Израиль мен ХАМАС арасындағы қақтығысқа тура 10 күн болды. Израиль Газа аймағын аяусыз соққы астына алуда. ХАМАС Израильдің бірнеше қаласын күн сайын зымыран соққысына алып, жауап қатуда. Қақтығысқа соңғы күндері Ливан тарапынан «Хезболла» да килігіп, Израиль-Ливан шекарасы қауіпті аймақтардың қатарына қосылды. Хезболла Израильдің әскери бекеттерін атқыласа, Израиль Ливан аумағына артиллериялық соққы жасауда. Бұл қақтығыстың қазіргі уақыттағы қысқаша сипаттамасы.
Израиль билігі Газа секторындағы халық Газаның оңтүстігіне қарай кетуі тиіс деп мәлімдеді. Олар Газа аймағын екіге бөліп, солтүстік бөлігіне жасалатын шабуыл саны еселеп артатынын, ал оңтүстікке жасалатын шабуылды уақытша тоқтатып, қауіпсіз дәліз ашатынын айтқан болатын. Алайда 13 қазан күні қауіпсіз дәліз арқылы оңтүстікке аттанған көліктер колоннасына шабуыл жасалып, 70 бейбіт тұрғын көз жұмды. Қазірдің өзінде Газаның солтүстігінен оңтүстігіне қарай ығысып, босқынға айналған халықтың саны 650 мыңнан астам адамды құрайды. Израильдің әуе шабуылдарынан кемі 2500-ден астам адам опат болып, 9 мыңнан астамы жарақат алған. Мыңнан астам тұрғын жоғалғандар тізімінде, құтқарушылар жоғалғандар қираған үйлердің астында қалуы мүмкін дейді.
Газа секторындағы жағдай күн санап қиындауда. Соңғы дерек бойынша 2,3 млн халық тұрған аймаққа су мен жарық беру тоқтатылды. Су мен электр жарығын Газа Израильден сатып алып келген болатын. Бұған дейінгі қақтығыстарда дәл қазіргідей Израиль тарапынан толық құрсау жасалған емес. Газадағы азық-түлік қоры да таусылу алдында, ал медициналық қажеттіліктер қазірдің өзінде тапшы. БҰҰ тараптарды еш шартсыз ұрыс қимылдарын тоқтатып, келіссөзге келуге шақыруда.
Газа секторының ұзындығы бар-жоғы 40 шақырымды құрайды. О баста Мысырдың, артынша 1967-2005 жылдар аралығында Израильдің бақылауында болған аймақ соңғы жиырма жылға жуық уақытта ХАМАС-тың бақылауында. Газа секторында ФАТХ пен ХАМАС арасында 2006-2007 жылдар аралығында өзара қақтығыс болып, мыңға жуық адам қаза тапты. Бұл қақтығысқа Израиль килікпеді. ХАМАС үстем болып, ФАТХ Иордан өзенінің Батысындағы Палестина жеріне кетті де, Газадағы билік толық ХАМАС-тың қолына өтті. Сол уақыттан бері Израиль мен ХАМАС арасында 6 ірі әскери қақтығыс болған және жыл сайын бірнеше кіші қақтығыстар болып тұрады.
АҚШ-тың барлау қызметінің мәліметінше, Газа аймағы әлемдегі халқы ең жас аймақтың біріне жатады. Халықтың 65 пайызының жасы 25 жасқа дейінгі азаматтардан тұрады. Ал Газадағы жұмысқа қабілетті халықтың басым көпшілігі жұмыссыз. 2022 жылғы статистика бойынша жұмыссыздық көлемі 45 пайызды құрап, әлемдегі ең ірі көрсеткіштердің біріне енген. 19-29 жас аралығындағы білімі бар жастардың 74 пайызы жұмыссыздар қатарында. Бұл 2022 жылғы БҰҰ ақпараты. Сарапшылар аталмыш фактілердің өзі Газа аймағын әлемдегі ең тұрақсыз жердің бірі ететінін айтады. Газа секторындағы кәсіп, билік пен сауда қатынасы, қаржылық сектор толықтай ХАМАС-тың қолында болғандықтан, жастар ХАМАС-қа тиесілі құрылымдарда қызмет етуге мәжбүр. Басым көпшілігі жертөле қазумен айналысса, енді бірі ХАМАС-тың қарулы жасақтарына қосылады. ХАМАС өз жасақтарының санын ашық жария еткен емес, алайда болжам бойынша олардың саны 20-25 мың адамды құрайды.
БҰҰ Газа секторындағы қиын жағдайды түзеудің бірден бір жолы балалар мен жастарға білім беру деп санайды. Босқындар мәселесімен айналысатын UNRWA ұйымының ақпаратынша Газада 278 мектеп бар. Олардың басым бөлігі екі ауысымды жүйеде жұмыс жасайды, ал әр сыныпта кемі 40 баладан отыруға мәжбүр. Балаларға қажетті оқу құралдары жетіспейді, ал ұстаздар қауымы білім беру бағдарламаларында ХАМАС тарапынан түрлі ақпараттық шектеуге ие. БҰҰ соңғы он жылда БҰҰ аясында ашылған және қаржыландырылып келетін мектептердің біршама жетістікке ие болғанын айтуда. Бүгінде Газадағы 15-19 жас аралығындағы жастардың 92 пайызы жазу, сызу сауатына ие болған.
Газа секторының тағы бір мәселесі, ол ауыз су және тұтыну суының аздығы. 2020 жылы ДДСҰ ыстық аймақтарда әр адамға күнделікті 80 литр су қажеттігін айтты. Оның басым бөлігі жуыну мен киім жуу, тамақ әзірлеуге қажет болса, 3 литр су ішуге керек деп бекіткен болатын. Алайда Газа аймағында бұл көрсеткіш 27 литрге тең. Яғни Газа халқының көпшілігі су тапшылығын тартуда. Ауыз судың басым бөлігін осы уақытқа дейін сатып алған Газа, ендігі таңда ауыз суды қайдан аларын білмей отыр. Теңіз суын тұщыту станциялары да істен шығуда және бірнеше мәрте зымыран соққысына ұшыраған. Су тұщыту станцияларының көпшілгі электр жарығының жоқтығынан және жанармай тапшылығынан жұмысын тоқтатта. БҰҰ алдағы аптада Газа тұрғындары үшін ең басты мәселе су тапшылығы болатынын айтуда және бұл жүздеген адамның ажалына себепкер болуы мүмкін дейді. Халықаралық адам құқығын қорғау ұйымдары Газа тұрғындарына су беруді жалғастыру керектігін айтып, дабыл қағуда. Олар Израильдің ХАМАС-пен соғысы миллиондаған адамның геноцидіне ұшырамауы тиіс дейді.
Қазіргі уақытта Израиль, Мысыр, АҚШ пен өзге де араб елдері Мысыр мен Газа арасындағы «Рафах» кеден бекетін ашуға талпыныс жасап, келіссөз жүргізуде. Бекет арқылы Газаға гуманитарлық көмек көрсету керектігі айтылуда. БАҚ беттерінде бекеттің ашылатыны жайлы бірнеше мәрте ақпарат жарияланса да, бекет әлі ашылған жоқ.
Mezgil.kz