Путин тәуекелге бармақ: Ядролық соғыс қаупі артуда

Ресейдің Украинаға соғыс ашуынан бастап, Мәскеу үнемі ядролық қаруды қолданатыны жайлы айтып келді. Ресей билігі түрлі алаңдарда «Киев қызыл сызықтан өтті, біз шешім қабылдау орталықтарына ядролық соққы жасаймыз», «тактикалық ядролық қаруды қолданамыз» деумен болды. Путин ресми ядролық қаруды қолданатыны жайлы айтпаса да, тарихта АҚШ ядролық қаруды қолданып, прецедент қалыптастырғанын сан мәрте қайталады. Бұл «АҚШ қолданса, демек біз де қолдануға құқылымыз» деген месседжді білдіреді. Ал Ресейдің президенті болған Дмитрий Медведев болса екі күннің бірінде әлеуметтік желі арқылы біресе Ұлыбританияны, біресе Польшаны, енді бірде АҚШ-ты ядролық соққы астына алып жататыны бар.


Ядерный конфликт или путинский султанат. Что показали шесть месяцев войны в  Украине?

 

Ресейде жалпы қанша ядролық қару бар? Бұл сұраққа нақты жауап беру қиын. Себебі ядролық қару санын әлем елдері ашық жария етпейді және соңғы жылдары Ресей мен АҚШ бір-бірімен ядролық нысандарына қатысты ақпарат алмасуды тоқтатты. АҚШ сарапшыларының пікірінше бүгінде Ресейде ядролық жарылыс жасауға дайын 5977 ядролық оқтұмсық бар. Бұл сандарға утилизацияға жіберілуі тиіс 1500-ге жуық ядролық оқтұмсық та кіреді. Сарапшылар қалған 4500-ге жуық ядролық оқтұмсықтардың барлығы дерлік құрлықаралық зымырандарға орнатылған және стратегиялық қару саналады дейді.

 

Ресейдің ядролық қарумен сес көрсетуіне бей-жай қарауға болмайды дейді мамандар. Бүгінде әлем Кариб дағдарысы кезеңіндегідей қырғи-қабақ геосаяси қақтығыс кезеңіне түсті. Ресейлік сарапшылар тактикалық ядролық қаруды қолдануға қатысты мәлімдемелерді жиі айтатын болды. «Тактикалық ядролық қаруды қолдану арқылы Батысқа батыл шешім көрсетуге тиіспіз» дейтін ресейліктердің де саны артқан. Тактикалық ядролық қаруды ұрыс даласындағы белгілі бір нысанды (ірі әскери штаб не топтасқан әскер) жоюға болады, алайда тұтас қалаларды жоюға арналмаған деп түсіндіріп жүргендер де бар.

 

Ресейде тактикалық ядролық қарудың саны АҚШ пен НАТО елдерінің ядролық қаруынан көп деген мәліметтер кездеседі. Мәскеу әне-міне ұрысқа қолдануға дайын күйде 2 мыңға жуық тактикалық ядролық қаруға ие дейді мамандар, бұл АҚШ-тың тактикалық ядролық қаруынан 5 есе көп деген сөз.

 

Тактикалық ядролық қаруды нысанаға түрлі жолмен жеткізуге болады. Зымыран оқтұмсықтары арқылы, теңіз торпедалары немесе әуе бомбалары ретінде қолдану мүмкіндігі бар. АҚШ көбіне тактикалық ядролық қаруды бомба күйінде сақтап, жартысын Еуропа елдеріне орналастырған. Мысалы АҚШ-тың ауыр бомбалаушы ұшақтары Италия, Германия, Түркия, Бельгия және Нидерландыда бірнеше мәрте тактикалық ядролық қару қолдануға қатысты жаттығулар өткізген еді.

 

Ресейдің ядролық доктринасына сәйкес ядролық қаруды қолдануға қатысты шешім бірнеше кезеңнен тұрады. Қаруды қолдануға қатысты шешім президенттен басталып, бірнеше әскери иерархиялық деңгейден өтеді. Бұл ядролық кнопканы басуға дейінгі аралық бірнеше сағаттан бірнеше күнге созылуы да мүмкін. 1991 жылы КСРО ыдыраған сәтте посткеңестік елдер аумағында 22 мыңға жуық тактикалық ядролық қару болған. Бүгінде бұл ядролық қарудың басым бөлігі жарамсыз деп танылып, утилизацияға кетті. Кейбірі утилизация күнін күтіп қоймаларда тұр.

 

2021 жылғы мәлімет бойынша Ресей билігі ядролық қаруларын 31 ядролық шахтада сақтайды. Оларды сақтау және қауіпсіздігін қамтамасыз ету қатаң тәртіппен іске асады. 2023 жылдың 21-ақпанында Ресей басшысы ядролық сынақ өткізуге дайын болуымыз керек деді. Соңғы рет Ресей 1990 жылы ядролық сынақ өткізді, ал АҚШ 1992 жылы өткізген болатын.

 

«Вашингтондағы кей азаматтар ядролық қаруды сынауға қатысты бастама көтеруде. Оның үстіне АҚШ жаңа ядролық оқтұмсықтар ойлап табуда. Осы ретте біз, Қорғаныс министрі мен Росатом ресейлік ядролық қаруды сынауға дайын болуы керек. Әрине, біз алғашқылардың бірі болып ядролық қаруды сынауды бастамаймыз, бірақ АҚШ сондай қадам жасаса, онда біз де жасауға дайын болуымыз керек», - деді Путин.

 

Күні кеше ғана әлемге әйдік New York Times Ресейдің жақын аралықта ядролық қару сынағын өткізу мүмкіндігі жайлы жазды. Газеттің болжамына қарағанда Ресей ядролық қаруды сынау барысында әлі қолданысқа берілмеген «Буревестник» баллистикалық зымыранын қолдануы мүмкін. Nuclear Threat Initiative ұйымының жазуынша Ресей 2017-2019 жылдар аралығында аталмыш зымыранды 13 мәрте сынап, барлығы дерлік сәтсіз аяқталған. Тіпті адам өлімі де тіркелген. New York Times ядролық сынақты Ресей Арктика маңында жасауы мүмкін дейді. Ол мақсатты іске асыруға бірнеше полигон таңдалып алынған және бүгінде ол полигондардың үстімен ұшуға тыйым салынған.

 

Ресейдің ядролық қаруды сынақтан өткізуі геосаяси шиеленісті күшейтіп, әлемдегі қақтығыстарды ушықтыра түсуі ықтимал.


Mezgil.kz



Ұқсас тақырыптар