Путиннің Қазақстанға сапары әлемдік БАҚ түрлінше жосықта сан-саққа жүгіртілуде. Санкция қос өкпесінен қысқан Ресейдің енді оны айналып өту үшін Қазақстанға күні түсті. Бұны бәрі де мойындайды.
Бұл туралы ресми Ақорда: «2023 жылғы 9 қарашада Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың шақыруымен Ресей президенті Владимир Путин Астанаға ресми сапармен келеді. Сапар барысында екі ел басшыларының келіссөздері жоспарланған, оның барысында Қазақстан-Ресей стратегиялық серіктестігінің өзекті мәселелері талқыланады. Сонымен қатар президенттер бейнеконференция байланысы арқылы Қостанайда өтетін Қазақстан мен Ресей арасындағы ХІХ өңіраралық ынтымақтастық форумының жұмысына қатысады», - деп сыпайы, сипай қамшылай ақпарат таратқан. Шын мәнісінде бұл келістің саяси астары тереңде жатыр.
Бұрынғы қазаққа көрсетілген дөңайбат енді ығымызға жығылып, алдап-сулауға көшу тактикасына айналды. Бұл тактика «интеграциялық әріптестік» деп аталады. Осыны алға тарта отырып, Ресей жағы қазаққа бірінші АЭС салып беруге дайын екендігін Путиннің аузына салғызды. Өйткені, Нигерияда төңкеріс жасатқан Ресей Францияны ураннан айырды.
Бұған қарымта ретінде қазанның соңында Франция президенті Эммануэль Макрон елімізге келіп, француз АЭС-ін уранмен қамту жағын шешуге тырысты. Ресейді айналып өтетін сауда кеңістігін өмірге әкелуге септесетіні жайлы өз уәдесін берді.
Осы екі мәселе Кремльді ұйқысынан айырды. Ұжымдық Батыс ендігі жерде Қытайды да, АҚШ-ты да, Ресейді де кәперге ілмей, ОА елдерімен экономикалық әріптестік орнату жолына түскенін Франция президенті Эммануэль Макрон елімізге сапары айқындап берді.
Жоғарыда біз айтқан Батыс салған санкцияны айналып өтуден бөлек, ЕО және НАТО мен Орталық Азияның әріптестік байланыс орнатуының алдын алу үшін Путин Қазақстанға келуге мәжбүр болды. Қырғызстан мен Өзбекстан тауарларын тасымалдауда түркімен жері арқылы Қазақстанды айналып өтетін дәлізді өмірге әкелген Путиннің бізге келуінің өңіраралық форумнан өзге сыры осы.
Айтпақшы, қазақ жағы қарадай шашылып, Қостанайда Қазақстан мен Ресейдің өңіраралық ынтымақтастық форумын ұйымдастыру үшін 13 млрд теңгеге жуық қаражат жұмсамақ.
Біз Ресей президентінің Астанаға сапарлап келуіне қатысты Мәжіліс депутаты Айдос Сарым мырзадан пікір сұраған едік.
БІЗ ҚАШАН ДА ҰЛТТЫҚ МҮДДЕ ТҰРҒЫСЫНАН ҚАРАУҒА ТИІСПІЗ!
(Сурет Парламент тсайтынан алынды)
Айдос Сарым, Мәжіліс депутаты:
- Бұл – дәстүрлі түрде жыл сайын өтетін шекаралас аймақтар арасындағы ынтымақтастықты кеңейту туралы кеңес. Барыс-келіс Елциннің кезінде басталған, содан бері, міне, он тоғызыншы отырысы болайын деп жатыр.
Кеңеске негізінен Мемлекет басшыларымен қатар, Үкімет басшылары, министрлер және шекаралас аймақтардың жетекшілері қатысады. Онда өзара ынтымақтастық, арадағы мәселелерді шешу (болса, әрине), жаңа инвестициялық немесе басқа жобаларға жол ашуып келісімшарттар жасасу, нақты кәсіпорындарды байланыстыру, т.б. экономикалық ынтымақтастыққа қатысты түйткілдер талқыланады.
Біз бір нәрсені түсінуіміз керек. Ресей – біздің жауымыз емес, алпауыт көршіміз. Жеті жарым мың километр ортақ шекарамыз бар, айналымы 20 миллиардтан астам қаржыны құрайтын экономикалық байланысымыз бар, елімізде 3 мыңнан астам орыс диаспорасы тұрады – осының бәрін есепке алсақ, олармен санасуға тиіспіз. Ал ол кіммен қақтығысады, бұл – Ресейдің және қақтығысып жатқан тараптардың мәселесі. Біз қашан да ұлттық мүддеміз тұрғысынан, еліміздің тыныштығы мен тұтастығы тұрғысынан қарауымыз керек.
Мен РФ президентінің Қазақстанға ресми сапары нәтижесінен еліміздің экономикалық ұпайының артқанын күтемін. Мүмкіндігінше жаңа кәсіпорындар мен жұмыс орындары ашылып жатса, біздің өнімдер Ресей де көбірек сатылып, одан түскен салық бюджетімізге түссе, одан тек ұтамыз деп ойлаймын.
Mezgil.kz