Кеше, яғни, қыркүйек айының 2-сі күні, ҚР Сыртқы істер министрлігі брифинг өткізді. СІМ өкілі Айбек Смадияров күтпеген (негізі көптен күткен) мәлімдеме жасады. Ол Қазақстанға кіруге рұқсат етілмеген тұлғалар тізімі жасалып жатқанын айтты.
Смадияровтың айтуынша, шекарадан бері қарай аттап басуына рұқсат етілмейтін адамдардың тізімі жасалып жатқан көрінеді. «Әрине, біз бұл тізімді жүргіземіз, бірақ, оны ашық жарияламаймыз. Себебі бұл – министрліктің ішкі тізімі. Шекара жабылып, олар кіре алмайды», – деді ведомства өкілі.
Біз де (қазақ қоғамы деп ұғыңыз) Қазақстанға қарсы, оның шекара тұтастығы елдігіне нұқсан келтіретін сөз-пікірін айтып, мәлімдемелер жасап жүрген тұлғаларды жіпке тізіп жүргенбіз. Алайда біз топырағымызды нас табанымен ластамауға тиіс тұлғалардың тізімін ашық жариялаймыз.
Сөз бастамас бұрын, елімізге қарсы әңгіме айтып жүрген шетелдіктердің бәрі дерлік Ресей азаматтары екенін баса айтқан жөн. Олардың гөй-гөйі Украинаға қарсы басқыншылық соғысты бастағаннан кейін тіпті күшейіп кетті.
Аталмыш тізімді РФ мемлекеттік Думасының депутаты Вячеслав Никонов бастап тұр. Ол 2020 жылдың желтоқсанында Ресей мемлекеттік телеарнасынан: «Қазақстанның жері – Ресей тарту еткен үлкен сый», – деп көкіген. «Қазақстан деген ел мүлдем болмаған. Солтүстік Қазақстанда адам тұрмаған. Қазақтар өмір сүрген, бірақ олар әлдеқайда оңтүстікте қоныстанған. Шын мәнінде, Қазақстанның аумағы – Ресей мен Кеңес одағының үлкен сыйы», – деген ол.
Дәл сол тұста Думаның тағы бір депутаты Евгений Федоров та осыған ұқсас мәлімдеме жасады. «Егер Қазақстан «сыйлықты алған жоқпыз» десе, онда оны қайтарсын. Өйткені бұл – оны (жерді) заңсыз алды деген сөз. Ресей депутаттары «аймақтарды қайтару» және «1991 жылғы заңсыз шешімдердің» күшін жою, яғни «Одақтық республиканың КСРО-дан шығуына байланысты мәселелерді шешу тәртібі туралы» заңның күшін жою мәселелерін көтеріп отыр», – деген Федоров.
Путиннің көмекшісі Владимир Мединский де 2021 жылы Қазақстанның тұтастығына, елдігіне нұқсан келтіретін сөз айтты. Оның пікірінше, Украина, Қазақстан, Белорусия мемлекеттерінің аумағында орыс жері бар-мыс. Әрине, жындының сандырағына балап, осынау пікірді елемей қоюға болар еді. Бірақ үшбу сөздің айтылғанына бір жыл толар-толмастан Путин бастаған басқыншылар Украина жерін қанға бөктіргені есімізде және қанды қасап әлі тоқтаған жоқ.
Саясаттанушы Станислав Притчин де Қазақстанға аяқ баспауы керек деп есептейміз. Ол – күні кеше ғана «Қазақстан билігі Ресей үшін маңызды тауарларды жеткізуге тосқауыл қойып, санкциялар пакетін тереңдете бастаса, Мәскеуде оларға қысым көрсету құралдары дайын», – деген қарағым. Бұл – ашық қоқаң-лоқы.
Саяси сарапшы Андрей Перла да аталмыш тізімде тұруы керек. Неге? «Ресей Украинаны жеңгеннен кейін, Ресейдің ұлы держава екенін негізге ала отырып, теңсіздікке негізделген қарым-қатынасты қайта құру керек», – деген жағына жылан жұмыртқалағыр Андрей.
Еліміздің біртұтастығын мойындамайтын бұлар ғана емес, әртіс Тиграна Кеосаян, Ресейдің блогер-дәрігері Илья Магерь де осы тізімде тұруға тиіс.
Сондай-ақ, саясаттанушы, этнограф Евгений Николаевқа да қара тізімнен орын дайын тұр. Ол биыл «Адал одағын» құрып, «Орыс әлемі» елдерін біріктіру керек деп жынын шашқан. Оның ойынша, аталмыш одаққа Қазақстанның бір бөлігі де кіреді-мыс.
Осынау «қара тізім» аты аталған адамдармен тоқтап қалмайды. Біз тек негізгілерін айттық. Сіз ше, бұл тізімге тағы кімдерді қосар едіңіз?
Mezgil.kz