Әлгінде Бішкек қаласында ТМД-ға мүше мемлекеттер басшылары кеңесінің отырысы өтті. Отырысқа Қазақстан, Қырғызстан, Әзербайжан, Беларусь, Ресей, Тәжікстан, Түрікменстан, Өзбекстан елдерінің басшылары қатысып, сөз сөйледі.
Президенттер Таяу Шығыстағы қақтығысқа тоқталып, әлемдегі геосаяси қайшылықтардың күшейіп кеткеніне алаңдайтынын жеткізді. Сонымен президенттер не деді?
ҚАЗАҚСТАН ПРЕЗИДЕНТІ НЕ ДЕДІ?
Қазақстан президенті: «Қазақстан халықаралық өзекті проблемаларды шешу үшін лаңкестік әдістерді қолдануға мүлдем қарсы. Ондаған жыл бойы шешімін таппай келе жатқан міндеттерді жүзеге асыру үшін бейбіт азаматтарға зорлық-зомбылық көрсетіп, террорлық акциялар жасауға болмайды. Бұл – еш ақтауға келмейтін әрекет», – деп атап өтті.
БҰҰ-НЫҢ ҚҰЗЫРЕТІН КҮШЕЙТУ КЕРЕК!
Бұған қоса, Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның халықаралық қатынастарда әділдік қағидатын орнатуды, халықаралық қоғамдастықтың барлық мүшесінің заңды және егемендік құқығын ескере отырып, оны демократияландыруды жақтайтынын жеткізді.
Мемлекет басшысы БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіндегі қазіргі тоқырау жағдайында әмбебап ұйымның өкілдік аясы анағұрлым кең органы саналатын БҰҰ Бас Ассамблеясының рөлін күшейтуге мүмкіндік бар әрі қажет деп есептейді.
«Бұл ретте БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесін реформалау ісінде асығыстық танытуға болмайды. Біздің ойымызша, бұл маңызды органға әлемнің барлық аймағының елдері, соның ішінде жаһандық Оңтүстік мемлекеттері мүше болуға тиіс. Шын мәнінде, бұл ұстанымды осы жиынға қатысып отырған мемлекеттер басшыларының барлығы құптайтыны қуантады», – деді ҚР Президенті.
Өткен жылдың қорытындысы бойынша Қазақстанның сыртқы сауда айналымының төрттен бірінен астамы ТМД мемлекеттерімен жасалыпты.
«Бұл оң динамика биыл да сақталып отыр. Қазақстанның сауда айналымы 7 айда 4,5 пайызға өсіп, 20,5 миллиард долларды құрады. Біз сауда байланыстарын одан әрі нығайту үшін қолда бар мүмкіндіктерді толық пайдалануымыз қажет», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
РЕСЕЙ ПРЕЗИДЕНТІ НЕ ДЕДІ?
Владимир Путин сөз басында, әдеттегідей, Украина мен Молдованы түйреп өтті.
ПУТИН БАТЫСТЫ, АҚШ-ТЫ, УКРАИНАНЫ ЖӘНЕ БАСҚАЛАРЫН АЙЫПТАДЫ
«Грузия мен Украина ТМД-ға ресми түрде енгізілген, бірақ жұмысқа ешқандай қатыспайды. Молдова іс жүзінде өзінің болмысын жоғалтты», – деді ол.
Содан соң Путин Палестина-Израиль қақтығыстарының өршуін «үлкен трагедия» және «АҚШ-тың сәтсіз саясатының» нәтижесі деп атады. Украинаға басып кірген елдің басшысы бірінші кезекте соғысты тоқтату керек екенін ескертті.
«Онда 2 миллионға жуық адам тұрады. Енді ең бастысы – қантөгісті тоқтату», – деді ол.
Путин қақтығыстардың бәріне АҚШ пен Батысты кінәлап, ТМД-ға мүше мемлекеттердің арасына сына қағып жатқанын да ескертті.
«Сол сияқты олар Ресейдің сөздің кең мағынасында одақтастарымен және серіктестерімен достық қарым-қатынасын бұзуға табанды түрде ұмтылады. Оның үстіне, біз білетіндей, кез келген құралдар мен қоқан-лоққылар қолданылады, соның ішінде біздің елдердегі экстремистік және ұлтшылдық ағымдарды қолдау. Жиналғандардың көпшілігі мұны өз көздерімен көргеніне сенімдімін», – деді Владимир Путин.
