Бүгін Қазақстанға Франция президенті Эммануэл Макрон ресми сапармен келді. Оны әуежайдан премьер-министр Әлихан Смайылов күтіп алып, «Ақорда» резиденциясында салтанатты түрде қарсы алу рәсімі өтті.
Елімізде күйіп тұрған мәселелердің қатарында АЭС салу да бар. Президент Тоқаев мұны референдум арқылы халық шешетінін мәлімдеген. Халықтың басым бөлігі бұған қарсы емес. Бірақ олардың көкейінде бір ғана сұрақ тұр: АЭС-ті кім салады?
Қазақстанға АЭС салудан Оңтүстік Корея, Ресей, Қытай және Франция үмітті. Макрон сапарының мәні де осында болса керек.
«Bloomberg» басылымы Франция президентінің Қазақстанға не мақсатпен келгенін талқылапты. Олар былай дейді.
«Франция әскерлері Нигерден шығарылғаннан кейін француздарды уран тапшылығына тап болды. Сол себепті Эммануэл Макрон осы аптада энергетикаға бай Орталық Азияға сапар шегіп, Францияның ядролық реакторларында қолданылатын уранды жеткізуші екі ел – Қазақстан мен Өзбекстанға барады. Бұл сапар Францияның энергетикалық қауіпсіздігін нығайтуға бағытталған деп топшылауға болады.
Бірақ «таяқтың екінші ұшы да бар». Бұл сапарда бұрынғы кеңестік республикаларды Ресейге тәуелділіктен шығуға итермелеуге тырысады. Француз шенеуніктері Украинадағы соғыс – аймақтағы бұрыннан қалыптасқан қарым-қатынастарды үзіп, жаңа мүмкіндіктер туғызады деп болжайды. Орталық Азияның орасан зор мұнай, газ және минералды қорлары Ресейдің ойын алаңына айналған Орта Азия үшін жаңа таластың басталғанын білдіреді. Қытай төрағасы Си Цзиньпин «Бір белдеу, бір жол» инфрақұрылымдық жобасы арқылы ықпалын кеңейтіп, АҚШ болса өзінің осы аймақтағы саяси беделін нығайтуға ұмтылып жатыр, ал Еуропалық Одақ аймақты Кавказ арқылы Ресейді айналып Еуропаға өтетін сауда және энергетикалық дәлізбен байланыстыруға ұмтылып жатыр», – дейді басылым.
Париждегі Француз халықаралық қатынастар институтының зерттеушісі Майкл Левистон Қазақстанның Францияның энергетикалық қауіпсіздігінің кілті екенін айтады. Оның пікірінше, Макронның сапары Париждің ынтымақтастықты арттыруға дайын екенін білдіреді екен.
Францияның Экономика министрлігінің мәліметі бойынша, Қазақстан – Францияға уранның ең ірі жеткізушісі. Сондай-ақ, біздің еліміз шикі мұнайдың ірі көзі екен. Макрон жақында ғана Моңғолияға барып, көбірек уран алу туралы келісімге қол қойған. Біздің елге сапарының басты себептерінің бірі де осы.
Mezgil.kz