25 қазан әр қазақ үшін және елімізде тұрып жатқан отандастарымыз үшін айырықша айтулы күн. Бұрын қыстың көзі қырауда Тәуелсіздік күнін атап өтіп келсек, Мемлекет басшысы тарихи жадымызды қайтып оралуда зор қажыр-жігер жұмсап, 2022 жылдың 16 маусымында 25 қазанды «Республика күні» деп жариялады.
Ел-жұрт президент Тоқаевтың тарихи әділеттілік орнатуын жылы қабыл алды. Биыл исі Алаш төл мерекесін араға жылдар салып, екінші рет дүркіретіп атап өтіп жатыр. Өйткені, бұл еліміздегі ең басты мереке!
Әуелі Ақ патша, кейін КСРО бодандығында болған дәуірдің соңғы кезеңінде, қазақтың қилы тарихында халқымызға оң көзбен қараған мезет 1990 жылдың 5 қазандағы саяси, экономикалық және әлеуметтік проблемаларын дербес шешеу құқығын иеленуі болды. Осы құқықты заңды бекіту үшін сол кездегі ҚазКСР жоғары Кеңесінің депутаттары «Қазақ КСР егемендігі туралы декларация» атты тарихи заңды құжатқа қол қойып, қазақ елі өз азаттығын жалпақ әлемге жария етті.
РЕСПУБЛИКА КҮНІ - ЕЛІМІЗДІҢ БАСТЫ ҰЛТТЫҚ МЕРЕКЕСІ!
Біздің 12 шақырылымының 360 депутатың 18 қарсы болып, 2-еуі қалыс қалып, ұлтымыз үшін жаңа дәуірдің есігін ашатын тарихи құжатты бекітті. Біз әлі де КСРО атты алып империяның құрамында болсақ та, әлем тәуелсіз мемлекет деп бізді тануы үшін өзіміздің алғашқы қадамымызды жасадық. Құжат бізге қанша жерден азаттық бергенімен, сыртқы және халқаралық саясат жүргізуде жеке пәрменіміз болмағанын айта кеткеніміз орынды.
Дегенмен, құжат 25 қазанда қабылданса да, оның БАҚ-та жариялануы үш күнге кешігуінің өзі көп нәрсені аңғаратады. Биліктегі Мәскеуге бас шұлғып келген коммунистер бұндай қадамға дайын болмағандығын осы фактінің өзі аңғартады. Бұрын КСРО конституциясында әрбір одақтас республика оның құрамынан шығуға құқылы деген бап болған болса, осыны ескерген Салық Зиманов, Сұлтан Сартаев сынды академиктер өз әріптестерімен бас біріктіріп, декларация мәтінін даярлады.
Қабылданған құжат осыған дейін еліміз бойынша күші жүріп келген барша кеңестік заңдардың құзіретін жойды. Қазақстан бірінші рет өзін біртұтас территориясы бар ел ретінде әлемге паш етті. Заңды түрде отандастарымыздың нәсілдік, діндік еркіндігін орнықтырды.
Осы айтулы күн былтырдан бері қайта жаңғырды.
ЕГЕМЕНДІК ТУРАЛЫ ДЕКЛАРАЦИЯ: ҚАЗАҚҚА ҚАТЫСТЫ МАҢЫЗДЫ ТӨРТ ҚАҒИДА
Марат Байділдәұлы, жазушы, публицист:
- «Қазақстан Республикасындағы мерекелер туралы» заңға 2022 жылы 29-қыркүйекте енгізілген өзгерістерге байланысты Республика күні Ұлттық мереке мәртебесіне ие болды! Осы заңға сәйкес жыл сайын 16-желтоқсанда атап өтілетін бұрынғы ұлттық мереке – Тәуелсіздік күні қарапайым мемлекеттік мерекелер қатарына ығыстырылды. Өзінің де мереке сыйқы қалмай, оған қатысты іс-шаралар 15-желтоқсанға дейін уқан-суқан өткізіле салатын. Жастардың ықтимал толқуынан сескенген билік тәуелсіздік күніне бір апта қалғанда студенттерді ешбір жоспарда қарастырылмаған кезексіз демалысқа жіберетін. Әрі бұл датада ауа райы да көбіне түнеріп тұрып алатын. Көшеге шықсаң, алаңдарға барсаң жан адам жоқ, өлі қалаға тап болғандай күй кешетінсің.
Ұлттық мереке мен мемлекеттік мерекелердің құқықтық айырмашылығы болады. Ұлттық мереке – мәртебесі жағынан мемлекеттік мерекелерден жоғары тұрады. Ұлттық мереке дегеніміз Қазақ мемлекеттілігінің дамуына елеулі ықпал еткен, тарихи маңызы айырықша оқиғаның құрметіне тағайындалған мейрам. Ұлттық мереке кезінде орталық және жергілікті мемлекеттік органдарда ресми іс-шаралар өткізу міндетті. Қазақстанда Ұлттық мереке біреу ғана – Республика күні. Қалғандары мемлекеттік мереке болып табылады.