Сондай-ақ, Путин ТМД-ның келесі саммитін 2024 жылдың 8 қазанында өткізуді жоспарлап отырғанын айтты. Ресей келесі жылы ТМД-ға төраға болып сайланды және келесі саммит Мәскеу қаласында өтпек. Ресей басшысы Мемлекет басшыларын сол жиынға шақырды.
ОРЫС ТІЛІ ҰЙЫМЫ ҚАЗАҚСТАНДА ЕМЕС, СОЧИДЕ ҚҰРЫЛАТЫН БОЛДЫ
Айтпақшы, Сочиде халықаралық орыс тілі ұйымы құрылып, оған орыс тілін әлемге таныту міндеті жүктелмек. Саммитке қатысушылар тиісті келісімге қол қойды.
«Ол орыс тілінде сапалы білім беруді қолдау, педагогикалық және ғылыми кадрларды даярлауға ықпал ету сияқты бірнеше мәселені шешеді.Ұйым аясында ғылыми іс-шаралар, кітап көрмелері, кино көрсетілімдері, диктанттар өткізіледі», – деді ТМД Бас хатшысы Сергей Лебедев кеңейтілген отырыста.
Саммитте мәлімдемелер өте көп болды. Сондықтан оның көпшілігін қысқаша форматта (соның ішінде Путиннің саммит соңында айтқан сөзін) ұсынып отырмыз:
ПУТИН: ТМД ЭКОНОМИКАСЫ ЕО-ДАН ЖОҒАРЫ...
ТМД ынтымақтастықтың сенімді, танымал және тиімді форматы болып қала береді;
Ресей Шығыс Иерусалимде тәуелсіз Палестинаны құруды көздейтін БҰҰ формуласын қолдайды. Қазір израильдіктер мен палестиналықтар бастан кешіп жатқан ауқымды трагедия – АҚШ-тың Таяу Шығыстағы сәтсіз саясатының нәтижесі;
Батыс мемлекеттерінің бұрын-соңды болмаған санкциялық қысымына қарамастан, олардың Ресеймен немесе Беларуссиямен жұмысын жалғастыратындарға қайталама санкциялар қолдану қаупі және ТМД шеңберіндегі экономикалық байланыстар мен алмасу үнемі кеңейіп келеді;
ТМД-да бірлескен әуе шабуылына қарсы қорғаныс жүйесін құру өте маңызды, бәрі мұнымен келісіп, оны дамытуға ниет білдірді;
«Кант» авиабазасы Асқар Ақаевтың шұғыл өтініші бойынша құрылған. Ол әртүрлі экстремистерді тежеу құралы ретінде қызмет етеді;
Армения ТМД-дан шықпайды;
ТМД елдерінде Еуропалық Одаққа қарағанда экономиканың өсу үрдісі бар;
Қарабаққа қатысты мәселе оның мәртебесін тағы бір пысықтап алумен жабылды. Армения Қарабақ Әзербайжан территориясы екенін айтты. Ресей бітімгерлері 2025 жылдың қарашасына дейін Қарабақта қалуы керек. Біз олардың әрі қарай сонда қалу-қалмауын серіктестерімізбен талқылаймыз;
Баку мен Ереван арасында бітімгершілік шарт жасасуға кедергі болатын проблемалар жоқ;
Путин Батыстан Украинаға қару саулап барып жатқанына күмән келтірмейді. Украиналықтар сатуға болатынның бәрін сатады – Таяу Шығысқа сатқандары туралы дерек те бар.
БЕЛАРУСЬ ПРЕЗИДЕНТІ НЕ ДЕДІ?
Беларусь президенті де жалынды әрі әсіреқызыл сөйледі. Ол көп ретте Путиннің құлағына майдай жағатын сөздерді, яғни, Батысты айыптаумен, КРСО-ның мықты болғанын айтумен болды.
ЛУКАШЕНКО: КСРО МЫҚТЫ БОЛҒАН. АЛ БАТЫС АГРЕССОР....
«Батыс күні бүгінге дейін бізді әлсірету және өз мүдделеріне бағындыру әрекеттерінен бас тартпайды. Бірінші Грузия біздің бірлестіктен шықты, де-факто Украина да бізбен бірге емес. Молдова туралы шешілмеген дүние көп. Өкінішке қарай, Армения өзін серіктес ретінде ұстай бермейді», – деді Александр Лукашенко.
