Катар: "Израильге тыңшы болған үнділерді өлім күтіп тұр"

Үндістан мен Парсы шығанағындағы елдердің қарым-қатынасы соңғы уақытта күрт өзгеріп, күрделі күйге түсті. Катардың қорғаныс саласында қызмет еткен сегіз үнді азаматы Израиль пайдасына тыңшылық еткені үшін өлім жазасына кесілді. Үндістан билігі сот шешімімен келіспейтінін айтты. Дүйсенбі күні Үндістанның СІМ басшысы Субраманьям Джайшанкар өлім жазасына кесілген сегіз азаматтың туыстарымен кездесіп, оларды шығарып алудың барлық шарасы жасалып жатқанын айтты.


В Катаре начался суд над бывшими офицерами ВМС Индии, подозреваемыми в  шпионаже

 

Аталмыш іске қатысты нақты ақпаратты екі ел билігі де толық жария етпеді. Өйткені Катар да, Үндістан да қорғаныс саласына қатысты мәліметтерді құпия сақтайды. Ал өлім жазасына кесілген сегіз азамат Үндістанның бұрынғы әскерилері, ал бүгінде Катарда келісім бойынша әскери қорғаныс саласында қызмет етіп келген болатын.

 

Өлім жазасына кесілген сегіз азамат кезінде теңіз әскери күштерінде қызмет еткен. Олар Үндістандағы әскери қызметтен кеткен соң, жұмыс іздеп Оманға барған. Оманда Dahra Global Technologies and Consultancy Services компаниясымен келісім жасасқан. Компания Парсы шығанағындағы елдерге әскери кеңес беру, техникалық тұрғыдан жөндеу жұмыстарына қатысу қызметтерін ұсынады. Компанияның қызметін алушылардың ішінде Катар елі де болған. 2022 жылы алғаш рет Dahra компаниясында қызмет еткен үнділердің тұтқындалғаны жайлы ақпарат шығып, Үндістан ақпаратты растаған болатын.

 

Тұтқындалған азаматтар India Today басылымының ақпаратынша Катардың суасты флотын құру жобасына қатысқан. 2020 жылы Катар мен Италия суасты флотын құру жобасына меморандум жасасып, оның негізгі ақпаратын құпия қалдырған-ды. Меморандумда Парсы шығанағында қолдануға болатын көлемі кіші ондаған сүңгуір қайық жасау жайлы айтылған, ал сүңгуір қайықтардың сипаттасы құпия сақталды.

 

Үндістан азаматтарының тұтқындалуына қатысты ақпарат бір жыл бұрын шықса да, екі ел бұл мәселені ушықтырмауға тырысты. Үндістан Катардан газ сатып алуды жалғастырып, экономикалық байланысты арттырды.

 

Алайда 2023 жылдың жазында сот процесстері басталды. Dahra компаниясының сотқа байланысты жабылғаны белгілі болды. Үндістан азаматтарына Израиль пайдасына тыңшылық еткені жайлы ашық айтылып, қоғамда шу шықты. 27 қазан күні Катар соты Үндістан азаматтарын өлім жазасына кесу туралы шешім шығарды. Бұл үкімді Үндістан қоғамы да, билігі де күтпеді. Дели «бұл күтпеген, сорақы шешім» деп баға берді.

 

Бұл жайт екі ел арасындағы қатынасқа сына қақты. 2016 жылы Үндістан премьері Моди Катарға сапарлап барып, екі ел арасындағы экономикалық қатынас артты. Батыстық басылымдар тіпті «Катар мен Үндістан одақтас елге айналуда» деп жазды. Катар газының 40 пайызға жуығын Үндістан сатып алатынының өзі соның бір дәлеліндей еді. Алайда қазіргі сот шешімі барлығын өзгертті.

 

Катар билігі сот шешіміне қатысты түсініктеме беруден бас тартуда. Өлім жазасына кесілгендер Израильге қандай құпия құжаттарды бергенін де ашық айтпаған. Тіпті Үндістанмен бұл мәселені талқы етпейтінін де айтты. Бүгінде Катарда ондаған мың Үндістан азаматы бар. Екі ел арасындағы қатынас ушықса, Катар оларды кері қайтаруы ықтимал. Ал Үндістан Катар газынан бас тартып, экономикасына орасан соққы жасауға қабілетті.


Mezgil.kz

 

 

 

 

 

 

 



Ұқсас тақырыптар