Түп тамыры Осман империясы тарауынан бастау алған, ең шиленісті кезеңі 1946 жылдан бастау алатын Құдыс мәселесі ендігі жерде тек Израиль мен Құдыстың ғана емес бүкіл әлемдік проблемаға айналды.
Кімдер Израильді, кімдер Палестинаны (ХАМАС-ты) қолдады? Қараңыз:
Құдыстық ХАМАС қозғалысын айыптап, Израильді қолдаған елдер қатарына АҚШ, Франция, Британия, Алмания, Италия, Швейцария Гүржістан, Украина, Канада, Әзербайжан, БАӘ, Иордания т.б. бар.
Құдысты қолдаған елдер қатарына Иран, Катар, Ресей т.б.
Үшінші тарап текетіресуші қос тарапты да ашық жақтамай, екі жақты да бейбіт келісімге шақырып, қалыс қалып отырған елдер болып табылады. Оның қатарына: Түркия, Орталық Азия мемлекеттерін, жатқызуға болады. Қазақстан мен Қырғызстан Сырты істер министрліктері арнайы мәлімдеме жасап, Таяу Шығыстағы ахуалға алаңдаушылық білдірген.
Иран президенті Ибрахим Раиси құдыстық топты жақтап: «Газа секторы өзін-өзі қорғауда», - деп есептейді. Ол өз мәлімдемесінде әлем жұртшылығын тек сионеистік режім орнатқан Израильдің ғана жыртысын жыртпай, 75 жылдан аса езгі мен әділетсіздіктен көз ашпаған құдыстықтарды қорғауға шақырды.
Иран президенті Ибрахим Раиси мұсылман елдерін де Құдысты қолдауға үндеді. Израильдің «Иран ХАМАС шабуылына қатысты» деген болжалын терістеді.
Америкалық «Wall Street Journal» басылымы қанша жерден «Иран ізі» бар деп жазғанымен, АҚШ мемлекеттік хатшысы Энтони Блинкен: «Иранның шабуылға қатысы барлығының еш дәлелін таба алған жоқпыз», - деп мәлімдеді.
Құдыстың тағы бір жақтаушысы бұл – Катар. Осы елдің СІМ-і: «Катар – Құдыс халқының бауырлас елі», - деп мәлімдеп, бар кінә құдыстықтардың құқығын бұзушы Израильден танитыныдығын ашып айтты.
Түрік президенті Режеп Тайып Ердоған: «Аймақта бейбітшілік орнатудың жалғыз кілті – Палестинаның тәуелсіздігінде», - деп мәлімдеп, қос тараптың ешқайсын жақтамай, арағайындық мәзіретін сақтап сөйледі. Түркия қос тараппен де атысты тоқтату туралы келісім жүргізуге дайын екендігін қадап айтты. Израильдің жуан жұдырық көрсетуі жағдайдан шығудың оңтайлы жолы еместігін алға тартып, әлем жұртшылығын ананы қолдап, мынаны шетке ысыру еш опа әпермейтіндігін сөз ұғатын жұртқа ұғынықты ете алды.
Мысыр БҰҰ-ға жүгінді. Осы елдің СІМ басшысы Самех Шукри британдық әріптесі Джеймс Клеверли келіссөз жүргізіп, өз мойындарына екі жақты бітістіруді алуға алғашқы оң қадам жасады. Екі тарап Құдыс пен Израиль БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінде жолығысып, мәселені бейбіт шешуге тырысу қажеттігін алға тартып, оң сөз айтты. Бұған Батыс пен АҚШ құлақ асуы ғана қалып отыр.
Mezgil.kz