Ақорыстардың президенті бұған: «Батыс соғысқа инвестиция салып, салық төлеушілердің ақшасын далаға шашып жатқан кезде, біз жыл сайын микроэлектроника, авиация, биотехнология, жасанды интеллект, ақпараттық - коммуникациялық шешімдер сияқты ғылым қажет ететін өндірістерге ұзақ мерзімді инвестицияларды көбейтеміз. Көп мәселе бір біріксек қана шешіледі», – дегенді қосты.
Лукашенко Беларусьяның Ресеймен және өзінің одақтастарымен экономикалық қысымға жауап ретінде тұрақты экономикалық даму үшін күш біріктіргенін атап өтті.
Сондай-ақ, Белбасы өз сөзінде Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың орыс тілі бойынша халықаралық ұйым құру туралы бастамасын дәл уақытында және өте қажет уақытта айтылған ұсыныс деп атады.
ЛУКАШЕНКО: ОРЫС ТІЛІ РЕСЕЙДІҢ ТІЛІ ҒАНА ЕМЕС, БӘРІМІЗГЕ ОРТАҚ ТІЛ!
«Білесіз бе, қазір бәріміз орыс тілінде сөйлеп жатырмыз, сондықтан біз бұл үлкен мәселені онша сезінбейміз. Бірақ біздің республикалардағы жастарға қараңыз. Көп адам орыс тілінде ағылшын және басқа тілдерге қарағанда нашар сөйлейді. Бұл (орыс тілі) – біздің ең үлкен байлығымыз. Ұлтаралық қарым-қатынас тілінен айырылуға болмайды», – деді ол
Сонымен қатар, Лукашенко орыс тілі Ресей халқының ғана емес, бәріне ортақ тіл екенін айтып, айды аспанға бір-ақ шығарды. Ол Орталық Азия елдерінде, соның ішінде Тәжікстан, Қырғызстан, Өзбекстанда жаңа мектептер мен университеттер ашылып, ондағы оқушылар мен студенттер орыс тілінде білім алып жатқанына риза екенін атап өтті.
«Бірақ бұл жеткіліксіз. Орыс тіліне қатысты бұл бастаманың маңыздылығы экономика саласындағы кез келген бастамадан кем емес. Мен бұрынғы Варшава шартындағы (осы бірлестікке кірген мемлекеттерде) орыс тілінің жағдайы туралы айтып отырған жоқпын. Біздің олардан айырмашылығымыз, жастарымыздың бір-бірімен аудармашы арқылы немесе тек ағылшын тілінде сөйлескенін қаламаймыз», – деді Белбасы.
ӘЗЕРБАЙЖАН ПРЕЗИДЕНТІ НЕ ДЕДІ?
Әзербайжан президенті Ильхам Әлиев Әзербайжанның Қырғызстанда инвестициялық жобаларды жүзеге асыруға кіріскенін, ынтымақтастықты тереңдету мақсатында Әзірбайжан-Қырғыз инвестициялық қоры құрылғанын айтты.
ӘЛИЕВ: МИРЗИЕЕВКЕ ОРДЕН ТАҚҚАНЫМЫЗ ДҰРЫС БОЛДЫ!
Ол сонымен қатар шағын отырыста талқыланған мәселелер мен келісімдер жөнінде де сөз қозғады.
«Шавкат Миромонович Мирзиеевтің ТМД-ның «Құрмет белгісі» орденімен марапатталуы – шарамыздың маңызды оқиғасы. Шавкат Миромонұлын осы лайықты марапатымен құттықтаймыз. Бауырлас Өзбекстанға қатысты тағы бір маңызды оқиға – Самарқанд қаласын 2024 жылы «Достастықтың мәдени астанасы» деп жариялау туралы шешім.
Гуманитарлық сала – біздің Достастықтағы негізгі салалардың бірі. Әзірбайжан бұл саладағы қарым-қатынасымызды дамытуға үлкен үлес қосуда. Мен әріптестеріме Әзірбайжанның 2025 жылы ТМД елдерінің үшінші ойындарын өткізуге кандидатурасын қолдағаны үшін алғысымды білдіргім келеді», – деді Ильхам Әлиев.
Президент Әлиев былтыр Әзербайжан мен ТМД елдері арасындағы тауар айналымының көлемі 30 пайызға жуық артқанын, биыл 20 пайыздан астам өсім бар екенін атап өтті.
ӨЗБЕКСТАН ПРЕЗИДЕНТІ НЕ ДЕДІ?
