Биыл Түркі мемлекеттері ұйымының құрылғанына 10 жыл болды. Осыған орай бүгін Астанада Түркі мемлекеттері ұйымының 10-саммиті өтіп жатыр. Ауқымды шараға Әзербайжан, Қырғызстан, Түркия және Өзбекстан қатысады. Ал Мажарстан мен Түркменстан саммит жұмысын бақылайды.
Үшбу ұйым о баста «Түркітілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесі» деп аталған еді. Құрылымға мүше елдер басшыларының алғашқы саммиті 2011 жылы Алматыда өткен. Саммит 2021 жылы Ыстамбұл қаласында өтіп, Президенттер ұйым атауын өзгертуді ұйғарды.
ТМҰ бұрын мәдени байланыстар құрылымы ретінде қараластырып, жаһан саясаткерлері оны жеткілікті дәрежеде бағаламаған. Алайда бүгінгі таңда ұйымның саяси салмағы едәуір артты. Бұған 2020 жылы Таулы Қарабақ үшін болған қақтығыста Әзербайжанның үстем шығып, биыл толық жеңгенінің де әсері бар. Бұдан бөлек, ірі мемлекеттер Ресей мен Украина арасындағы, Таяу Шығыстағы соғыстардан кейін Орта Азияға назар аударып қана қоймай, аймаққа ықпал етуге күш салып жатыр. Бұл ретте аймақтағы бес елдің үшеуінің осы ұйымға мүше болуы да дүниежүзінің мойнын бұрғызатыны анық.
БЕРДІМҰХАМЕДОВКЕ АЛҒЫС
Мемлекет басшысы ТМҰ саммитінің қарсаңында Түрікменстан Халық Маслихатының төрағасы Гурбангулы Бердімұхамедовпен кездесті. Қасым-Жомарт Тоқаев Түркі мемлекеттері ұйымының Х саммитіне өзі арнайы қатысқаны үшін Гурбангулы Бердімұхамедовке ризашылығын білдірді.
«Қазақстанда Сізді Түрікменстанның көшбасшысы, заманымыздың көрнекті мемлекет қайраткері ретінде таниды. Сіз Қазақстан мен Түрікменстан арасындағы ынтымақтастықтың дамуына зор үлес қостыңыз. Сондықтан Сіздің осы жиынға келуіңіздің және бүгінгі кездесуіміздің саяси мәні зор деп санаймын. Екі елдің ынтымақтастығын одан әрі нығайту тұрғысынан пысықтайтын ортақ істеріміз бар. Біз – бауырлас әрі көршілес елдерміз. Қазақстан мен Түрікменстан арасында ешқандай түйткіл жоқ. Екі ел бір-біріне қашанда тілеулес», – деді Қасым-Жомарт Кемелұлы.
Гурбангулы Бердімұхамедов өз кезегінде Түркі мемлекеттері ұйымының мерейтойлық саммитіне қатысуға шақырғаны үшін Қасым-Жомарт Тоқаевқа алғыс айтып, екі елдің ынтымақтастығын жоғары бағалады
«Біз осы жылдар ішінде сыртқы саясат, сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық байланыстарымыз бойынша құқықтық база қалыптастырдық. Сыртқы саяси мәселеде Сізге алғысымыз шексіз. Сіз біздің бейтарап ұстанымымызды әрдайым қолдап келесіз. Бұдан бөлек Біріккен Ұлттар Ұйымы құрылымында басшылық қызмет істей жүріп, біздің сыртқы саяси бағдарымыз үшін көп жұмыс атқардыңыз. Сол үшін Сізге алғысымыз шексіз», – деді Бердімұхамедов.
ТҮРКИЯНЫҢ 100 ЖЫЛДЫҒЫН ҚҰТТЫҚТАДЫ
Қасым-Жомарт Тоқаев: «Түркі халықтарының қасиетті қара шаңырағы – Қазақстанға қош келдіңіздер! Ең алдымен, бауырым Режеп Тайып Ердоған мырзаға және барша түрік ағайындарға Түркияның 100 жылдық мерейтойы құтты болсын дегім келеді.
Анадолының ғасырлық шежіресі биік белеске, зор жетістікке толы. Ұлы тұлғаларының арқасында бүгінде Түркия бүкіл әлемге ықпалы бар қуатты мемлекетке айналды», – деді.
ӘЗЕРБАЙЖАН ДА ҚҰТТЫҚТАУСЫЗ ҚАЛМАДЫ
Саммиттің ашылуын жасаған Қазақстан Президенті Әзербайжанды территориялық тұтастығын қалпына келтіруімен құттықтады.
«Қадірлі Ильхам Гейдарұлы Әлиев мырзаны және Әзербайжан халқын ел іргесін бекемдеуімен құттықтаймын! Сіздің еліңіз аумақтық тұтастығын қалпына келтіріп, дамудың жаңа тарихи дәуіріне қадам басты. Осы тарихи қадам Біріккен Ұлттар Ұйымының Жарғысына және Қауіпсіздік кеңесінің қарарына сәйкес жүзеге асты», – деді.
