Төребаев қателесті ме, әлде министрлік орыстың «ойбайынан» шошыды ма?

Орыстың заржақ БАҚ-тары кешелі бері шабына шоқ түскендей шырылдаған. Оған себеп болған – 106 тауардың Қазақстаннан Ресейге жөнелтілуіне тыйым салынғаны туралы ақпар еді.

1697792697610331.jpg

Естеріңізде болса, біз кеше жоғарыдағы мәліметті жария еткенбіз. Біз жазған ақпаратта Қазақстанда Ресейге реэкспорт және қосымша импорт жасауды тоқтату мақсатында, онлайн бақылау жүйесінен бөлек өзге де тексеру тетіктері енгізіліп жатқаны, қазіргі уақытта Қазақстан Ресейге экспорттауға тыйым салынған 106 тауардың түрі бар екені айтылған. Бұл тауарлардың қатарына дрондар, чиптер сынды жоғары технология санатына кіретін, Украинаға қарсы соғысқа қолданылуы мүмкін дүниелер кіреді.  Үшбу сөзді Сауда және интеграция вице-министрі Қайрат Төребаев мәлімдеген.

1697792448252279.jpg

«Біз барлық тауар түрлерін экспорттаймыз, тек қана соғысқа қатысы бар болуы мүмкін тауарларды экспорттауға шектеу бар. Қазіргі уақытта біз 106 тауар түрін экспорттауға толық тыйым салдық», - деген вице-министр.

Төребаев қателесті ме, әлде министрлік орыстың «ойбайынан» шошыды ма, – әйтеуір бүгін басқа хабарлама таратты.

Хабарламаға сенсек, Ресейге салынған санкцияның экспорттық шектеуге қатысы жоқ екен. Демек, БАҚ таратқан 106 тауарға қатысты ақпарат жансақ-дүр. Мұны қазақ БАҚ-тары емес, Төребаев айтты емес пе?..

1697792591322882.jpg

Сұрақты кейін қоярмыз, хабарламаға көшейік.

Аталмыш министрлік Қазақстан мен Ресейдің сауда қатынасын реттеу Еуразия экономика одағы туралы шарт ережесіне сәйкес жүргізілетінін айтты.

«Ресейге қарсы санкцияларға қатысты ол елге кез келген тауарды экспорттауға тыйым салынбаған. Бұл ретте экспорттық бақылауға жататын «қос мақсаттағы» тауарлар саудасы Қазақстанның халықаралық міндеттемелеріне сәйкес жүзеге асырылады. Қазақстан заңына сәйкес, мұндай тауарларға қатысты экспорт, импорт және транзит кезінде тиісті лицензия алу қажет», – деп жазған министрлік.

Сауда министрлігі қос мақсаттағы тауарларды экспорттық бақылау 20 жылдан астам уақыттан бері халықаралық тәртіпке сай жүргізіліп келе жатыр дейді.

«Экспорттық бақылау ұлттық құзыретке жатады, ол ЕАЭО туралы шартта да бар», – деп жазылған министрлік хабарламасында.

Бұл ретте, Қожа айтпақшы, вице-министрдікі де дұрыс, министрліктікі де дұрыс және...

Және, біздікі де дұрыс!

Mezgil.kz


Ұқсас тақырыптар