Өзбекстан президенті Достастық елдерінде тұрақты экономикалық өсуді қамтамасыз ету қажет екенін айтты. Шавкат Мирзиеев ТМД-да ерекшеліктер мен шектеулерсіз толыққанды еркін сауда аймағын құру қажеттігін атап өтіп, бұл үшін тиісті келісімнің ережелерін қайта қарауды ұсынды.
МӘДЕНИ БАЙЛАНЫСТАРДЫ АРТТЫРУ КЕРЕК!
Осы мақсатта Өзбекстан президенті азық-түлік қауіпсіздігі және агроөнеркәсіптік кооперация саласындағы ынтымақтастықтың жаңартылған бағдарламасын дайындау керек екенін жеткізді. Шавкат Мирзиеев қозғаған тақырыптардың қатарында өңіраралық ынтымақтастықты жандандыру, көлік, экология, жастар саясаты, білім және мәдениет салаларындағы өзара іс-қимылды дамыту да болды.
Сонымен, Өзбекстан пррезиденті ТМД елдерінің жетекші талдау орталықтары мен сарапшыларының конференциясын, ТМД елдерінің өнеркәсіптік кооперациясы және инновациялық әзірлемелер форумын, БҰҰ қамқорлығымен келесі жылы Самарқандта жоспарланған Халықаралық климаттық форум барысында ТМД-дағы экологиялық сын-қатерлер мен қауіптерге арналған арнайы пленарлық сессиян, ТМД-ның мәдени астанасы мәртебесін алған СамарқандтаТМД елдерінің мәдениеті, өнері және киносын, бірқатар жастар іс-шаралары, соның ішінде ТМД жастар астанасы мәртебесін алған Ташкент қаласында футбол турнирін өткізуді ұсынды.
ТҮРКІМЕНСТАН ПРЕЗИДЕНТІ НЕ ДЕДІ?
Ал Түрікменстан президенті Сердар Бердімұхамедов борыштық міндеттемелер мен өзара есеп айырысу мәселелеріне назар аударуды ұсынды.
«Бүгінгі таңда жаһандық экономикалық дағдарыс пен жаһандық отын-энергетика нарығындағы тұрақсыздық жағдайында ынтымақтастығымыздың қаржылық құрамдас бөлігі туралы байыпты ойлану қажет деп санаймыз. Біз борыштық міндеттемелер мен өзара есеп айырысу мәселелеріне назар аударуды, оларды шешу бойынша арнайы консультациялар өткізуді ұсынамыз», – деді ол.
Саммит қорытындысы бойынша 17 құжатқа қол қойылды, оның ішінде: «Халықаралық орыс тілі ұйымын құру туралы келісім»; «ТМД-ға мүше мемлекеттердің басшыларының орыс тілін ұлтаралық қатынас тілі ретінде қолдау және насихаттау туралы мәлімдемесі»; «Көпполярлы әлемдегі халықаралық қатынастар туралы мәлімдеме»; «Адам мен азаматтың діни сенім бостандығы құқығын қорғау туралы мәлімдеме»; «Мемлекеттік басқарудағы цифрландыру саласындағы ынтымақтастық туралы мәлімдеме» және басқа да құжаттар бар.
СУ АЛЫП БАРЫП, СУ АЛЫП ҚАЙТУ САЯСАТЫ
ТМД кеңістігіндегі БАҚ назар аударған тағы бір мәселе, осы жолы Бішкекке Қазақстан президенті Тоқаев өзінің суын алып барған. Саммитке қатысушы мемлекет басшыларының барлығының үстелінде Бішкек суы тұрса, Қазақстан Президентінің алдында Қазақстан суы болған. Сарапшылар, президент Тоқаевтың бұл әрекетін «дипломатия тілі» деп атаған.
Осы ишарадан соң, Қырғызстан Киорв су қоймасынан Қазақстанның Жамбыл облысына қайтадан су бере бастағаны белгілі болды.
Айта кетейік, Қырғызстан тарабы соңғы екі айда су беруді тоқтатқан еді. Қырғыз тарабы мұның себебін: «Биыл Қырғызстанның Киров су қоймасында су деңгейі соңғы 30 жылдағы ең төменгі деңгейге түскен», - деп түсіндірген. Ал Қазақстан суғару суының жетіспеуіне байланысты 13 ауданда төтенше жағдай жариялаған.
Mezgil.kz