2023 жылдың 7-қазанында Газа секторындағы ХАМАС және өзге де ұйымдардың жасақтары Израильге күтпеген соққы жасап, шабуылға шықты. Бір мезетте әуеден, теңізден және құрлықтан Израиль аумағына кірген қарулы бірнеше елді-мекенді басып алып, әскери нысандарға шабуыл жасады.
ХАМАС шабуылды 1973 жылдың 6-қазанында басталған, «Ақырет күні соғысы» деген атпен тарихта қалған соғыстың 50 жылдығына орайластырып іске асырды. Ауқымды шабуылдың боларын аңғармаған Израиль барлау қызметі үлкен қателік жіберді дейді мамандар.
Әдетте Газа аймағынан қарсыласты зымыранмен атқылайтын ХАМАС; бұл жолы бірнеше жүйелі шабуылды іске асырды. Израильдің қорғаныс кешендеріне кибершабуыл ұйымдастырып, камикадзе дрондармен соққы жасап, зымыран атып, Израиль аумағына өтіп, Газа мен Израильді бөліп тұрған қоршауды бұзу арқылы жасақтарын қарсылас аумағына кіргізіп, кешенді операцияны іске асыра білді.
ХАМАС өз операциясын «Әль-Ақса бораны» деп атады және бұны Израиль билігінің Әль-Ақса мешітіне қатысты арандату әрекеттеріне жауап деп мәлімдеді. Бүгінде Израиль аумағында мыңға жуық бейбіт тұрғынның қаза тапқаны белгілі болып отыр. Оның ішінде 250-ден астамы Газа аймағына жақын маңдағы фестиваль барысында оққа ұшқан. Қаза тапқандар арасында шетелдік туристер де жетерлік. ХАМАС жүздеген адамды тұтқынға алған. Израиль БАҚ-тары тұтқында әйелдер мен балалар да бар дейді.
Израиль билігі қаза тапқан сарбаздар санын жариялаған жоқ. «Бұл әскери құпия және жауынгерлердің көңіл-күйіне әсер етеді, операция аяқталған соң жария етеміз» деп отыр. Ашық дереккөздерде 58 Израиль сарбазының оққа ұшқаны жайлы ақпарат тарап жатыр. ХАМАС бірнеше Израиль сарбазын да тұтқынға алған. Әлеуметтік желіде ХАМАС Газа аймағына Израиль тұтқындарын әкетіп бара жатқан видеолар кең талқылануда.
ХАМАС көптеген тұтқынды алу арқылы Израиль түрмелерінде отырған палестиндіктерді босатуды ойластыруда. Осы уақытқа дейін бұл іске асқан тактиканың бірі. Мысалы 2004 жылы ХАМАС пен Израиль билігі тұтқын алмасты. ХАМАС Израильдің үш сарбазының мүрдесі мен бір кәсіпкерді берсе, Израиль түрмеден 400 палестиндікті босатқан болатын. Қазіргі уақытта да осы бір тактиканы қолдануға тырысуда. Бұл жолы «барлығына барлығын» жүйесін қолдануы мүмкін дейді сарапшылар. Яғни ХАМАС тұтқындағы бардық Израиль азаматын босатады, ал Израиль түрмедегі барлық палестиндіктерді босатады. Қазіргі таңда тұтқын алмасу бойынша Мысыр келіссөз алаңын ұсынды, алайда нәтижеге қол жетпеді. Енді ХАМАС пен Израиль арасында тұтқын алмасуға Катар алаң ұсынуға дайын екенін мәлімдеуде.
ХАМАС-тың әскери операциясында қырағылық танытпаған Израиль барлау қызметі әлемдік БАҚ беттерінде қатаң сынның астында қалуда. The Wall Street Journal, The Guardian, Bloomberg басылымдары ХАМАС-тың дайындығын жоғары бағалап, Израиль барлау қызметінің олқылықтарын жазуда.
Бүгінде Израиль жауап ретінде «Темір қанжар» әскери операциясын жариялап, Газа аймағын бомбалауда. Бомбалау салдарынан 500-ге жуық адам қаза тауып, 2 мыңнан астам тұрғын жараланған. Үйін тастап, босқын атанғандар саны 70 мыңнан асады. Босқындар Мысыр аумағына өтуге талпынып жатыр. БҰҰ тараптар арасындағы қақтығыс Таяу Шығыстағы босқындар мәселесін күрделендіріп, жағдайды ушықтыратынын айтуда.
Израиль билігі Газа аймағында құрлық әскері күштерімен операцияны жалғастыратынын мәлімдеді. Резервтегі 130 мың әскерді шақыртып, мыңдаған бронды техника, танктерді Газаға жақын маңға топтастыруда. Ақпарат бойынша операция алдағы 48 сағат ішінде басталуы тиіс. АҚШ және Еуропа елдері Израильдің қорғану құқығы бар дей отырып, әскери қажеттілік бойынша көмек көрсетуге дайын екенін мәлімдеуде.
Израиль-ХАМАС қақтығысы Батыстың назарын өзіне аударып, Украинаға бөлінетін көмекті азайтуы мүмкін дейді сарапшылар. Батыс сарапшылары ХАМАС-тың шабуыл жоспарын Иран барлау қызметі жасаған дегенді айтуда. Тегеран бұл мәлімдемені жоққа шығарды.
Mezgil.kz