Қазақ отбасында әкенің алар орны ерекше. Әкені асқар тауға теңеп, ерекше құрмет тұтқан. Көшпенділер дәуірінде қалыптасқан әкеге құрмет көріністері әлі де бар және оны дамытып, отбасы құндылығының маңызды бөлігі ету өзекті. Қазақ тілінде Отанды анаға теңесе, ежелден мекен еткен аймақты Атажұрт деп атаған. Бұл «атамның ізі қалған, маңдай тері сіңген жер» дегенді білдіреді. Яғни әке институтының ерекше орында екенінің көрсеткіші.
Қазақстан Республикасының отбасы саясатын дамыту стратегиясында әкенің рөліне ерекше мән беріледі. Баланың отбасындағы тәлім-тәрбие алып өсуі үшін ата-ананың рөлі маңызды және әкенің орны ерекше. Бүгінде әйел адамдар балаларымен көбірек уақыт өткізеді. Себебі әлі де болса гендерлік саясатта ер азаматтар әлеуметтік жағдайды қамтамасыз ету функциясында басымдыққа ие. Бұл отбасын материалдық қамтамасыз етуде артықшылық берсе де, әкенің отбасы ішіндегі рөлін төмендетуі мүмкін деп санайды мамандар. Мамандардың ойынша баланың тек бір адаммен (анасы не әкесі) көбірек уақыт өткізуі, екінші адамға деген сый-құрмет көрсеткішіне кері әсер етуі ықтимал.
Мемлекеттің саясатта әкенің отбасы өміріне тек әлеуметтік қамтамасыз етуші ғана емес, тәрбие беруші ретінде де қатынасуы үшін шаралар қабылданып, бағдарламалар жасалуда. Қазақстан Республикасының 2030 жылға дейінгі Отбасылық және гендерлік саясат концепциясында әкенің рөліне қатысты маңызды бекітулер бар.
Концепцияда қазақстандықтардың ата-ана тәрбиесіне саналы көзқарасын қалыптастыру, әкеге құрметті арттыру жолдарын атап көрсету, ата-ананың эмоционалдық байланысын нығайтуға және бала тәрбиесіндегі әке рөлін күшейтуге, толық емес отбасылар санын азайтуға ықпал ететін шаралар жайлы нақты, егжей-тегжейлі жазылған.
2012 жылдан бастап Қазақстанда «Әкелер одағы – республикалық қоғамдық бірлестік» жұмыс істеп келеді. Оның негізгі міндеті қазақ әкелерінің басын біріктіретін өзіндік алаң құру болып саналады. Ұйымның мақсаты – әкелердің аналармен тең дәрежеде бала тәрбиесіне белсенді қатысуын арттыру, соған қоғам арасында үгіт жүргізу, насихат арттыру. Әкелер одағының міндеттеріне әкелерді отбасылық өмірге барынша қатыстыру және дені сау, тәрбиелі, мәдениетті және білімді ұрпақ тәрбиелеу кіреді. Бүгінгі таңда одақтың құрамында әр аймақтан жиналған жүзден астам белсенді тіркелген мүшелер бар. Одақ іс-шаралар, байқаулар, қайырымдылық акцияларын өткізу және қоғамдық, қалалық және әлеуметтік маңызы бар іс-шараларға қатысу арқылы белсенділік танытады. Бүгінде ел бойынша мектептерде «Әкелер одағының» 200-ден астам бөлімшесі ашылды. «Әкелер одағы» Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы «Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның» қолдауымен, мемлекеттік органдар мен үкіметтік емес ұйымдар өкілдерінің қатысуымен жыл сайынғы негізде «Республикалық әкелер форумын» ұйымдастырып, өткізіп келеді. Жыл сайын әкелердің қоғамдағы рөлін арттыру шаралары, әкелердің бала тәрбиесіне қатысуды арттыру әрекеттеріне шақыру мақсатында «Әкеге қарап ұл өсер» атты форумдар ұйымдастырылады.
Ұйым жыл сайын форумдар аясында әкелерге қатысты, әкенің отбасындағы рөліне, бала тәрбиесіндегі орнына қатысты маңызды ұсыныстар жасайды. Мысалы «Әкелер күнін» атап өту, бұқаралық ақпарат құралдарында әке рөлінің маңыздылығын насихаттау, әлеуметтік желі арқылы түрлі роликтерді тарату, әке статусын өсіру, балалардың тәрбиесімен жалғыз өзі айналысатын әкелерге қолдау көрсету, психологиялық демеу жасау және басқа.
Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның бастамасымен, Қазақстандағы Біріккен Ұлттар Ұйымының Халықты орналастыру қорының техникалық қолдауымен «Ерлерге арналған нұсқаулық: қалай саналы әке мен күйеу болу керек» атты нұсқаулық дайындалған еді. Қазіргі қазақ қоғамындағы әке институтының даму мәселесін зерттеу үшін ересек тұрғындар арасында жүргізілген сауалнама нәтижелері пайдаланылды. Атап өту керек, әке институтының дамуы өз жемісін беруде. Мысалы, респонденттердің 75%-дан астамы бүгінде балалар мен әкелердің қарым-қатынасы бұрынғыға қарағанда сенімдірек бола бастағанын атап өткен. Бұл жоғарыда атап өткен әкелер институтын дамытуға қатысты шаралардың да нақты көрініс болып табылады емес пе?!
Қазіргі уақытта Еуропа елдерінде анасы мен әкесінің арасындағы рөл гендерлік саясатқа байланысты тең бөлінген. Көп жағдайда әкесінің табысы жоғары болса, анасы декретке шығады, ал анасының табысы жоғары болса әкесі декретке шығып, бала тәрбиесімен айналысады. Бұл материалдық жағдайды ескере отырып қабылданған шешім. Бүгінде Қазақстанда да бұл көріністер бар. Мысалы арнайы сауалнама барысында жауап берушілердің көпшілігі «әкелер де аналар сияқты балаларын қарап, тәрбие бере алады» деген нұсқаны таңдаған.
Әкелер институтын күшті ету мақсатында өзге де шешімдер қажет. Қазақстан қоғамында өкінішке орай ерлі-зайыптылар ажырасып кеткен сәтте, әкелер балаларына тәрбие беру функциясын көп жағдайда тоқтатады. Бұл қазіргі уақыттағы әкелер институтын дамытудағы мемлекеттік саясаттың түзеуге тырысып жатқан олқылықтарының бірі. Әке қашанда әке болып қалады және бала өмірінде тек материалдық емес, рухани рөл де ойнауы тиіс.
Қазақстан қоғамында Норвегия үлгісіндегі әкелер квотасын енгізу ұсынылуда. Бұл арнайы еңбек демалысын алып, жылына бір-төрт апта ішінде балалар тәрбиесіне қатысуға мүмкіндік беретін квота. Норвегия билігі балалар мен әкелер арасындағы институт құлдыраған сәтте, осы бір жаңашылдықты ойлап тапқан. Әрине мұндай квотаны енгізу еңбек қатынасы мен шартын да өзгертуді қажет етеді, арнайы заңның қабылдануын да қажетсінеді. Алайда бұл отбасы құндылықтарын берік ету үшін жасалған шараның бірі саналады.
2009 жылғы халықтық санаққа назар аударсақ, 60 мың ер азамат бала тәрбиесін аналарының қатысуынсыз іске асыруда. Қазіргі уақытта соңғы санақтың нәтижесі әлі шықпады, алайда соңғы санақ нәтижесі шыққан сәтте, жағдайдың жақсарғаны немесе кері кеткендігі нақты көрініс таппақ. Мемлекет бүгінде бірнеше категориядағы әкелерге түрлі типтегі көмек көрсетіп келеді. Оның ішінде мүгедектігі бар әкелер мен мүмкіндігі шектеулі балалары бар әкелер, жас әкелерге (үй алу жобаларына қатысу мүмкіндіктерінің болуы), ауыл тұрғыны ретінде әке атану (бұл категория енді қаралмақ) дегендей.
Соңғы жылдағы зерттеу жұмыстары ажырасқан әкелердің 93 пайызы балаларына алимент төлейтінін көрсеткен, тек 7 пайызы ғана баласы алдындағы жауапкершіліктен жалтарады. Алайда қоғамда осы бір азшылықтың іс-әрекетіне қарап, тұтас әкелерге қатысты кері пікір қалыптастыру көріністері байқалады. Бұл дұрыс емес. Қоғамдағы әкелер статусын көтеру шараларына «жауапты әке» имиджін қалыптастыру шаралары да кіреді.
Психологтардың пікірінше әкелер бала тәрбиесіне қаншалықты көп қатысса, соншалықты жетістікке жету мүмкіндігі де, өзіне өзі көңіл толу деңгейі де артады. Бұл әкенің отбасындағы құрмет пен сыйластыққа бөленуіне де байланысты.
Әке – қашанда асқар тау. Қазақ қоғамында маңызды рөлге ие. Әкенің статусы – отбасының статусы. ХХІ ғасырдағы білімді, тәрбиелі, саналы әке, балаларына тәрбие беруші функциясын қатар ала отырып, үлкен тұлғаға айналады.
Mezgil.kz