500 шақырым: Газадағы ХАМАС туннельдері қаншалықты қауіпті?

Израиль әскері «Темір қанжар» операциясын өткізіп жатқанына екі апта болды. Операцияның бірінші фазасы, яғни әуеден соққы жасау жалғасуда. Бүгінде Газа аумағына жасалған зымыран соққысының жойқындығы соншалық, 4 мыңға жуық адам қаза тауып, 15 мыңға жуық адам жарақат алған. Операцияның екінші фазасы қашан басталары белгісіз, сарапшылар құрлық әскери операциясының қиындығы Газадағы қала ұрыстарынан бөлек ХАМАС-тың ондаған жылдар бойы салған жерасты өткелдері (туннельдер) дейді. Сонымен ХАМАС-тың туннельдері қалай салынған, ол қаншалықты қауіпті?


The 'Gaza metro': The mysterious subterranean tunnel network used by Hamas  | CNN

 

Израиль әскері ХАМАС-тың Газадағы туннельдерін «Газа метросы» деп атайды. Осы уақытқа дейінгі барлық қару мен зымыранды ХАМАС аталмыш туннельдерде жасырып келді. Израильдің әуе соққылары қалаларды үйінділерге айналдырса да, туннельдерге үлкен зақым келтірмеді.

 

ХАМАС әскері Газаның астын туннельдер жүйесіне айналдырып, оны күрделі әрі жою қиынға соғатын бекініске айналдырды. Туннельдерді бетондауға мыңдаған тонна цемент кетсе, Газадағы әр бесінші тұрғын туннельдерді салуға атсалысқан. Әрине ақылы түрде. ХАМАС әскері жылдар бойы араб елдерінен алған қаржының басым бөлігін туннельдер жүйесін жетілдіруге жұмсады. Себебі туннель тек қана әскери қойма емес, сонымен бірге ХАМАС сарбаздары үшін казарма, ал басшылығы үшін әуе соққысынан сақтанатын бункер рөлін де атқарады.

 

Израильдік ЦАХАЛ-дың мәліметінше туннельдерден шығатын есіктер мектептер, ауруханалар, мешіттер, сауда орындары, қарапайым үйлердің ішінен өтеді. Бүгінде Израильдің қолында нақты туннельдер жүйесіне қатысты ақпарат пен карта жоқ. 2021 жылы ХАМАС әскерінің қолбасшыларының бірі Яхья Синвар араб телеарналарына берген сұхбатында Газадағы туннельдердің жалпы ұзындығы 500 шақырымға жуық екенін мәлімдеген болатын. Әрине бұл ақпараттарды тексеру әзірге мүмкін емес.

 

Тунннельдерді қазу жұмыстары алғаш рет 80-жылдары басталды. 90-шы жылдардың ортасында Газа арқылы Мысырға өтіп, қару жеткізу жолдары қарастырылды. Ол сәтте Газа секторы Израиль бақылауында болатын. Ал хамастықтар оккупацияға қарсы түрлі әскери әрекеттер жасаумен болды. Газаға Мысырдан тек қана қару емес, сонымен бірге жанармай, азық-түлік, темекі және басқа қажеттіліктер кіргізілді.

 

The Washington Post бүгінде Газа аумағында үш түрлі туннельдер жүйесінің барын айтады. Біріншісі, экономикалық мақсаттағы туннельдер, олар арқылы тауар тасымалы іске асады. Екіншісі, ХАМАС басшылығына арналған туннельдер. Үшіншісі, әскери мақсаттағы туннельдер. Олардың негізгі мақсаты Израиль аумағына өтіп, шабуыл жасау және қару-жарақ, зымыран сақтау.  

 

Бүгінде әскери сарапшылардың пікірінше туннельдер Израиль сарбаздары үшін аса қауіпті нысан саналады. Израиль әскері туннель макетімен әскери операция жүргізуді ұзақ жылдар бойы жаттықса да, Газадағы туннельдер тым күрделі. Кей туннельдерді ХАМАС әскері жарылғыш затқа толтырып, жарып жіберу қаупі болса, енді бірінде айлар бойы соғысу мүмкіндігіне ие.


Mezgil.kz



Ұқсас тақырыптар