Ресей президенті Владимир Путин Қазақстанға сапары алдында «Казахстанская правда» газетіне көлемді сұхбат беріп, екі ел арасындағы байланыс пен қатынас жайлы айтты. Сол сұхбаттың маңызды тұстарын өздеріңізге аудырып, ұсынып отырмыз.
ҚАЗАҚСТАН МЕН РЕСЕЙ ҚАТЫНАСЫ
«Қазақстан мен Ресей арасындағы қарым-қатынас өзара түсіністік негізінде құрылып, даму үстінде. Біз бір-біріміздің суверенитет, аумақтық тұтастық мәселесін толық мойындай отырып, ішкі ісімізге араласпау прициптерін ұстанып келеміз. Бұл маңызды сұрақтарды 350-ден астам құжатпен, екі ел арасындағы келісіммен бекітіп алдық, соның аясында реттестірудеміз.
Екі ел арасындағы тауар айналымы да өсуде. Өткен жылы 10,2 пайызға артып, 28,2 млрд долларға жетті. Ал қаңтар-тамыз аралығында тағы 7,6 пайызға артып, 18,9 млрд долларды көрсетті. Ресей Қазақстан экономикасына ең көп инвестиция салған елдің бірі. Қазақстанға осы уақытқа дейін 17 млрд доллар инвестиция салдық, ресейлік тараптың қатысуымен Қазақстанда 6 мыңға жуық өнеркәсіп кешені жұмыс істеуде.
Аймақтық әріптестік те артуда. Екі ел арасында әлемдегі ең ұзын құрлық шекарасы жатыр. Ол 7598 шақырымды құрайды. Қазақстан әкімдіктері мен біздің аймақ басшылықтары арасында әріптестік артуда. Бүгінде Ресейдегі 89 субъектінің 76-сы Қазақстан әкімдіктерімен әріптестік орнатқан. Ол сауда-саттық, ауыл шаруашылығы және басқа саланы қамтиды.
Қазақстан жастары орыс тілін үйренуге ерекше ықылас танытуда. Ресейлік білімге ұмтылуда. Бұл жағын да ерекше айта кетуге тиіспіз», - дейді Ресей президенті сұхбат басында. Осылайша Путин кіріспе ретінде география, шекара ұзындығы және экономиканы айта кетті.
ГАЗ, МҰНАЙ ЖӘНЕ АЭС
Қазақстан мен Ресей экономикасы да шикізатқа негізделген. Путин газ, мұнай және энергетика саласына қатысты да пікірін білдірді.
«Бүгінде Ресейдің қуатты «Газпром», «Роснефть», «Лукойл», «Татнефть» сынды компаниялары Қазақстанмен әріптестік орнатып, кен орындарын бірлесе игеру, энергия ресурстарын барлау, оларды өңдеу жұмыстарын атқаруда.
Газ саласындағы әріптестікті арттыру үлкен мүмкіндіктерге жол ашуда. Бұл ұзақ жылдар бойы Ресей мен Орталық Азия арасындағы газ тасымалдау маршруттарының және инфрақұрылымының болуымен де байланысты. 7-қазан күні Қазақстан мен Өзбекстан президентінің қатысуымен ресейлік газды Өзбекстанға жеткізу жобасын іске қостық. Бұл маршрут тек үш елдің ғана дамуына жол ашпай, жалпы Орталық Азияның дамуына ықпал етпек. Алдағы уақытта Түркіменстан билігімен де келіссөздер жүргізуді ойластырудамыз. Олардың осы бір жобаға қосылуы да тараптар үшін тиімді әрі маңызды болмақ.
Ал Қазақстанға келетін болсақ, Ресей Қазақстанның солтүстік және шығыс аймақтарын газбен қамтамасыз етуге дайын. Қазір бұл тұрғыдан бірқатар талқылаулар жүруде.
Біздің елдеріміз мұнай саласында да үлкен келісімдерге ие. КТК құбырының логистикалық мүмкіндіктерін қолдана отырып, әлемдік нарыққа үздіксіз мұнай шығару қалыптасты. Әлемдік мұнай нарығындағы бірқалыптылық пен тұрақтылықты қамтамасыз етуде де екі ел орасан үлес қосуда.
Қазақстан Республикасы атом электр станциясын салуды қарастырып жатқанын білесіздер. Егер бұл жобаны іске асыру туралы шешім қабылданса, онда «Росатом» ең озық, ең жоғары технологияны қолданатын, қауіпсіз болатын өз жобасын ұсынуға дайын. Бұл Қазақстан экономикасына үлкен серпін беріп, энергетикалық тәуелділігін азайтады.