Былтыр ұлттық мәртебеге ие болған Республика күні мерекесі 13 жыл үзілістен кейін алғаш рет қайта тойланды. Бұл мерекеге 1990 жылы 25-қазанда Қазақ ССР-і Жоғарғы Кеңесінің ХІІ шақырылған сессиясында қабылданған «Қазақ ССР-інің мемлекеттік егемендігі туралы декларациясы» негіз болғаны анық. Ол кезде Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесінің органы – «Халық Кеңесі» газетінде қызмет ететінбіз. Редакция журналистеріне сессия мәжілістеріне депутаттармен бірге қатысып отыруға рұқсат етілетін. Сондықтан қол қалт еткенде ел үшін маңызды құжаттар талқыланып жатқан мәжіліс залынан табылуға тырысатынбыз.
25-қазан күні әйгілі заңгер, академик, депутат Салық Зиманов мінберде екі сағаттай тұрып декларация жобасын таныстырды. Жобаны талқылау кезінде төрт сағат аяғынан тік тұрып, берілген 50-ден астам сұрақтарға тағы да мүдіріссіз жауап берді. Сол кезде жасы жетпіске таяп қалған Салық аға бізге қолына найза алып майданда шайқасқан алып батырлардай елестейтін. Маңызды құжат 25-қазан күні 18:55-те қабылданды. Жоғарғы Кеңесте 360 депутат болса, сол күнгі сессияға 281 депутат қатысты. 79 депутат түрлі сылтаумен бұл жиынға қатыспады. Мәскеуден сескенген болар. Қатысқан депутаттардың 261-і құжатты қолдады, 18 депутат қарсы болды, 2 депутат қалыс қалды.
Декларацияда Қазақстанда биліктің президенттік формасы қарастырылатыны, одаққа кіру-мен шығу құқығын өзінде сақтайтыны, халықаралық байланыстарда дербес субьект болып табылатыны, ішкі армиясы болатыны, одақтық меншіктен өз үлесін алуға құқылы екендігі үлкен табандылықпен көрсетілді.
Құжатта қазақ халқына қатысты маңызды төрт қағида жарыққа шықты. Онда Қазақ ССР-і қазақ ұлтының тағдыры үшiн жауаптылығы көрсетілді. Қазақ ССР-і ұлттық мемлекеттiлігімізді сақтау, қорғау және нығайтуға қатысты шаралар қолданатындығы тайға таңба басқандай жазылды. Қазақ халқының, елде тұратын басқа да диаспоралардың тілін, мәдениетін дамытуға міндетті екендігі атап айтылды. Республикадан тыс жерлерде тұратын қазақтардың ұлттық-мәдени, рухани және тiл жөнiндегi қажетiн қанағаттандыруға қамқорлық жасайтыны көзделді. Ұлттық ерекшеліктеріне байланысты бұл мерекені өз басым Қазақ Республикасының күні ретінде қабылдайтынмын.
Осындай маңызды мереке 17 жыл тойланып келді де 2008 жылы Тәуелсіздік мерекесіне сіңірілу жолымен жойылды. Одан кейінгі жылдарда Республика күні мерекесін қайтару туралы жиі қалам тербеп келдік.
Бұл мерекені атап өту неліктен тоқтатылды десек, оған Н.Назарбаевтың антиқазақтық ұстанымы себеп болды деп айтуға болады. Енді міне, қазіргі билік сол қателіктерді түзетіп, 13 жыл ұмыт болған мерекені Ұлттық мереке мәртебесінде елімізге қайтарды. Бұл қазақ халқының көңілінен шыққан қадам болды!
РЕСПУБЛИКА КҮНІ: САЛЫҚ ЗИМАНОВ АҚСАҚАЛДЫҢ ЕРЛІГІ
Абзал Құспан, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, заңгер:
- Бүгін мейрам, түсіне білген адамға ұлық мейрам! Бүгін егемендік декларациясы жарияланған тарихи күн!
Осыған орай мені, бәрінен бұрын академик Салық Зимановтың осы декларацияға сіңірген ерен еңбегі туралы көзі көргендер айта бастағаны қуантады. Кезінде бұл туралы өзіміз ізденіп жүріп оқыдық, сол кездің тірі куәлерінен шамамыз жеткенше сұрап білдік. Бірақ кейінгі жастарды айтпағанда, менің замандастарым арасында Салық Зиманов ақсақалдың ерлігін білетіндер қатары тым аз еді.
Өйткені, Назарбаев құрған жүйе үшін Зиманов сияқты халықтан басқа ешкімге тәуелсіз, алып тұлғалар керек емес еді. Әйтпесе, Жоғарғы Кеңестің сол күнгі тарихи сессиясындағы алты сағаттан асқан қып-қызыл шайқаста 85 депутаттың құйтырқы сұрақтарына жасы жетпіске келген Зиманов ақсақалдың табанынан тік тұрып, тойтарыс берген ерлігін қалай-қайтіп ұмытуға болады?!
Бүгін мейрам! Ұлық мейрам! Осы мейрамда Салық Зимановтай қазақ заңгерлерінің патриархын бір еске алып қояйық, ағайын!
Mezgil.kz