Сонымен қатар, Ұйымның қазіргі төрағасы Өзбекстан Президенті, Шавкат Мирзиёевке түркі елдерінің ынтымақтастығын нығайтуға зор үлес қосқаны үшін ерекше алғыс айтылды.
БІЗ БАУЫРЛАС ЕЛДЕРДІҢ БІРЛІГІН БЕКЕМДЕЙ ТҮСТІК!
«Қазақстанның бастамасымен құрылған Түркітілдес мемлекеттер ынтымақтастығы кеңесі қазір толыққанды беделді халықаралық ұйымға айналды. «Түркі әлемінің келешегі – 2040» атты құжат бекітілді. Ең бастысы, бауырлас елдердің бірлігін бекемдей түстік. Ортақ құндылықтарымызды төрткүл дүниеге таныттық. Біз бабалар өсиетін орындап, түркі елдерінің ынтымағын нығайтып келеміз.
Ендігі мақсат – өзара сенімге және бауырластыққа негізделген бірлігімізді сақтап, өскелең ұрпаққа табыстау. Түркі әлемі жаһандық ықпалы бар елдермен тең дәрежеде қарым-қатынас жасап отыр. Басқа мемлекеттер біздің ұйымның ұстанымдарына баса мән беретін болды. Сондықтан, түркі халықтарының ықпалдастығын арттыра түсу – бәрімізге ортақ міндет», – деді Тоқаев.
Бүгінгі саммитке қатысушы мемлекет басшыларының барлығы дерлік жекелеген баяндамалар жасамақ. Мәртебелі меймандардан кейін Қазақстан Президенті негізгі баяндамасын жасайды деп күтілуде.
ПАЛЕСТИНА ДАҒДАРЫСЫ: ТОҚАЕВ ПЕН ЕРДОҒАННЫҢ МӘЛІМДЕМЕЛЕРІ
Әлем жұртының аңдып-қарап отырғаны Қазақстан және Түркия басшыларының мәлімдемесі болмақ. Ұзын-құлақтан жеткен ақпарат бойынша, Астанадағы самммиттің мінберінде Түркия Президенті Ердоған Палестина дағдарысына қатысты даулы мәлімдеме жасамақ.
Түркия басшысының осыған дейін 1,5 млн адам жиналған Ыстамбұлдағы Палестинаны қолдау акциясына қатысып, бірсыпыра мәлімдеме жасағаны белгілі.
Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев та Палестинаға қатысты мәлімдеме жасамақ. Қазақстан осыған дейін Израиль-Палестина дағдарысына қатысты өз позициясын жариялаған. Қазақстан ұрыс қимылдарын тоқтатып, дауды бейбіт болмен шешуді ұсынған. Ол үшін БҰҰ алаңында «екі халық - екі мемлекет» формуласын пайдалану керектігін айтқан.
Бүгін Астанадағы Түркі мемлекеттері ұйымының 10-шы саммиті аясында маңызды мәлімдемелер жасалып, бірқатар құжатқа қол қойылды.
Ақорда таратқан ақпаратқа сәйкес, қол қойылған құжаттардың тізімі төмендегідей:
1. Астана Актісі;
2. Түркі мемлекеттері ұйымы 10-шы саммитінің декларациясы;
3. Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёевті «Түркі әлемінің ең жоғарғы орденімен» марапаттау туралы мемлекеттер басшыларының шешімі;
4. Түркі әлемінің қаржы орталықтары мәртебесін беру туралы мемлекеттер басшыларының шешімі;
5. Түркі ынтымақтастығы ұйымдарының жаңа туларын қабылдау туралы шешім;
6. Тағайындаулар туралы мемлекеттер басшыларының шешімі;
7. Экономикалық ынтымақтастық ұйымына Түркі мемлекеттері ұйымының байқаушы мәртебесін беру туралы шешім;
8. 6 ақпан – Табиғи апаттар құрбандарын еске алу және Түркі мемлекеттері ұйымының ынтымақтастығы күні деп бекіту туралы шешім;
9. Түркі мемлекеттері ұйымы Хатшылығының бюджетін басқару ережесі туралы шешім;
10. «Түркі мемлекеттері ұйымы Тұрақты өкілдері жөніндегі ережені» әзірлеу туралы шешім;
11. Түркі мемлекеттері ұйымына мүше мемлекеттердің тиісті мекемелері арасындағы метрология саласындағы ынтымақтастық туралы хаттама;
12. Түркі мемлекеттері ұйымының 2023-2027 жылдарға арналған көлік байланысы бағдарламасын іске асыру жөніндегі бірлескен іс-шаралар жоспары (жол картасы).
Mezgil.kz