2005 жылы ЕО-ға мүшелікке дәмелі болған Түркияның үміті кесілген-ді. Ал, Балтық бойы елдерінің ЕО-ға мүше болуын тарихи заңдылық деп қабылдық. Бірақ бұрынғы КСРО құрамында болған үш республиканың ЕО-ға мүше болуға талпынысы 30 жылдам астам уақытқа созылып, өзінің нүкте қояр сәтіне енді жеткендей болды.
Украина Еуропа Одағына мүшелікке өтінішті Ресеймен арадағы соғыстан кейін іле-шала берді. Ал, 2022 жылғы маусымдағы ЕО басшыларының саммитінде Гүржістанды кәперге ілмей, Украина мен Молдоваға мүшелікке үміткер мәртебесі берілді. Сарапшылар толық Еуроынтмақтастыққа қол жеткізу үшін Украинаға берісі 10, арысы 20 жыл қажет дегенді алға тартқан еді сол кезде.
Жақында Еурокомиссия Украинаның Еуроодаққа мүше болуы үшін ресми келіссөздерді жүргізуге өз рұқсатын берді. Бірақ Брюссель өз тарапынан Киевке алдын ала шешіп алуға тиіс 7 талап қойды. Соның ішінде, сыбайлас жемқорлықты жою және ұлттық азшылықтың тілдік құқығын сақтау бар.
Бұл тілдік құқықты Венгрия енгізді. Осы елдегі мадиялар тілдік қысымға ұшырап жатыр дегенді алға тартып, өз талабын енгізе білді. Ресейлік БАҚ бұл талаптың өңін айналдырып, «Венгрия Украинаға жер талабын қойды» деп біраз даурыққаны да белгілі.
Осы жолы Еурокомиссия Ресейдің геосаяси сағын сындыру үшін Украина мен Молдованы өз құрамына қабылдау процесін бастауға құлықты екенін танытып, Гүржістанға үміткер мәртебесін берді. Сыртқы істер және саяси қауіпсіздік бойынша ЕО Жоғарғы өкілі Жозеп Боррель Украина мен Молдово жұртшылығын құттықтап, Гүржістанға мүшелікке үміткерлікке қатысты көмек қолын созуға дайын екенін мәлімдеді.
Еурокомиссия басшысы Урсула фон дер Ляйен осы айтулы оқиғаға қатысты:
«10 жыл бұрын Майданда қарсыласу орын алған еді. Осы Майданда адамдарды Еуропа туын жамылғандары үшін оқ астына алды. Енді, міне, соның бодауына тарихи сәт туып, бүгін Еурокомиссия Украина мен Молдованың ЕО-ға мүше болып қабылдануының келіссөздері процесін бастауды ұсынады», - деп атап өтті.
Брюссель өзінің Еуроодақтың одан арғы даму болашағы туралы 150 беттік құжатын таратты. Онда «Украина жемқорлықты тежеп, саяси өміріндегі олигархтардың ықпалын ауыздықтап, ұлттық азшылықтың тілдік құқығын сақтауға қол жеткізіп, тәуелсіз сот жүйесін құра білуге талпыныс жасай бастады» деп атап көрсетілген.
Украина вице-премьері Ольга Стефанишина «Euronews» телеарнасына берген сұхбатында ЕО қойған аталған талаптардың толықтай ретке келтірілетінін алға тартып: «Посткеңестік өтпелі дәуір тудырған олигархтар дәурені өзінің өмір сүруін тоқтады. Біз осы ықпалды еңсерген ел атануымыз үшін әлі талай нәрсені істеуге тиіспіз. Кері шегінуімізге жол жоқ», - деді.
Украина 2022 жылы маусымда, Ресейдің баса көктеп енгені жылы үміткер мәртебесін иелеген еді. Дәл сол сол кезде бұндай мәртебеге Молдова да ие болған-тын. Бұл туралы Президент Мая Санду: «Молдова ЕО-ға мүше болуға белін бекем буды. Біз осы алған бетімізден еш қайтпай, қайсарлықпен алға жылжимыз», - деп жазды.
Украина Президенті Владимир Зеленский де қуанышын жасыра алмай, «біз айтқан сөзімізде тұрамыз» деп шатана мәлімдеді.
Еурокомиссия Гүржістан кең көлемді реформалауды жолға қоя алса, мүшелікке үміткерліктің ауылы алыс емес деген емеуірін танытты.
Mezgil.kz