Қазақстан мен Ресей арасында жасыл жнергетиканы дамыту бойынша әріптестікті арттыру да маңызға ие деп санаймын. Ауаға қауіпті газ шашуды азайту бойынша 2060 жылға дейін нөлдік көрсеткішке жетеміз деп ойлаймын. Ол үшін энергетика саласында жаңа технологияларды енгізуді белсенді түрде жүзеге асыру қажет. Басқа форматтағы әріптестіктерді де қарастырып жатырмыз. Жалпы Орталық Азия елдерімен Ресей арасындағы энергетика саласында әріптестік арта беретініне сенімдімін», - дейді Ресей басшысы.
ТРАНСШЕКАРАЛЫҚ ӨЗЕНДЕР ЖАЙЛЫ
Ресей президенті трансшекаралық өзендер мәселесіне де тоқталды. «Екі ел арасындағы қатынаста трансшекаралық өзендер, су көздері маңызды тақырыптың бірі. Қазақстан мен Ресей арасындағы мәдени, экономикалық маңызды өзен Жайық десек болады. Аталмыш өзеннің экожүйесін сақтап қалу үшін Астана мен Мәскеу бірлесе әрекет етуде. Ғылыми орталықтар ашылып, зерттеулер жүргізіліп жатыр. Жайықтың экожүйесін сақтауға қатысты комиссия да құрылды.
Дәл сол сияқты Каспийдің экожүйесін сақтау да маңызды. Су көзінің төмендеуі басты мәселе, ал заңсыз балық аулау экожүйеге соққы жасауда. Сан түрлі балық пен құстың, жануарлардың түрлерін сақтап қалуға басымдық берудеміз. Каспий бұл бес елге ортақ, сондықтан бірлесе әрекет етіп жатырмыз. Басқаша нәтиже көрсету мүмкін емес», - дейді Путин.
ОРЫС ТІЛІ ЖӘНЕ МӘДЕНИ БАЙЛАНЫСТАР
Ресей президенті Путин екі ел арасындағы мәдени байланысқа қатысты да пікір білдірді.
«Қазақстан мен Ресей арасындағы жылы қарым-қатынас біздің тарихи жақындығымызбен де сипатталады. Жыл сайын Қазақстанда Ресей мәдениетінің күндері, Ресейде Қазақстан мәдениетінің күндері өтіп жатады. 2023 жылы Қазақстанда «Орыс маусымы» атты халықаралық жоба өтті. «Астана Опера» театрында салтанатты ашылу шарасы болды.
Білім мен ғылым саласында да әріптестік бар. Қарқынды дамуда. 2022 жылы ресейлік оқу орындарында 60 мыңнан астам Қазақстан студенті білім алды. 2023/2024 оқу жылында біз үкіметтік квота бойынша оқытуды 200 орынға арттырдық. Қазақстанда ресейлік білімнің нышаны саналатын М. Ломоносов атындағы университеттің филиалы ашылды. Оны бітіріп шыққан жастар жоғары білімді, кәсіби маман болады және жұмысқа тұруда еш қиындық көрмейді. Осындай әріптестіктерді арттыра береміз деп ойлаймын.
Қазақстанда Ресейдің өзге де ЖОО филиалдары ашылуда. Көрші елде орыс тіліне деген қызығушылық жоғары. Сондықтан да білім саласындағы әріптестікті арттырып, мектептер салу, білім деңгейін көтеру жобаларына қатысуға дайынбыз.
Орыс классиктерінің туындыларын аударған қазақтың ұлы ойшылы, ағартушысы Абай Құнанбайұлы, «қиындықтан қашып, жақсылыққа жету үшін, орыс тілі мен мәдениетін білу керек» дегені бар. Ойшыл бұл екі құндылықты «өмірдің кілті» деп атаған. Сөзсіз орыс тілі бұл біздің ортақ құндылығымыз. Ресей мен Қазақстан арасындағы әріптестікті, татулықты сақтау кепілі. Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа Халықаралық орыс тілі ұйымын құру бастамасы үшін алғыс айтқым келеді.
ТОҚАЕВПЕН ҚАТЫНАСЫ ЖАЙЫНДА
Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевпен қатынасы жайында да айта кетті.
«Қасым-Жомарт Кемелұлымен біз бірден тіл табысып, достық қатынас орната білдік. Оны бірнеше мәрте айтқан едім. Бұл таңданатын жайт емес. Біз бір кезеңнің ұрпағымыз және өз елдеріміз үшін жауапкершілікті сезіне білеміз. Азаматтарымыздың өмір сүру деңгейін көтеру үшін барлығын жасаудамыз.
Үнемі байланыстамыз. Телефон арқылы сөйлесіп, түрлі форум алаңдарында кездесіп жүрміз. Мұндай жеке қатынастар екі ел арасындағы әріптестіктің жоғары екенін көрсетеді.
Ең бастысы біздің халықтарымыз дос, бір-бірін құрмет тұтады. Сол себепті де мен біздің елдеріміз арасында әріптестік арта береріне еш күмәнданбаймын», - дейді Ресей басшысы.
Mezgil.kz