Бүгінгі уақытта дүниежүзінде әскери теке-тірес күшейе түсті. Былтыр басталған Ресей мен Украина арасындағы соғыс өрті әлі басылған жоқ. Армения мен Әзербайжан арасындағы қақтығыстың нүктесі де жақында қойылды. Ал Израиль мен Палестина арасындағы жағдай қан-қасап майданға айналды.
Бүгін Астана қаласында Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері Съезі Хатшылығының XXI отырысы өтіп жатыр. Отырысқа Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының Төрағасы, Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері Съезі Хатшылығының Басшысы Мәулен Әшімбаев төрағалық етеді.
Хатшылық отырысы аясында 2023-2033 жылдарға арналған даму тұжырымдамасын талқыланбақ. Осыған орай аталмыш жиынға 22 елден 28 делегация келді. Олардың ішінде Әзірбайжан, Палестина, Израиль елдерінің делегациялары да бар.
Жиын басында Мәулен Әшімбаев Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың жиынға қатысушы әлемдік діндер көшбасшыларына арнаған арнайы құттықтауын оқып берді.
Мемлекет басшысы жиынға қатысушы дін өкілдері мен қонақтарды құттықтап, съез отырысының мән-маңызына тоқталды.
«Осы алмағайып кезеңде ізгілік, мейірімділік бауырмалдық, жауапкершілік сияқты қағидаттардың қадірі арта түсті. Сондай-ақ халықаралық қауіпсіздіктің жаңа жүйесін қалыптастыру өте маңызды мәселеге айналды. Ол үшін әлем халқын бейбітшілікке шақыратын жаңа жаһандық қозғалыс қажет. Бұл ретте дін көшбасшылары айрықша рөл атқарады. Рухани лидерлер осы бағытта күш жұмылдырып, барша адамзатқа ортақ проблемаларды шешуге сүбелі үлес қосады деп сенемін. Хатшылықтың бүгінгі отырысы да осы мақсатқа орай ұйымдастырылып отыр. Қазақстан дінаралық және өркениетаралық ынтымақтастыққа негіз болатын бастамаларға әрдайым қолдау көрсетеді. Оны сыртқы саясаттың негізгі басымдықтарының бірі ретінде ұсынады», – делінген Қасым-Жомарт Кемелұлының құттықтау-сөзінде.
Съез хатшылығының басшысы Мәулен Әшімбаев қазіргі уақытта дінге сенетін жұртшылықтың наным-сеніміне теріс пиғылды пиғылды арандатушылардың манипуляция жасап жатқанына тоқталды.
«Қасиетті кітаптарды өртеу, діни рәміздерді қорлау – халықтар мен діндер арасындағы дұшпандықты қоздыратын вандализм. Қазақстан Президенті БҰҰ Бас ассамблеясының сессиясында айтқандай, мұндай жол беруге болмайтын әрі тағылық әрекеттерден сөз бостандығының нышаны білінбейді», – деді Мәулен Әшімбаев.
Бейбітшілік және келісім сарайындағы жиын әлі жалғасып жатыр. Астана әлем дін лидерлерін диалогқа шақыра ала ма?
Mezgil.kz