Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың қыркүйектің 28-і күні Германияға ресми жұмыс сапарымен барып, неміс канцлері Олаф Шольцпен бірлесе баспасөз конференциясына қатысқанын бұған дейін жаздық.
Қасым-Жомарт Кемелұлы сол күні Қазақстанның Ресейге қарсы санкцияны қатаң сақтайтынын, Ресей үшін кедергілерді айналып өтетін көпір болмайтынын мәлімдеген еді.
РЕСЕЙ СІМ-І НЕ ДЕЙДІ?
Ертесі күні РФ Сыртқы істер министрлігі арнайы мәлімдеме жасады.
«Біз қазақстандық әріптестерімізбен екі елге де көп пайда әкелетін сауда-экономикалық ынтымақтастыққа әсер ететін теріс факторлардың алдын алу мақсатында жұмысты жалғастырамыз деп сенеміз, бұл жерде халықтың мүддесі де есепке алынады.
Сонымен бірге, біз Мәскеу мен Астана арасында қарым-қатынасымызды стратегиялық серіктестік пен одақтастық ретінде айқындайтын келісімдердің тұтас жиынтығы барына сүйенеміз. Екіжақты байланыстардың бұл сипаты саясат пен қауіпсіздік, сауда, инвестиция және көптеген басқа салалардағы сындарлы өзара іс-қимылды қамтиды», – деді РФ СІМ.
Іле-шала Ресейдің ақпарат құралдары да ұлардай шулап қоя берді. Олардың жазбаларына үңілсек, негізгі, екі ойды аңғару қиын емес:
РЕСЕЙЛІК БАҚ НЕ ДЕП ЖАТЫР?
Біріншісі, Тоқаевтың сөзін өзінше тәпсірлеген болып, Қазақстанға доқ көрсету сипатында.
Мәселен, NEWS.ru сайты осы мәселе бойынша саясаттанушылар Вадим Трухачев пен Станислав Притчин пікірін жариялаған. Трухачевтің пікірін барынша ықшамдап беріп көрелік:
«Астана Ресей Федерациясына қарсы санкцияларды қолдайды, өйткені қазақстандық элита негізінен, Батыспен байланысты, – дейді ол. – Олар Батыстың санкцияларынан да, Ресейден қорқады. Олар Қырым мен Донбасс Петропавл, Қостанай, Орал, Павлодар және Өскеменде қайталанады деп қауіптенеді».
Бұған ол: «Параллель импортта рөл ойнайтын Әзірбайжан мен Армениядан айырмашылығы, Қазақстан Ресейді соншалықты ашық қорқытқан жоқ – бітімгершілік күштерін айтпады және ҰҚШҰ-дан шығамыз деп қорқытқан жоқ», – дегенді де қосты.
Ал Станислав Притчин болса, Қазақстан билігі Ресей үшін маңызды тауарларды жеткізуге тосқауыл қойып, санкциялар пакетін тереңдете бастаса, Мәскеуде оларға қысым көрсету құралдары дайын екенін айтты.
Екінші тарап «Астана Мәскеуден іргесін аулақ салып, біртіндеп Батысқа бет бұрып жатыр...» деген риторика күшейе түсті.
Мысалы, саясаттанушы Сергей Мардан «Соловьев Live» бағдарламасында президенттің Берлиндегі баспасөз мәслихатына қатысуын талқылап, Тоқаевтың әрекетін «дұрыс емес» деді
«Қазақстан шынымен Ресейге бизнес жүргізуді, сыртқы саясатты қалай жүргізу керектігін үйретіп жатыр ма? Не істеп, неқоятынымызды жауымызбен талқылау – достыққа лайық іс емес. Тоқаев Германияның біздің жауымыз екенін, немістердің орыстарға оқ жаудыратын танктерді беретінін білмейтін шығар. Біз оған айтуымыз керек», – деді Мардан.
«Царград» телеарнасының саяси бақылаушысы да Тоқаевтың мәлімдемесіне пікірсымағын айтыпты. Андрей Перла: «Ресейдің Украинадағы жеңісінен» кейін Қазақстанмен қарым-қатынасын қайта қарауды ұсынды. «Тоқаев – Батыстың 35 жылдық үгіт-насихатының жемісі. Ол Ресейдің Батысты жеңетініне сенбейді. Оған сене де алмайды. Оған қоса, бізді анық жеңіледі деп есептеп, соған сай әрекет етеді. Украинаны жеңгеннен кейін, қалай болғанда да, Қазақстанмен қарым-қатынасты қалыпқа келтіру керек. Ресейдің ұлы держава екенін негізге ала отырып, теңсіздікке негізделген қайта құру қажет», – деді ол.
Ресей президенті жанындағы этносаралық қатынастар жөніндегі кеңестің мүшесі Богдан Безпалько Тоқаевтың сөзін «Батысқа ұнау ниеті» деп атады.
«Қазақстан саясатын әртараптандыруды қалайтыны анық, дегенмен көбіне антиресейлік бағытта жүр. Бірақ географиялық жағдайға байланысты оны солтүстік пен батыстан Ресей жаулап алған, ол өз мұнайын тек Новороссийск порты арқылы экспорттай алады. Мұндай мәлімдемелер Батысқа деген адалдықты көрсету үшін жасалып жатқаны анық».
Біз Ресейдің саясаттанушылары мен бақылаушыларының ғана пікірін келтірдік. Ал қарапайым орыс халқының әлеуметтік желілердегі жазбасы пікірлерінен, тіпті, төбе шашың тік тұрғандай. Әрине, қорыққаннан емес, соғысқа деген өлермен ұмтылысынан.
Mezgil.kz