Өзбекстан билігі діни радикализммен күресті күшейтудің бейресми шараларын қатаңдатты. Бұл туралы «Азаттық радиосы» (Озодлик) хабардар етті.
Соңғы бір апта ішінде Ташкент билігі 10 халал мейрамхананы жабуға шешім қабылдаған. Аталмыш мейрамханаларда алкоголь сатылмаған дейді «Азаттық радиосы». Ақпаратты анонимді түрде мейрамхана иелері берген.
Кәсіпкерлердің сөзінше күштік құрылым иелері мейрамханаларды қайта ашу үшін спирттік өнімдерді сату керектігін айтқан. Спирттік өнімдерді Ислам діні бойынша сату мен қолдануға тыйым салынған, алайда Өзбекстанда оған тыйым жоқ. Кәсіпкерлер тексеруші тарап мейрамхананы не үшін жабатынын ескертпегенін, құжат та көрсетпегенін мәлімдеді. Санэпидемиология қызметі де нақты себепті айтпаған.
Озодликтің жазуынша жабылатын мейрамханаларды алдын-ала тексеру әрекеттері болған. Әкімдік қызметкерлері мейрамханаларға келіп, ішімдік тапсырыс беріп, сыйыну бөлмелерінің бар-жоқтығына көз жеткізген. Осындай тексерулерден кейін жабылуға тиіс мейрамханалар тізімі жасалған.
"Санэпидстанция мейрамхананың асханасын тексерді, ал салықтық бөлімшелер касса мен құжаттарды қарады. Қауіпсіздік қызметтері сыйыну бөлмелері бар-жоқтығын қарап, мейрамхана қызметкерлеріне діни бағыттағы сұрақтар қойды. Кейде олардың телефондарын да тексеріп шықты», - дейді мейрамхана иелері.
Өзбекстанда соңғы айларда діни радикализмге қарсы күресті күшейту әрекеттері басталды дейді бірқатар ақпарат көздері. Ташкентте діни кітап, иіс су және киім сататын дүкендерді қатаң бақылауға алу, бірқатарын жабу әрекеттері іске асты. Дүкен иелеріне дүкеннің діни атауларын өзгертіп, дүкен сыртындағы және ішіндегі арабша жазуларды алып тастау тапсырылған. Сонымен бірге әйелдерге хиджаб киюге тыйым салынса, ерлерге сақалын қыру тапсырылған. Бұл әрекеттер ресми шешімсіз бейресми бұйрықпен іске асуда. Әлеуметтік желі қолданушылары Өзбекстан билігінің саясатын Қытайдың Шыңжаңдағы саясатына ұқсас деп жазуда.
Mezgil.kz