ATACMS аңшылығы: Украина қандай артықшылыққа ие болды?

Украина алғаш рет Ресейдің әскери нысандарын ATACMS зымырандарымен атқылады. Оккупациядағы Луганск, Бердянск қаласындағы әскери әуежайларға жасалған соққыдан ресейлік тарап үлкен шығынға ұшыраған. Украина әскери операцияны «Инелік» деп атап, Ресейдің бірнеше тікұшағы мен әуе қорғаныс жүйелерін жойғанын айтты.


Из-за русских": в ФРГ заметили странную деталь в ракетах ATACMS для ВСУ -  РИА Новости, 18.10.2023

 

Украинаға аталмыш зымырандарды беретінін АҚШ президенті Байден қыркүйек айында өткен БҰҰ Бас Ассамблеясының саммитінен кейін Зеленскиймен болған кездесуде мәлімдеген еді. Алайда Украинаға нақты қанша зымыран берілетіндігі, қашан жеткізілетіндігі құпия сақталды. Ресей әскери нысандарына жасалған сәтті шабуылдан кейін Украина тарапы АҚШ-тан зымыран алғанын растай отырып, Байденге Зеленский алғыс айтты. Ресей қорғаныс министрлігі шабуылға қатысты ақпарат бермеді, алайда Ресейдің әскери сарапшылары шабуылдың жойқын болғанын растап, адам және техника шығыны орасан деп атап өтті.

 

Wall Street Journal газеті Украина алғаш рет MGM-140 ATACMS зымырандарын қолданды деп жазды. Бұл зымырандар түрі мен қолдану нысанына байланысты 165-300 шақырымды еңсере алады. Барлығы да модификациясына байланысты. Басылымның жазуынша Украинаға зымырандар «кассеталық снаряд» деген атаумен жеткізілген. Бұл қаруды қауіпсіз жеткізу және ресейлік тараптың әскери қорғаныс жүйесін күшейтіп, әскери нысандарын зымыран қашықтығы жетпейтін аймаққа эвакуацияламау үшін жасалған әрекет.

 

Бердянск әуежайына жасаған шабуылға Украина зымыранның кассеталық түрін қолданғаны белгілі болды. Артынша Ресей тарапы әуежай маңында жарылмай қалған зымыранның М74 кіші бөлшектерін көрсетті. Ресейлік арналар зымыранның жарылмай қалған бөлігінің суретін жариялап, MGM-140A (M39) типі қолданылған дейді. Зымыран 1996 жылы шығарылғаны және 165 шақырымға ұшатыны айтылды. Алайда бұл ақпараттың рас-жалғандығын Украина да, Ресей де ресми мәлімдемеді.

 

Киев 2022 жылдан бері АҚШ-тан ATACMS зымырандарын беруді сұраған болатын. Алайда батыс Украина Ресей аумағын атқылай ма деп қауіптенген еді. ATACMS орнына АҚШ HIMARS пен M270 MLRS-ке арналған GMLRS зымырандарын берді. Бұл зымырандар 90 шақырымдағы нысандарды жоюға қабілетті.

 

ATACMS зымырандарының MGM-140 зымырандары сан түрлі болып келеді. Ол қарапайым жарылғыш оқтұмсық және кассеталық оқтұмсық типтеріне ие. Ұрыс даласында көбіне аталмыш зымыранды ашық кеңістіктегі әскери техниканы, әуе қорғаныс жүйесін, әскери қойма мен жаяу әскерді жоюға қолданады.

 

MGM-140А зымырандары Украинаға бірнеше артықшылық береді. Зымыранның нысанды жою радиусы қазіргі уақытта Украинада бар зымырандардан әлдеқайда ауқымды. Зымыранның оқтұмсық қуаты да едеуір жойқын жарылыс жасайды, ал кассеталық түрі тіпті ондаған нысанды бір мезетте жоюға қабілетті.

 

2022 жылы Украина GMLRS зымырандарын алған сәтте Ресейдің әскери қоймаларына соққы жасай бастады. Бұл ұрыс даласында ресейліктердің қару-жарақ, оқ-дәрісіз қалуына әсер етті. Ал Бахмут маңындағы ұрыс қимылдарында Ресейдің жеке әскери компаниялары тіпті снарядсыз қалып, ол Ресейдің өз ішіндегі бүлікке әкелген болатын. Сарапшылар ресейлік сарбаздарға дер кезінде снарядтың жеткізілмеуі Украинаның әскери қоймаларға ұдайы соққы жасауымен байланысты дейді.

 

«ATACMS зымырандарымен бір-екі соққы жасау ұрыс қимылдарына үлкен өзгеріс әкелмейді. Украина зымыран соққыларын ұдайы әрі әлсіз қорғалған ресейлік нысандарға үнемі жасау арқылы өзгеріс жасай алады. Аталмыш зымыран жақсы қорғалған бетонды әскери нысандарға келгенде тиімді дей алмаймын. Киев Бердянск әуежайына жасаған шабуыл іспетті Ресейдің әуежайларына, әуе қорғаныс жүйелері мен артиллериялық алаңдарына соққы жасауды арттыруы тиіс. Ашық кеңістіктегі әскери техниканы ATACMS-тың кассеталық типі сәтті жояды», - дейді ағылшын әскери сарапшысы Джейк Оливан.      

 

ATACMS зымыранынан бөлек Украина алдағы уақытта Ground-Launched Small Diameter Bomb (GLSDB) бомбаларын алуға ниетті. Оның ату қашықтығы 150 шақырымды құрайды, ал жарылыс қуаты жойқын саналады. HIMARS зымыран кешенінен атуға болатын GLSDB қорғалған бетонды нысандарды жоюға арналған және зымыран құны ATACMS-тан бірнеше есе арзан саналады.

 

Әскери сарапшылар Украина алдағы уақытта бір мезетте бірнеше зымыран түрлері және дрондарды қолданып қуатты шабуыл жасауға көшетінін айтады. Мысалы бір шабуылда Storm Shadow мен SCALP зымырандарын, AGM-88 HARM зымыранын және ATACMS пен дрондарды қолданса, қарсыластың әуе қорғаныс жүйесі шабуылды тойтаруы екіталай дейді. Бұндай шабуылдар қаржылық тұрғысынан қымбатқа түссе де, әскери тиімділігі жоғары болмақ. Мамандар Ресейдің Қырымдағы ірі әскери базалары дәл осы жүйемен соққы жасауға болатынын айтуда. NYT басылымының жазуынша Украинаға бірінші партияда 20 дана ATACMS берілген оның барлығы дерлік кассеталық типке жатады. 


Mezgil.kz

 



Ұқсас тақырыптар