Таяу Шығыстағы Израиль мен ХАМАС арасындағы ұрыс қимылдары жалғасуда. АҚШ Израиль мен Украинаға бір мезетте көмек көрсету мәселесін талқы етуде. Әзірге көмекті екі одақтас әрі серіктес елдерге жеткізу қиындық тудыруда. АҚШ Конгрессінде Израильге көмекті бірінші беріп, артынша Украинаға көмек беруді кешеуілдету мәселесі сөз болып жатыр. Осы ретте сарапшылар «Қытай билігі АҚШ-тың екі шепке бірдей көмек беруі қиындай түссе, үшінші шепке көмек беруі тіпті қиын болмақ» деген сигналды алуда деген болжам жасауда. Бұл Қытай билігінің Тайуань мәселесін күшпен шешуге шешім шығаруы мүмкін дегенді білдіреді.
Соңғы аптада Тайуань сарапшылары талқы жасап, «жақын жылдары Қытай әскері аралға сөзсіз шабуыл жасайды» деген тоқтамға келді. Қазіргі сәтте Тайуань әскері болуы ықтимал соғысқа дайындалуда. Ел билігі де азық-түлік қоры, медициналық қажеттіліктермен қоймаларды толтыру, бомбадан сақтану бункерлерін жабдықтауды бейресми іске асыруда.
Тайуань теңіз күштерінің кәсіби адмиралы Ли Симинь алда болуы ықтимал соғысқа қатысты пікірін білдірді. Ол ұзақ жылдар бойы теңіз күштеріне басшылық етіп, сүңгуір қайықты басқару қызметінде болды. Бас штабты басқарып, қорғаныс министрінің орынбасары қызметін атқарды. Әскерді модернизациялау және реформалау ісімен айналысты. Ли Симинь бүгінде Вашингтондағы сараптамалық орталықтардың бірінде қосымша сарапшы болып жұмыс істейді. Ол Қытай мен Тайуань арасындағы болуы ықтимал соғысқа қатысты жапондық «Никкэй» журналына сұхбат берді.
Ол Тайуаньды Қытай әскері жылдам басып алуға тырысатынын айтты. «Қытай үшін жылдамдық бұл соғыста ең маңызды болмақ, себебі АҚШ әскері көмекке келіп үлгермеуі тиіс» дейді ол. Оның ойынша Жапония, Оңтүстік Корея, Гуам аралдары мен Гауайда тұрған АҚШ-тың қазіргі күштері Қытай әскерін тоқтатуға жеткіліксіз. Ал маңызды күштерді жасақтап, жеткізуге кемі екі-үш апта уақыт кетеді.
Адмирал Ли Тайуань әскері кемі үш апта қорғана алатын әлеуметке ие болу қажеттілігін айтты.
«Қытай әскері соғыс бастаған жағдайда, алдымен стратегиялық маңызға ие нысандарды, оның ішінде әуе қорғаныс жүйелері, теңіз флоты, әуежайлар мен басқару штабтары, әскери қоймаларды зымыранмен атқылап, артынша десанттық операцияны өткізуге тырысады. Соғысты аса жойқын соққыдан бастайды. Танктер, авиация, кемелер мен зымыран кешендері соғыстың алғашқы сағатында негізгі соққы нысанына айналады. Олар бұл нысандарды жылдам жойып жіберуі мүмкін, сол себепті бізге ең алдымен аса қуатты әуе қорғаныс жүйелері қажет», - дейді ол.
Адмирал Симинь аралды қорғауда бірнеше ірі әскери бөлімшеге қарағанда, кіші топтардың маңызы жоғары болатынын айтуда. Бұл ретте Украина соғысындағы Киевтің бірқатар тәжірибелерін де алуға болады деген ойда. Кіші топтар қарсыластың десанттық күштеріне, тікұшақтар мен десант тасушы кемелеріне соққы жасай отырып, түрлі маневр ұйымдастыруға қабілетті болмақ.
Сарапшы Қытай десанттық күштерін аралға кіргізбеу үшін барынша қарсыласуды ұсынуда. Алайда шабуылды тойтару қиындай түссе, партизандық соғыс тәсіліне көшу керектігін айтты. «Тайуань аралының таулы аймақтары айлар бойы партизандық соғыс жүргізуге ыңғайлы және Қытай-Жапон соғысында да ол нақты көрінді» дейді ол.
Әлемнің әскери сарапшылары Қытай мен Тайуань арасында соғыс басталса, бұл ауқымды қақтығысқа ұласып, АҚШ-тың тікелей соғысқа қатысу қаупін арттыратынын айтуда. Ал экономика саласының мамандары мұндай соғыс әлемді бұрынсоңды болмаған дағдарысқа әкеледі деп болжауда.
Mezgil.kz