Ресейдегі «Қара қазан» оқиғасына тура 30 жыл. 1993 жылдың 3-4 қазанында Ресей билігіндегі саяси дағдарыс Мәскеу көшелеріндегі қантөгіске ұласқан еді. Қысқаша тарихын баяндасақ.
1992 жылдың желтоқсанынан бастап Ресейде конституциялық дағдарыс ушықты. Билік элитасы арасында қарама-қайшылық артты, билікке талас күшейді, ескі жүйе мен жаңадан қалыптасқан жүйе арасында текетірес болды.
Дағдарыс екі саяси күштің текетіресінің нәтижесінде болды. Ресей Федерациясының Президенті Ельцин, Виктор Черномырдин басқарған үкімет, кейбір халық депутаттары бір топ болды. Оларға қарсы екінші топта вице-президент Александр Руцкой, халық депутаттарының басым бөлігі және Руслан Хасболатов басқаратын Ресей Федерациясы Жоғарғы Кеңесінің мүшелері болды. Олар президент пен үкіметтің әлеуметтік-экономикалық саясатын қатаң сынап, қарсылық танытты.
1993 жылдың 21-қыркүйегінде Борис Ельциннің Ресей Президентінің Халық депутаттары Съезін және Жоғарғы Кеңесті тарату туралы №1400 жарлығы шықты. Жауап ретінде Жоғарғы Кеңестің Президиумы Ресей Федерациясы Ресей Конституциясының 121-бабының 6-тармағына сілтеме жасай отырып, президенттің өкілеттігін тоқтатқанын жариялады. Сөйтіп президент Жоғары Кеңесті тараттым десе, Жоғары Кеңес президент өкілеттілігі жойылды деді. 24-қыркүйекте Жоғарғы Кеңес шақырған халық депутаттарының кезектен тыс съезі өтіп, олар Ельцин шығарған № 1400 жарлық заңға қайшы екенін айтты. Ал Ельциннің өзін «мемлекеттік төңкеріс жасауда» деп айыптады.
Борис Ельцинді үкімет пен күштік құрылымдарының басшылығы (Ішкі істер министрлігі, Қорғаныс министрлігі, Қауіпсіздік министрлігі) қолдады. Жағдай 3-қазанда күрт ушығып, Мәскеу көшелерінде Жоғары Кеңесті қолдайтын халық жинала бастады. Жоғары Кеңес мүшелері «Кеңестер үйінде» жайғасты. Ал ғимаратты милиция қоршап тұрған болатын. Жоғары Кеңесті қолдаған халық милиция қоршауын бұзып өтсе, Жоғары Кеңесті қолдаған генерал Альберт Макашев Мәскеу мэриясын басап алып, «Останкино» телемұнарасынан тікелей эфирге шықпақ болды. «Останкино» ғимаратының маңында тараптар арасында атыс-шабыс басталды. Телемұнара маңындағы атыста ондаған адам оққа ұшты, оның ішінде шетелдік тілшілер де бар болатын.
4-қазанға қараған түні Ельциннің бұйрығы бойынша қалаға әскер кіргізілді. Олар «Останкино» ғимараты маңында ұрыс қимылдарына кірісті. Жоғары Кеңесті қолдаған генерал Альберт Макашев өз жасағымен «Кеңестер үйіне» шегінді. Танктер мен бронды техникалар Мәскеу көшелерін жауып, «Кеңестер үйін» атқылады. Ельцинге қарсы күштерді тұтқындап, саяси элита арасындағы қақтығыс аяқталды.
Бұл оқиға тарихқа «Қара қазан» деген атпен енді. Оқиға салдарынан 158 адам қаза тауып (ккей деректе 187 адам), 500-ден астамы жараланды. Ельцин билігі 1994 жылдың ақпанында ұсталғандарға рақымшылық жариялады. Елде үлкен саяси өзгеріс болып, Конституция өзгерді. Вице-президент лауазымы жойылды. «Қара қазаннан» кейін Ресейдегі ең соңғы кеңестік билік жүйесінің саяси институттары жойылды да, жаңа саяси институттар қайта құрылды.
Бүгінде Ресей саясаткерлері үш ай бұрынғы Пригожин көтерілісі "Қара қазан" (Қанды қазан) оқиғасына ұқсас сценарийге жақындағанын айтады. Алайда вагнерліктер мен биліктің келісімі, артынша Пригожиннің ұшақ апатынан қаза табуы бұл оқиғаның қанды сценарий бағытында өрбуін тоқтатты. Сарапшылар Ресей элитасындағы ішкі бөлініс саяси және экономикалық дағдарысқа байланысты күшейіп, 30 жыл бұрынғы оқиғаның қайта қайталану мүмкіндігін де жоққа шығармайды.
Mezgil.kz