Ливия мен Ресей арасындағы соңғы екі айда байланыс артқан. Анығы Ливия жеріндегі генерал Хафтар мен Ресей әскери билігі арасында бірнеше келіссөз өткен. Халиф Хафтар Ливия жеріндегі азамат соғысына қатысушы және бірнеше аймақты өз бақылауында ұстап тұр.
Екі ай ішінде Ливиядағы Хафтардың бақылауында тұрған аймақтарында Ресейдің әскери нысандарын орналастыру туралы келісімдер жасалу үстінде. Шығыс Ливияда жақын аралықта Ресейдің теңіз әскери базасы пайда болуы ықтимал. Бұл туралы The Wall Street Journal жазды. Араға уақыт салып ақпаратты Bloomberg басылымы да растады.
Соңғы айда Хафтар Ресейдің қорғаныс министрі Сергей Шойгумен, оның орынбасары Жүніс-Бекпен кездесу өткізген. Ал қыркүйек айының соңында Путиннің өзі Халиф Хафтарды Мәскеуде жеке қабылдаған болатын. Хафтармен кездесу барысында Путин басты тақырып Ливия халқына гуманитарлық көмек көрсету екенін айтса да, шындығында әскери әріптестікті арттыру мәселесі талқы болған-ды.
Ресей Ливияда әскери база ашуды бұрыннан ойластыруда. Каддафи дәуірінде де бірнеше мәрте келіссөз өткен болатын. 2009 жылы әлемдік БАҚ беттерінде тіпті «әскери база салу мәселесі саяси деңгейде келісіліп, шешілді» деген ақпарат та тарады. Алайда шешімді іске асыру мүмкін болмады. «Араб көктемі» және оның араб елдеріне салдарынан бірнеше мемлекетте азамат соғысы басталды. Ливияда 2011 жылы басталған азамат соғысы әлі жалғасуда.
2016 жылы генерал Хафтар Мәскеуге екі мәрте сапарлап барып, Ресей билігінің өкілдерімен кездесу өткізді. Мәскеу Хафтарға Сирия аумағынан қару жеткізді, алайда өтеміне Ливия билігі Хафтардың қолына өтсе, Ресейдің әскери базасы ашылады деп келісті. 2017 жылдың қаңтарында Ресейдің «Адмирал Кузнецов» ұшақтасушы кемесі Ливияның Тобрук аймағына келіп тоқтады. Кемеде генерал Хафтарға арналған қару бар болатын. Артынша Батыстық БАҚ бұған қатысты өз зерттек мақаласын жариялап жатты.
Сарапшылар Халиф Хафтар мен Ресейдің арасындағы байланыс артса да, қазіргі сәтте Мәскеу үшін Ливияда әскери база ашу тым қымбатқа түсетінін айтуда. Бұл Украина мен Ресей соғысы және Кремльге жасалған халықаралық қысымның артуымен байланысты. Түркияның Ливияда антиресейлік саясат ұстануы және АҚШ-тың Хафтарға қарсы түрлі күштерді қолдауы да Мәскеудің бұл жоспарын қиындата түседі дейді мамандар.
Mezgil.kz