Қазақстан әскерилері бітімгершілік миссиясымен Голан жоталарына аттануы мүмкін. Бұл туралы Қорғаныс министрі Руслан Жақсылықов Мәжіліс отырысында мәлім етті деп хабарлайды «Время» сайты.
«Бізде келісімдер бар, Қазақстан Қарулы Күштері мен мемлекетіміз жүргізіп отырған саясаттың арқасында бізде белгілі бір құзырет бар. Ал қазір Голан жоталарына бітімгершілік миссиясын өткізу мәселесін қарастырып жатырмыз», - деді министр. Алайда бұл тек талқы күйінде қалуы мүмкін.
Министр қазақстандық бітімгерлердің нақты ұрыс алаңына жіберу мәселесі жайлы талқы жоқтығын айтты. «Әзірге басқа сұрақтар талқыланып жатқан жоқ. Бізден Газа секторына қатысты қандай да бір көмек сұраған жоқ», - дейді ол.
Министр Жақсылықов Қазақстанның бітімгершілік миссиялары тек БҰҰ аясында іске асатынын, қажет болған жағдайда Қазақстан Ұйымға қажет болған аймаққа өзінің бітімгершілік күштерін жіберуге дайын екенін айтты.
Бітімгерлік күштері аттануы мүмкін Голан жоталары дегеніміз қайда орналасқан? Голан жоталары – Сирия мен Израиль арасындағы даулы аймақ. 1967 жылға дейін ол Сирияның бір бөлігі болды, «Алты күндік соғыс» кезінде Израиль әскері бұл аймақты басып алды. 1973 жылғы «Ақырет күні соғысынан» кейін тараптар бітім жасаты. Голан жоталарында БҰҰ бітімгершілік бекеттері 1974 жылы пайда болды. 1981 жылы Кнессет (Израиль парламенті) осы аймақта еврей мемлекетінің егемендігі жүретінін біржақты түрде жариялаған заң қабылдады. Біріккен Ұлттар Ұйымы Израильдің Голан жотасындағы егемендігін мойындамайды.
«Қазақстан бітімгершілік батальоны» 2000 жылы құрылды. 2003 жылдың тамыз айында 27 адамнан тұратын Қазбаттың алғашқы инженерлік-саперлік отряды Иракқа аттанды. Ирак жерінде бес жыл ішінде қазақстандық бітімгерлер 4 миллионнан астам оқ-дәрі мен жарылғыш заттарды залалсыздандырды. Осы уақыт ішінде олар жергілікті халықты ауыз сумен қамтамасыз етіп, Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің сайтында көрсетілгендей мұқтаж жандарға медициналық көмек көрсетті.
2014 жылдан бері 60-қа жуық қазақстандық әскери қызметкер, оның ішінде алты әйел БҰҰ-ның Кот-д'Ивуардағы, Батыс Сахарадағы, Ливандағы, Орталық Африка Республикасы мен Малидегі миссияларына штаб офицерлері мен әскери бақылаушылар ретінде қатысты. 2018 жылы БҰҰ мандаты бойынша жұмыс істейтін алғашқы қазақстандық рота Ливанға жіберілді.
Mezgil.kz