жоюға тырысқан; кеңестік кезеңде ауыл шаруашылығы саласында, өнеркәсіпте, ғылымда, білім беру салаларында айтарлықтай оң өзгеріс те болған.
«Сонымен қатар, көптомдықта ұлтаралық байланыстың нығаю кезеңдері де анық, ашық көрсетілген. Мәселен, иеліктен айыру, халықтарды күштеп көшіру, қуғын-сүргін кезеңдерінде, Екінші дүниежүзілік соғыс тұсында қазақ халқы мен Қазақстанда тұратын басқа этностар «адамзаттың бәрін бауырым деп сүйетінін» дәлелдеді, мұқтаж жандарға құшағын ашты», – деп түсіндірді Орталық басшысы конференцияда.
(Сурет әлеуметтік желіден алынды)
ҚАЗАҚҚА ЖАСАЛҒАН АШАРШЫЛЫҚТЫҢ АҚИҚАТЫ
Бұған қоса, ғалымдар конференцияда: «Біздің ғалымдар 1921-1922, 1932-1933 жылдарда болды делінген ашаршылықтың бұдан ертерек, яғни, 1917 жылы басталғанын көрсететін көп фактіні анықтады. Аштықтың қазақтар мен басқа да халықтардың экономикалық және саяси құқықтарына нұқсан келтіруден туындағаны анық. Тоталитарлық режимнің бұл саясаты қазақ қоғамы жүйесінің түпкілікті деградациясына ықпал етті», – деді.
КЕҢЕСТІК ЖҮЙЕ ҚАСАҚАНА БҰРМАЛАҒАН ТАРИХТАН АРЫЛАМЫЗ!
Сондай-ақ, сарапшылар 1897 жылғы бүкілресейлік санақ материалдарында қазақтардың білім деңгейі қате жазылғанын атап өтті.
«Бұрын сол кезеңдегі қазақтардың 1-3%- ы ғана білімді болған деп жиі айтылатын. Алайда академиялық басылымның авторлары мұны жоққа шығарып, патша үкіметінің қазақтардың орыс тілі мен орыс жазуын меңгеруін бағалағанына назар аударды. Ғалымдар тарихи құжаттарды зерттеп, қазақтардың араб жазуын меңгеру дәрежесін анықтағанын атап өтті: олар Құран оқып, араб жазуымен жазды. Бұл тарихшыларға қазақтардың білім деңгейіне шынайы баға беруге мүмкіндік береді», – деді олар.
Конференцияда тарихшылардың осы инновациялық нәтижелердің бәрін жеті томдыққа енгізгені айтылды.
Мұқым қазақ білетін осынау тарихи шындықтар аталмыш көптомдыққа енгізілсе, «Қазақстан деген елді құрған – біз», «әліпті таяқ деп білмейтін білімсіз, жабайы халыққа оқуды үйреткен – біз», «қазақ тарихы мен мәдениеті бізден бастау алады», т.б. деп өтірікті суша сапыратын орыс шовинистерінің аузына құм құйылары, әрі әсіреорысшыл сананың да ғұмырына балта шабылары сөзсіз.
Еңірей бер, Ресей! Біз бәрібір тарихымызды түгендейміз!
Mezgil.kz